Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жазушының шығармашылығы насихатталды - АРҚА АЖАРЫ

Жазушының шығармашылығы насихатталды

«Оралхан – дүниеден озғалы, міне, тура он жыл болды. Кітаптары өмір сүріп келеді, өмір сүре береді. Олар: жасқа – ақыл, кәріге – қуат береді. Бақытқа бақыт қосады. Бақытсызға медет болады». Бұл Шерағаның (Шерхан Мұртаза) ерте кездегі айтқан сөзі еді. Бәлкім, «бір кем дүниесін» айтып, терең күрсінгенде болар. Қазақ даласында Алтай қандай биік болса, қазақ әдебиетінде Оралхан Бөкейде жоғары бағаланған. Бұл туралы ондаған, тіпті жүздеген еңбектер жазылып, пікірлерде айтылып үлгерді. Өскен өлкесі, өр Алтайдай асқақтық пен тазалықты арқау еткен суреткер өрлікті, тік мінезді жазушы ретінде есімізде қалды.

Биыл қазақ даласы мен руханияты ұлы жазушысының 80 жылдық мерей тойын өткізіп жатыр. Еліміздің әр өңірінде шығармашылық кеш, мерекелік шаралар, мүшәйра, конференция тағы басқа да, шығармашылығын насихаттау, жастардың санасына дәріптеу мақсатында игі істер атқарылып келеді. Соның дәлелі ретінде, тамшыдай болсын үлес қосуды мақсат еткен Көкшетау қалалық қазақ кітапхана ұжымының ұйымдастыруымен қазақтың көрнекті жазушысы, драматург, журналист Оралхан Бөкейдің 80 жылдығына арналған «Қар қызы» повесі бойынша оқырмандар конференциясы болып өтті.

– Шараның мақсаты, Оралхан Бөкейдің шығармашылығын жас ұрпаққа насихаттап, сол арқылы олардың бойларына туған еліне, жеріне деген сүйіспеншілігін ояту, жастарды ұлт әдебиетін сүюге, қазақ ақын-жазушыларының шығармашылығына қызығушылықтарын оятуға баулу, –  дейді кітапхана меңгерушісі Жанар Айтқожина.

Конференцияға Жазушылар одағының мүшесі, қалалық ақпараттық кітапхана жүйесінің директоры Серік Жетпісқалиев, Көкшетау университеті жанындағы көпсалалы колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы Эльмира Жұмағұлова мен студенттері, университеттің әдебиет сүйер жастары және кітапхана оқырмандарының қатысуымен бірге, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің профессоры, ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Сәбит Жәмбеков О.Бөкейдің жазушылық қабілет, суреткерлік шеберлігін танымдық деректермен толықтырған видеофильмін көрермен назарына жолдады.

– Осындай игі шараға қатысқаныма қуаныштымын. Қазақтың ұлы жазушысына құрмет көрсетуге, тағзым етуге біз міндеттіміз. Көрген, білгенімізді оқырманға айту парызымыз, – деген лебізімен ақын, жазушы Серік Сапарұлы Оралханның өмірі мен шығармашылығы, туындыларының жазылу тарихы, тәрбиелік мәні жайлы тың мағлұматтарымен бөлісіп, жан-жақты әңгімелеп берді. Сондай-ақ, оқуға ұсынылған «Қар қызы» повесінің негізгі идеясы мен қаламгердің суреткерлік шеберлігін, кейіпкерлер бейнесін қатысушылар бірге талдай отырып, өз ой-пікірлерімен бөлісті. Сонымен қатар, конференцияда  Эльмира Сайлаубекқызы өзінің жазушы шығармашылығына арнаған «Драмадағы психологизм» атты монографиялық еңбегін кітапхана ұжымына сыйлады. Және де, студенттерімен бірге «Қар қызы» повесінің қалай жазылғанын, не баяндалғанын, кейіпкерлердің мінез-құлық, іс-әрекеттері мен болған оқиғаларды, қандай идея мен адами құндылықтар дәріптелгенін талқылады.

– Қазіргі таңда кітап оқушы жастардың қатары күн санап көбейіп келеді. Соларды қазақтың дарынды жазушыларын танығанын, шығармаларымен сусындағанын қалаймыз. Оралхан Бөкей тек әдебиетке қызығушылық танытып жүрген адам ғана емес, жалпы әр қазақ оқитын қаламгерлердің бірі деген ойдамыз, – дейді кітапхана қызметкерлері. Бұны да кеш барысында аңғардық. Өз тілімен, әдебиетіне деген сүйіспеншіліктегі кітапхананың жас оқырмандары, алдағы уақытта да рухани іс-шараларды асыға күтері даусыз. Осындай кітапқұмар, белсенді оқырмандарға кітапхана атынан Алғыс хатпен ескерткіш сыйлықтар берілді. Іс-шара соңында, жазушының еңбектерімен шығармашылығы, туындылары және таңдамалы томдық кітаптарынан әзірленген шағын көрмені тамашаладық.

Оралхан Бөкей – қазақ әдебиеті мен журналистикасындағы және публицистикасындағы қайталанбас суреткер тұлға. Қазақ көркемсөзінің көкжиегін кеңейткен, аспанын биіктеткен қаламгер. Ұлтының бағына біткен жазушының шығармалары бір оқып қана қоятын шығарма емес, ізгілікке қызмет етер мәңгі туынды. Қай туындысын алып қарасаңда, тақырыбынан бастап-ақ табиғатпен, даламен байланысып тұрады. Шығармаларының идеясын түсінген адамға, қазақи иісі аңқыған сайын далаға шақырып тұрғандай.

Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар