«Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауы таңдаулыларды анықтайды

Астанада еліміздің түкпір-түкпірінен 180-нен астам кәсіпорын қатысқан «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауында Ақмола облысынан өңірлік кезеңнің тоғыз жеңімпазы бақ сынады. Өңірлік байқауға осы жылдың шілдесінде облыстан 90-ға жуық өндіруші қатысты. Көрмеде тамақ және жеңіл өнеркәсіп, машина жасау, құрылыс индустриясы және тағы басқа кәсіпорындардың өнімдері ұсынылды.

Конкурстық іріктеу қорытындысы бойынша үш номинация бойынша жеңімпаздар анықталды. Олардың көпшілігі бірнеше рет беделді байқауға үміткер болды. «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» номинациясында Аршалы ауданынан «SG BRICK» ЖШС, Бурабай ауданынан «Азия сүзгі» ЖШС, Бұланды ауданынан «Макинск жылу оқшаулау зауыты» ЖШС суырылып алға шықты. «Халық үшін үздік тауарлар» номинациясында – Атбасар ауданынан «Забарный» ЖК, Қосшы қаласынан «Әлихан» ЖК, Көкшетау қаласынан «Арман» тоқыма кәсіпорны» ЖШС топ жарды.

«Азық-түлік мақсатындағы үздік тауарлар» номинациясында Көкшетау қаласынан «Гормолзавод» ЖШС, Ақкөл ауданынан «Андрющенко» ЖК, Атбасар ауданынан «БАХА SÖHNE» ЖШС жеңіске жетті.

Қосшы қаласының кәсіпкері Нұржан Ділманов байқауға алғаш рет қатысты. Ол бүгін елордада облысымыздың атынан өкілдік етеді. Нұржан ұлттық аспаптар жасаумен айналысады. Домбыраға қоса, жетіген, қобыз, шертер және басқа да ерекше бұйымдар жасайды. Көптеген кәсіби музыкант, күйші осы шебердің домбырасымен өнер көрсетеді.

–Бүгін маған Ақмола облысының атынан өкілдік ету міндеті бұйырды. Осындай беделді байқауға қатысу мен үшін өзімді бүкіл елге таныстырудың үлкен мүмкіндігі деп білемін, – дейді Нұржан Ділманов.

Республикалық көрме-байқауының тағы бір қатысушысы – Көкшетау қаласындағы «Арман» тоқыма кәсіпорны» ЖШС. Кәсіпорын жоғары технологиялық, сапалы және заманауи өнімдерімен аймақтан тыс жерлерге де кеңінен танымал.

–Осындай жоғары деңгейдегі байқауға қатысу маған баға жетпес жұмыс тәжірибесін береді. Байқау барысында біз әріптестерімізден, байқауға қатысушылардан көп нәрсе ала аламыз, іс жүзінде жаңа тәсілдерді үйренеміз, – дейді кәсіпорын директоры Татьяна Басан.

Байқау екі күнге созылады. Оның қорытындысы бойынша үш номинация иегері анықталады. Осыдан кейін оларды онлайн-дауыс беру күтеді, түпкілікті үкімді арнайы комиссия шығарады, ол елдің үздік тоғыз тауар өндірушісін анықтайды.

«Қазақстанның үздік тауары» республикалық байқауының қорытындысы осы жылдың соңында жарияланады деп күтілуде. Сонымен қатар, дәстүрлі түрде «Алтын сапа» Президент сыйлығының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтеді.

–Көрменің басты мақсаты – өнімнің имиджі мен сапасын арттыру, отандық тауарлар мен қызметтерді Қазақстанда ғана емес, шетелде де танымал ету. Әрине, бұл өңірлік өндірістердің жетістіктерін таныстыру, бірегей тауарларды ұсыну, инвесторларды, серіктестерді тарту және сатып алушылар мен өткізу нарықтарын іздеу, – деп атап өтті байқау туралы Ақмола облысы кәсіпкерлер палатасының өкілдері.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар