«Жаздым «Қазақ айнасын», ел көрсін деп пайдасын»

Абайдың шәкірті әрі қаракөктің тұқымы, тумысынан затты Шәкәрім әмбебап тұлға. Ол – ойшыл, деректанушы, шежіретанушы, композитор, романшы, дастаншы, саф таза толғауларды туындатушы, тәржімашы, мәдениеттанушы, көсемсөзші, психолог, тәлімгер, ел басқару өнерінің білгірі, мерген, құсбегі, қолөнерші. Яғни, Абайдың кемеңгерлік ақыл-кеңестерін бойына мықтап сіңірген, қаруланған ересен қабілеттің иесі. Бұған қоса есті қауым мен өнерлі ортада өскендігі тағы бар.

Шәкәрімге Абайдың ықпалы, ақылы қандай болды дегенде Ахат Шәкәрімұлының (1900-1984) бұлтартпас деректеріне жүгінген абзал. Шәкәрімнің баласы Ахатқа айтқан жан сырлары мынадай:

«Абай Шәкәрімнің жасынан домбыраға құмарлығын байқап, күздің басында, керей руынан шыққан атақты домбырашы – Біткенбай деген адамды шақыртып алып, Шәкәрімге күй үйретуді тапсырады. Бір жылға тақау, ел жайлауға шыққанша, Біткенбай Құдайбердінің ауылында болып, Шәкәрім одан – «Саймақтың сары өзені», «Алшағырдың ащы күйі», «Асан күйі», «Ала байрақ», «Кертолғау», «Азаматқожа», «Теріс қақпай», «Ақсақ құлан», «Ақпан күйі», «Аққу зары», «Бозінген», «Ақсақ тоқты», «Боз айғыр», «Қара жорға», «Қорқыт сарыны», «Қорамжан», «Жетім қыздың зары», «Әсірқалша» сияқты көптеген қазақ күйлерін үйренеді. Ел жайлауға шығып, кереймен біздің ел беттесіп келгенде, Дәметкен Біткенбайға көйлек, шапан кигізіп, сауынға бір сиыр айдатып, бір бесті ат мінгізіп қайтарады. Шәкәрім: «Менің домбыра ұстазым – Біткенбай, оны тауып алдырып беруші – Абай» – дейтін әркез».

* * *

Абай Шәкәрімнің тұлғалық қасиеттерінің яғни рухани көшбасшылық, зиялылық, жауапкершілік, терең ойшылдық-ғұламалық, табандылық, жауаптылық, үйретушілік, сенімділік, қырандық, бір мезетте бірнеше істі атқарушылық тәрізді ұстанымдарды қалыптастырған. Абай өнегесі мен тәлімін жан-тәнімен, сай-сүйегімен ынтығып қабылдаған Шәкәрім: «Мені Абай тәрбиеледі. «Абай болмағанда, мұндай болуым неғайбыл еді» – дегені әрі кісілік, әрі кесектік.

Абай бар білімін, тәжірибесін, жиған-терген қазынасын, асыл ойларын өзгеден қызғанбаған, барынша ортаға салып, бөліскен. Шәкәрімнің айтуынша, Абай шәкіртіне қарата «Шәкірті ұстазынан асса, оған ұстазы қуануға керек» дейді екен.

Шәкәрімнің энциклопедиялық білімі мен шығармашылық  өмірбаяны жайынан Ахат ақсақал әкесінің ғылыми және әдеби-тарихи әлеуетінен нақтылы мәліметтерді баяндаған:

«Қазақ шежіресін жазбақ болады. Ол үшін Табаридің – «Тарих ғумими», «Тарих ғұсмани», «Тарих Интишар ислам», Нажім Ғасымбектің – «Түрік тарихы», Абылғазы баһадүр хан жазған «Шежіре Түрік», Радловтың «Ойғыр туралы», Аристовтың «Түрік нәсілі туралы», дүниедегі әр түрлі жұрттың шежірелерінен: Түріктің ең ескі замандағы шежіресі – «Құтадқу білік», «Кошо-қайдам», Қытайдың – Юан-Шау-Ми-Ши деген тарихшысының жазғанын, парсы, Рим, Европа жазушыларының жазғандарын оқиды. Сүйтіп, қазақ шежіресін жазады. Қазақтың лұғатын жазбақ болады. Қазақтың бай ауыз әдебиетін, эпостық әңгімелерін, мақал-тақпақтарын, мәнілі сөздерін жинайды. Қазақтың мақал-мәтелдерін сынап, оларды құрып, «Қазақ айнасының 2-бөлімі» – деп жазады. Эпостық – «Қалқаман-Мамыр», «Еңлік-Кебек» уақиғаларын өлеңмен жазады. Өлеңдер жинағын «Қазақ айнасы. 1-бөлім» деп жазып бастырады. Бұлар ерте кезде жазғандары».

Сондай-ақ: «Білімді алаңсыз қууына ең алдымен ағасы Абай себепші болған» деп жазады Ахат Шәкәрімұлы және «Абай маған: «Сен ел ісіне кіріспе, тек біліммен шұғылдан» – дейтін» деген лебізін келтіреді.

Тағы да Абайдың «Әкімшілік қолында болған адам елді жемей, қиянат қылмай, партия, дау-жанжалға кіріспей отыра алмайды. Кіріскен адам ардан айырылады, білім қуудан қалады» дейтін кеңесін Шәкәрім жадына, көкейіне мықтап тоқыған.

Абайдың ғылыми ортасы мен білімпаздармен қарым-қатынасы турасында бірегей айғақтар айтылған.

«Абай менің бетімді түзеп, адам болып шығуыма өтелмес еңбек сіңірді. Бір жылы біздің Жонды аралап шығуға орыс инженері келмек болды. Абай землемерге мені қосты, әрі орыс тілін үйрен, әрі өнерін үйрен деп. Мен ол адаммен үш айдай бірге жүріп, жер өлшестім. Осы үш айдай күнім – жылдай болды. Землемер менің шала білетін орыс тілінде дұрыс сөйлеуге үлкен көмектесті. Және мен оның үйретуімен тік үш бұрыштың есебін үйрендім, алыс екі төбенің арасын, не таудың басын төмен тұрып қалай өлшеуді үйрендім. Демек, геометрия заңдарын үйрендім. Тастардан металдар шығатын әдістерін, белгілерін байқадым. Ол адам кетерінде маған көп өлшеу құралдар берді, дүрбісін беріп кетті, бұ да Абайдың арқасы. Долгополов, Михаэлис сияқты Абайдың достары келгенде Абай мені шақыртып алатын. Мен олардың аса қымбат сөздерін, бағалы кеңестерін, ақылдарын зердеме алып, сан естідім. Долгополов пен Михаэлистердің социология ғылымы жайында айтқан әңгімелері, ақыл-кеңестері күні бүгін ойымнан шықпайды, маған үлкен сабақ болды. Батыс-шығыстың ескі замандағы ойшылдары, жазушы-ақындарымен танысып, оқуыма да Абай себеп болды. Ғылым іздеп, қалаларды аралауыма Абай себеп болды. «Мұсылмандық», «Түрік-қырғыз» шежіресін «Қалқаман-Мамыр», «Еңлік-Кебекті» жазуыма көп көмек берді» – дейтін». Есті кісіні зиялы орта асқақтатады. Естіп, көрген, зердесіне тоқыған дегеніңіз сарқылмас қазына ғой.

«Мен, – дейді Шәкәрім, – Жайлауда Абай ауылына бардым. Үйде Абай тұрғылас ақсақалдар толып отыр екен. Мен сәлем беріп кіргенде Абай: «Кімді айтса, сол келеді дегендей, Шәкәрім, келгенің жақсы болды. Мен мына ақсақалдарға айтып отыр едім. Мен етек басты болып, білім қуа алмай қалдым. Сол көксеген арманымды Шәкәрім арқылы орындаймын деп, саған білім қуғызатын болдым! Адам қырық жасына дейін білім жинап, қырық жасында кәміл толады, ақыл-ойы, жігер-қайраты жетіледі. Енді үш жылға дейін орыс тілін үйрене бер. Бар қаражатың менің мойнымда, сен осыған дайындал. Кәне, осыған келісесің бе?» – деді. Мен: «Барлық қаражат сізден болса, білім алуға барайын. Бірақ, қай жерге барамын?» – дедім. Абай: «Афин-Грек білімі Стамболға жиналған, содан табылады. Араб білімі: Меккеде, бірақ, менімше Меккеден гөрі Мединадан көбірек табылуы керек. Және Мысырдағы Александр атындағы кітапханаға барасың. Осы төрт жерге барып, тарихи орындарды аралап, керек кітаптарыңды алып, біліміңді толықтырып қайтасың. Сатып алатын кітаптарыңа, жол қаражатыңа жетерлік пұлды өзім берем. Осыған келіссең, қолыңды әкел – деп», қолын ұсынды». Мінеки, Абайдың дүниенің төрт бұрышын жетік таныған, жердің түбіндегі құпия сыр-хабарларды бақылаған, зерделеген, «қараңғы перденіңар жағындағы мәліметтерді зерттеп» көрсеткен. Мұндай қасиет «Ғайып ерендердің ең жоғары дәрежелісі» Құтбқа (яғни, Пайғамбар аяндарының құпия мағынасының білгірі, оның білімі Тәңірінің өзінен, мекені Мекке бұйырған. (Бекасыл әулиенің пайымдауы). Сол себепті болжампаздықта мыңжылдықтың тарихы бар. Көрегендік, көсемдік Абайға да тікелей қатысты.

Шәкәрім айтады: «Сүйтіп, 1905 жылдан 1906 жылға қарсы күзде жүріп кеттім. Абайдың ақырғы кеңесі – осы сапарым менің көзім ашылып, адам қатарына қосылуыма үлкен себебін тигізді. Сол сапарда, неше ұлттың ғалымдарымен сөйлесіп, пікір алысып, керек кітаптарды алдым. Ол кітаптарды посылка етіп, Семейдегі Әниярдың атына жіберіп отырдым. Стамболда тарих қорларын сақтайтын орындарда болып, ары бара жатқанда 13 күн тарих ақтардым. Ертедегі Шығыс ақын-жазушы, ойшылдарының шығармаларын түгелдей алдым. Гомерден бастап Грек халқының ойшыл-философтарының шығармаларын, Батыс философтарының шығармаларын, ертедегі Түрік ғалымдарының жазған шығармаларын, әр елдің лұғаттарын, Америка жазушыларының шығармаларын алдым. Демек, менің бұл сапарым көкірек көзімді ашып, аңсаған арманыма қолым жеткен сапарым болды! Бұ да Абайдың маған ақыл-кеңесінің жемісі. Стамболдан Меккеге бардым, оның тарихи орындарында болып, көп қажеттерімді таптым. Мединаға бардым. Одан Араб халқының ескі замандағы Мұхаммед пайғамбардан 200 жылдай бұрын болған Абу Суфиян сияқты ғалымдардың шығармаларымен танысып, кітаптарын алдым. Бірақ, Мысырдағы (Египеттегі) Александр атындағы кітапханаға бара алмадым. Меккеде сол кітапханада көп жыл істеген ғалымға кездесіп, менде жоқ ғалымдардың шығармаларын жазып алдым. Қайта қайтқанда бізден ауру шығып, бір айдай Стамболда жатып қалдық. Мен доқтырмен келісіп Стамболдың тарихи орындарын тағы ақтардым. Үнді, Парсы ғалымдарымен пікір алыстым. Ең аяғы Түрік музыкантынан нота жазуды үйрендім. Парсы тілін жетік білетінімнің арқасында Парсы, Үнді доктырларымен сөйлесіп, емдеу тәсілдерінің көбін үйрендім» – дейтін». Бұндағы адамзат ғылымы, өнері, мәдениеті тарихындағы бірегей шығармаларды тауып оқығаны және ғұламалармен сұхбаттасуы (мысалы, дәрігерлермен), нота жазуды, емдеу тәсілдеріне қанығуы – Шәкәрімнің оқымыстылық келбетін танытады.

Шығыс әдебиеті хақындағы кемел білімін айтар болсақ, онда ұлт суреткері Мұхтар Әуезовтің биік бағасы мынадай: «Бір күні Мұхтар: «Сол Шығыс ақындарының ішінде ең күштісі қайсысы?» – деп сұрағанда әкей: «Олардың бәрі де шебер, нәзік-көркем жырдың иелері, шешен тілді ақындар, маңызды әңгімелерді жазушылар. Бұларды Батыстың ойшыл-ақындары да мақтаған: бірінен-бірін артық-кем деу қиын. Солардың ішінде Ғафиз (Хафиз) – «Ниссан-ил-ғайып» атанған: «Оның тілі ғайыптан келген», – деген мағынада». Тілге өте шебер ақын болған деп Ғафиздың өлеңдерін айтып, оқып, аударып беретін. Шайх Сағади да қызықты, мазмұнды әңгімелерге шебер жазушы болған деп, оның да бірнеше қызықты әңгімелерін айтып беретін. Солар сияқты Науаи, Фердаусилардың да не жазған, не дегенін айтып-әңгімелеп беретін. Бұл жайт әрқашан болып тұратын. Мұхтар әкеймен жиі келіп әңгімелесетін. Қыста да Мұхтар мен арқылы әкейге хат жазып, керекті сұрақтарына жазба түрде жауап алып тұратын. Кейінде Мұхтар марқұм айтатын: «Сол кезде Шығыс әдебиеттерінде Шәкәрімдей жүйрік адам көргем жоқ. Шығыс әдебиетіне берілуіме себеп болған ұстазым Шәкәрім!».

1960 жылдың 25 қыркүйегінде Мұхтар Әуезов Шолпан-Атадағы үйінде кеңестік идеологияның қыспағында жүрсе де Шәкәрім, Макс Кучинский, Қошке Кемеңгерұлы хақында жүрек төріндегі естеліктерін есілтіп-төгілтіп жеткізеді. (Ысқақ Дүйсенбаев естелігінен).

Абайдың ілімін ту ғып ұстаған Шәкәрімнің өміріндегі, өнеріндегі қағидасы мынау: «Біздің заң – ар жолы, билікті ардан, адамшылықтан аттамай, тура айтамыз», – дегендей сөздер екен.

«Абай екеуміз әңгімелесіп отырғанда, өлеңнің қанша буында жазылатынын айтыстық. Сонда, ең көбі 11 буын болады екен, 8-4 буынды да өлең жазылады екен. 10 буынға өлең жазылмайды екен. Мен үйге келіп 10 буынға өлшеп, өлең жаздым. Бірақ, өлеңнің 1-ші жолы мен 3-ші жолы, 2-ші жолымен 4-ші жолы ұйқасатын болса да, оқығанда қара сөз болып кетті. Содан, әуреленіп жүріп, әнмен айтылуға келтірдім» – деген болатын».

Шәкәрім Құдайбердіұлы «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» кітабында «Ибрахим мырза… мұсылманша һәм орысша ғылымға жүйрік һәм Алланың берген ақылы да бұл қазақтан бөлек, дана кісі еді» деп, өте әділ бағалаған-ды. Яғни, қазақтың ақыл-ойы тарихындағы төтенше құбылыс, Жаратушының сыйы, кемеңгерліктің айнасы.

Қазақ халқының шынайы рухани тарихында Шәкәрімнің шығармашылық өнерін өзгеше құбылыс деуге лайық. Ақын жырлары – жан, жаратылыс, замана турасындағы ой-толғамдарын, ішкі сырлары мен күйлерін, зар-мұңын, өксік-өкінішін, усойқысын бүкпесіз жайып салады. Әрі ақыл-ой мәдениетін, саналылықты, тазалықты, парасаттылықты шырқау биікке көтеруді көксейді. Сондықтан оның ойлы, уытты өлеңдері өскен ортасының, уақыттың, халық өмірінің айнасындай.

Шәкәрім Құдайбердіұлы ұлт руханияты кеңістігінде құс жолындай жарқыраған Абайдың ақындық дәстүрін әрі мағыналы, әрі толық жалғастырған, өз жолын тауып, өзіндік өрнектерімен өркендеткен өрелі тұлға. \ұлы Абайтанушы М.О.Әуезов айқындаған Абай өнерпаздығына тән қасиет-сипаттар: мінез түзететіндік (ахлах), тереңнен толғайтындық (пәлсапа), сыншылдық (критика), суреткерлік (художественность), жүректің мұң-зарын, сырын тапқыштық (лирика), ащы тілдік, ызамен күлетіндік һәм керемет аудармашылық Шәкәрімге де дарыған және әдебиетшілік ортақ белгілер еді.

Дархан дарын өлең құрылысының табиғатын түбірінен қозғаған ақын, оның ішкі ағыстарын, қозғалыстарын түбегейлі құбылтып, алуан сырлы сипатта толқытып түрлендірген төтенше жаңашылдығымен көзге түседі.

Шәкәрім поэтикасы – мақсатты, саналы ақындық санадан, ойшыл, қуатты, мәнді толғаныстардан нәрленіп қоректеніп, сөз бейнелілігінің жасауларымен мұздай киініп туған. Бұл тұстарда Ш.Құдайбердіұлының ақындық әлемі мен шеберлік сырларын, көркемдік таным иесінің ойлау жүйесін таразылау, тереңіне үңілу оңай шаруа емес.

Ақын ана тілінің бейнелілік, суретшілдік қуатын сұңғылалықпен сезініп, ішкі мүмкіндіктерін, ішкі ағыс-астарларын, қыртыс-қабаттарын мейлінше молынан аша алған. Оның интеллектуалдық мәдениеті, өнерпаздық қабілеті, өмірлік, көркемдік тәжірибесі, ересен ғылыми ізденістері – поэзияда жаңашылдық рухқа, өшпес өрнектерге, сан қилы сирек кестелерге бой ұруына, әрі соншалықты құпия, күрделі тоқылуға бейімдеді. Сондықтан да, өлеңінде қисынды логикалық ойлы сөйлемдермен қатар, дағдыдан тыс синтаксистік құрылым мен мағыналық жағынан түсінуге күрделі сөйлемдер, жұмбақ иллюзиялар мен метафоралық-ассоциациялық мәні алабөтен сөз-образдар көп. Мұның төркініне барлау-бақылау жасауға ұмтылар болсақ, ақын онтология, жаратылыстану, этика, эстетика, философиялық пәндердің ғылыми-көркемдік танымын әдеби-шығармашылық көзқарас тұрғысынан қалыптастырған. «Тіршілік, жан туралы» деген өлеңінде:

Бұл жан басынан бар,
Ойла, тексер ақылмен,
Құр сөзге нанып ден қойма!
Шын таза ақылдың таппас заты жоқ
Ол қасиетін жойма.

Оларды сөзбен қайраған,
Ақылдан алыс айдаған,
Ойменен тапқан бұлдыр деп,
Дене мен тәнге байлаған.

Я болмаса, «Тау басындағы ой» өлеңінде:

Күн батып, ай, жұлдыздың айналуы –
Шынында, дөңгеленген жер жүрісі –

дегенінде ғылыми таным өрісін, «таза ақылмен өлшеп сынау» қабілетін және Жаратушының ұлы қызметін жүйрік танытады.

Шәкәрім Құдайбердіұлы «Мен адамның таппаймын өнерлісін» өлеңдерінде аэроплан, телефон, граммафон, электр, радио, магнит, спирт, гипноз, телепат, пакризм, лунатик тәрізді терминдік ұғым-атауларды көп қолданған. «Шын таза ақылдың таппас заты жоқ», «Не қылсаң да ғылым біл» деп қауымды ғұламалық және білімдарлыққа үндеп, мәнді ойлар мен тартымды тұжырыммен қорытады. Абай ұстазының ғылым жайындағы негізгі ой-тұжырымдарын, жасампаз жаңашыл көзқарастарын байыта түседі.

Шын мәнінде, Шәкәрім Құдайбердіұлының ақындық даналығы мен даралығы, поэзиясының жаны, суреткерлік сыры – терең дүниетанымы, интеллектуалдық, рухани байлық қанатты қиял, көркемдік қабылдау, Жаратушының істерін қызықтау.

Мазмұн мен түр, ой мен сезім, сөз бен бейнелілік, архитектоникалық құрылым – ақын философиясына тәуелді.

Құрыштай сөздерден іріктеп, сұрыптап, сомдап өлең құйған, оған ән шығарған композиторлық өнерін қосайық. «Ойдан шығарылған бар түрлі әндерімде»:

Білсең үйрен әннің мәндерін.
Дәл толқындарын толғап,
Бұлжытпай,
Келтір кемеліне сәндерін.

Ән мен күйдің тілі – үн,
Ұқпасаң оны, саған мін.
Жасыңнан талаптан білуге сырын,
Жете ұғып алған соң,
Жарасады әнге қоссаң жырын –

деп, өз өлеңінің алуан сарынды құрылысын, ішкі мүмкіндіктерін, эстетикалық сапасын, логикалық, психологиялық кідірістерге, ой мен тұрақты фразалық екпіндерге байлығын, қасиеттерін, жауһар сипаттарын жарқырата ашып көрсетеді.

Шәкәрім Құдайбердіұлы поэзиясының әсерлілігі мен мәнерлілігі, көркемдігі мен салмақтылығы – ақылдың сәулесіндей, халықтың сан ғасырлық тәжірибелерінің қорытындысындай, көшбастар көсемнің даналық мәйегіндей мәнді, мәнерлі, өрнекті, аталы, ғибрат сөздермен де тікелей байланысты.

  1. Кісі бағын деме бағым,
    Өз денеңді нұрлы қыл.
    Ай сықылды болма жарық,

Қарыз алып күн нұрын.

(«Сен ғылымға…»)

  1. Екі жуан сыймайды жер жүзіне,
    Тоғыз кедей сыяды алашаға.

(«Бір ханда екі ұл бопты…»)

  1. Дос мақтайды сені жақсы көрмек үшін,
    Дұспан мақтар елірте бермек үшін.

(«Мақтау мен сөгіс»)

  1. Анық байлық – денеге біткен өнер,
    Білімдінің бәрі де саған төнер,
    Арам жиып мақтанған дәулет емес.

(«Бай мен кедей»)

 Шәкәрім шеберлігі – табиғат пен адамзат дүниесіндегі құбылыстарды салыстыра, жарыстыра, ұштастыра жырлағанда айқын аңғарылады. Табиғатты сипаттағанда көңіл-күй толқындарын сұңқылдатып сөйлетеді. Әдеттегідей жадыраған, жарқыраған, жаратылысқа лайық күйлі, қуатты жағдай емес, керісінше, жүдеу өмір, сұрғылт тіршілік, опасыз жалған. Мысалға «Өлген көңіл, ындынсыз өмір» жырына мына шумақтарды келтіріп, ойға жүгіртелік:

Жаралы менің жүрегім
Жайнай алмас сол бірақ…

Сайып келгенде, Шәкәрім Құдайбердіұлы Шығыс мәдениетін, әсіресе, адамзаттың көркемдік және интеллектуалдық дамуына қуатты, жойқын ағын қосқан Фирдоуси, Сағди, Жәми, Руми, Рудаки, Ғафиз, Науаи сияқты зиялылардың рухани мұраларын және орыс халқының өнер, ғылымынан нәр алып, қоректенген ерекше тұлға. Сондықтан да оның туындыларында жаһандық рухани мәдениеттің алуан түрлі қатпарлары, әдеби дәстүрлері, сөз саптау ерекшеліктері, ғұламалардың небір ғибрат ой-тұжырымдары көрініс тапқан. Сондай-ақ «Авестадағы» «асыл ой, асыл сөз, ізгі әрекет» сияқты үш бірлік-тұтастығын Шәкәрім ұстанған.

Расында, Шәкәрімнің «жанды ой жүйесінде» – сыншылдық та, сыршылдық та, тарихшылдық та, гуманистік пафос та, этикалық-философиялық көзқарас та, діни-мұсылмандық дүниетаным да біртұтас келісім тапқан. Шәкәрімнің поззиясында фәлсафалық қасиеттер мол. Сөз жоқ, Шәкәрімнің фәлсафалық интуициясы – ақыл-ой қопарылысының нәтижесі. Сондықтан да әсерлі, көркем ғибратнама.

Шәкәрім поэзиясындағы «асыл бейнелі ой болу – сұлулықтың өзі». Ол оқырманға рухани ләззат сыйлайды, іске құлшындырады, ақылшы міндетін атқарады, жан-күйін жақсартады, қайраттандырады. Асылы, «кеңес түбі – кен». Ұлы педагог Ян Амос Коменский «адамның бай сезімі, дархан ақылымен танымайтын зат тіпті жоқ» деген ғой.

Шәкәрімнің «Сен ғылымға…» дейтін жырында бірнеше шумақтар афористік ойларға құрылған. Мәселен:

1) Кісі бағын деме бағым,
Өз денеңді нұрлы қыл.
Ай сықылды болма жарық,
Қарыз алып күн нұрын.

2) От сықылды жылы болсын,
Жүзіңіз бен сөзіңіз.

3) Жел сықылды желпі жұрттың
Шаршағанын, талғанын.
Жықпа үйін, болма құйын,
Қылма жаман аманын.

Біріншіден, өзіңді өзің қамшыла, әйтпесе үстіңе сайтан мініп алады; екіншіден, өң-әлпетің, бет-жүзің жайдарлы, кісі қызығарлық сүйкімді болсын, айна алдында өзіңді өзің бапта; үшіншіден, жұртыңа жақсылық, қайырым жаса, несібелі қара жердей қазынаңмен бөліс, мәрт бол; төртіншіден, жерге жеміс өсіретін, құт-береке дарытатын, ел рыздығын еселендіретін жаңбыр жаудыратын бұлттай бол. Иә, қазақ жұртында «жерден пішіп алғандай» дейтін қымбат фраза бар.

Жер сықылды пайдалы бол,
Пайдалансын ел сенен.
Тасты жердей болма қатты,
Тілме жұрттың табанын.

Сен бұлттай бол көлеңке,
Мезгілімен бер жауын.
Сел ағызба, жай түсірме,
Бұзба елдің шаруасын.

Шәкәрім «Шын бақ қайсы? Күншіл кім!» өлеңінде адам ұлылығының айнасы мен шынайы қасиеттерінің  көрінісі «Кірсіз ақыл, мінсіз сөз, адал еңбек» дейді.

Шәкәрім – адам баласының артықша асыл қасиеттерін көре де, нақты көрсете де білген. Ол – ақыл. Егер де есті, саналы, көшелі кісі әманда өзі естіген, көрген, білген нәрселерінен сыр түйсе, мән-мағынасына тереңдесе, тағылым алатыны, білімін молайтатыны бесенеден белгілі.

Ақыл деген – денеге егулі дән
Суғарылса кіреді оған да жан.
Ақылдың өсіп-өніп зор аймағы –
Көрген, білген нәрседен ғибрат алған. («Еңлік-Кебек»)

Көне замандағы жеті кемеңгердің бір Фалестің «Бәрінен данышпан – Уақыт, өйткені ол бәрінің сырын ашады», «Бәрінен жүйрік – Уақыт, өйткені ол бәрінен озады» дегені ақиқат. Өйткені, аса ақылдылар елдің бағын ашатындықтан, жол салатындықтан, жоба-жосын көрсететіндіктен, жақсы із (даналық, тағылым, өнегелі кеңес, тәжірибе) қалдыратындықтан, олардың ұлы еңбегі, рухы, ой-пікірі, елге жасаған мейірбандығы халық санасында шұғыла шашып жарқырайды. Осы турасында Шәкәрім «Барша адамзат қамы үшін» кесек қимылдайтын, өлгенде жылайтындай, тірісінде ардақтайтындай асылдарды асқақтата, иығына «сайтан мініп» алғандарды оңдырмай жырға қосады.

Жақсыдан қазына пұл қалар,
Солмайтын жасыл гүл қалар.
Сендердей арсыз қулардан
Желге ұшатын күл қалар.

…Адамдық борыш ар үшін,
Барша адамзат қамы үшін
Серт бергем еңбек етем деп,
Алдағы атар таң үшін. («Жолама қулар маңайға»)

Татулық, сыйластық, еңбекшілдік, қанағатшылдық – кісіліктің белгісі, ізгіліктің жолы.

Тату тұрса, адамға дүние кең,
Еңбек ет, жер жеткілік береді кен.
Адамның адал ұлы болам десең,
Алдыменен өзіңнің нәпсіңді жең.
(«Серігім жалғыз Әупіш қасымдағы»)

Адамдық борышың –
Халқыңа еңбек қыл.
Ақ жолдан айнымай
Ар сақта, оны біл.
Талаптан да білім мен өнер үйрен,

Білімсіз
Өнерсіз

Болады ақыл тұл. («Адамдық борышың»)

Айнымайтын ақ жүрек пен
Таза ақылды адамның
Таппасы жоқ бұл өмірде,
Осынымды ұқ, балам! («Мен кетемін…»)

 Задында, Шәкәрім пайымдауларының күретамыры – адамзаттың рухани өрлеуіне өлшеусіз қызмет жасайтын яғни «адал еңбек», «адамдық борыш», «ар сақтау», «ақ жүрек», «шын-Құдай» дейтін құндылықтар.

Шәкәрім ұстазы Абайдың лидерлік мінезін, стратегиялық ойлау қабілетін, ақыл, даналық, тіл, сезім, қиял қазынасын, шеберлік сабақтарын және Хакім Абай мыңжылдықтардың құрдасы, сырласы, тұлғасы екендігін толық танығандықтан, көрегендікпен келешек жеткіншектерге, елдің патриот қызметкерлеріне «Жастарға» дейтін философиялық өлеңінде мынадай түйінді тұжырымдар туындатқан:

Сақ болалық, бір шоқып, бір қаралық.
Қарауылдар мезгіл ғой, тұр, қаралық.
Жүз айтқанмен, өзгенінің бәрі надан
Жалыналық Абайға, жүр, баралық!

Абайдың ойшылдығына, кемеңгерлік кемел кеңесіне кенелейік, өркендейік дейді.

Негізінде, Шәкәрім поэзиясының синтаксистік құрылымы, стилистикалық мәнерлілігі, ұйқасым тәртібі, буындық түзілісі, сөз таңдау – индивидуалдық ерекшеліктерге негізделген. Әсіресе, сөздің өткірін, әсерлісін, усойқысын қолданады. Мүмкін тар заманның қыспағы, қорлығы, зорлығы шығар. Мысалы, «Осындай елде туғандық, Ағызды ірің жарадан». Ұлт қызметкерінің басты ұстанымы мынау:

Жаздым «Қазақ айнасын»,
Мінез түзеу айласын,
Ел көрсін деп пайдасын…
…Елім тәлім алсын деп,
Қазақтың мінін көп қаздым.

Шәкәрімнің ғұламалық зердесі, ересен көркемдік, ғылыми тәжірибесі «бояулы дінді», «дін шатағын» ғаламат тегеуірінді «ноқтасыз оймен» түбірлеп тексерді, «жан сырына», хақиқат, жаратылыс құпиясына үңілді, «Сау ақыл менің иманым» деп ұқтырды.

Шәкәрім Құдайбердіұлы поэзиясының полисемиялық, метрикалық, структуралық ерекшеліктерін айқындауда мынадай мәселелерге көңіл аудару қажет сияқты:

  1. Дәстүрлі ақындық шеберліктің шеңберінде, көне үлгілердің тұтқынында қалмаған. Өз жолын, даралық болмысын іздеген.
  2. Өлеңдік кестесіндегі, шумақтық, ұйқастық және ырғақтық құрылысындағы бар жаңалықтарды анықтау.
  3. Образдық-бейнелілік жүйесінде: тың сонылықтар мен күрделі абстракциялық тілі, сөздегі сымбат-көркі.
  4. Педагогикалық-пәлсафалық сөздер табиғаты.
  5. Сөзді лексикалық талдау: а) діни-религиялық, философиялық тұрғыда (әлем, тағдыр, уақыт, тәлім);

ә)  философиялық символика (нұр, тамшы, мұхит, толқын, қайық, жарық; б) адам өмірінің қамшының сабындай қысқалығы, келтелігі, әлемнің мәңгілік және шексіздігі; в) жарықтың философиялық мағынасы және де мазмұны; г) табиғатқа негізделген лексикалар (жер-су, өсімдіктер мен хайуанаттар әлемі); д) адамның жан дүниесі мен түр-сымбаты. Лексикалық ерекшеліктерін қоғамдық, рухани өмірге, салт-сана, әдет-ғұрып, жора-жоралғыға, дәуір мен дәстүрге сабақтастыра, ұштастыра зерттеу керек. Сонда ғана өнімді ойлар өрбітуге әбден болады.

  1. Ақын шығармаларының стилистикасы, сөз құрамы, фразеологизмдер, поэзиялық синтаксисі, әуездік сыры, өзіндік ерекшеліктері.

Осынау көркемдік компоненттерді жеке-жеке көрсеткенімізбен, күллісі бір-біріне бағынышты, әрі байланыста, кіндіктес, өзектес құбылыстар. Өйткені, ақын қоғам өміріндегі, адам тіршілігіндегі «арам бездерді», сыздауықтар ме теріскендерді, кеселдер мен ауруларды жүрегі сыздап қабылдайды. Трагедиясы мен усойқысы, зобалаңы мен зорлығы мол қилы заманды гөй-гөйлетіп сөйлетеді. Мысалға жүгінсек:

Тілі ащы деп жігіттер мені сөкпе,
Ашулының әр сөзі тиер көпке.
Өткен өмір өкініш, ой жаралы,
Дерті қалың делбемін шірік өкпе.

Құр тілмен зарланып сайраулымын,
Қол-аяғым бос емес, байлаулымын.
Улы жүрек, долы тіл сөйлеп отыр,
Ыза қысып тісімді қайраулымын.

(«Өкінішті өмір»)

Өлең мәтінінің тоқылысында фольклорлық сипаттарға құрылған сөздер кездеспейді. Бір қарағанда 11 буынды, қара өлең ұйқасымен пішілген.

Шәкәрім Дала академиясы мен Абай академиясының жемісі, ұлттың рухани игіліктерін, ілімін-білімін осылайша жетік білген-ді.

СЕРІК НЕГИМОВ,
 Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық
университетінің профессоры,
филология ғылымдарының докторы 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар