Заңсыз қоқыс үйінділерінен арылатын күн бар ма?!.

Талап күшейіп, біршама тәртіп орнаттық дегенімізбен, көрікті Көкшетау мен нулы-сулы Қорғалжынның арасындағы кең көсілген даланың дидарына түсіп тұрған кесірлі кіреуке бар. Ол бей-берекет, ең бастысы, заңсыз күл-қоқыс жайлаған орындар. Өңірдегі қатты қалдықтардың негізгі көлемін өнеркәсіп орындарынан шығарылған күл-қоқыс құрайды.

Үстіміздегі жылдың алғашқы жартыжылдығында өндірістік қалдықтардың көлемі 653,3 мың тоннаға жеткен. Көз алдыңызға елестетіп көріңіз, қайран да қайран жер жәннаты күл-қоқысқа бөгіп жатыр емес пе? Экологияға келетін зиян тілмен айтып жеткізгісіз. Табиғатқа тақсыретін тигізіп жатқан аткөпір зияннан арылар күн тууы мүмкін бе? Осы арада кәдімгідей күмән туатын, күмәніңіз не, екі қолыңды төбеңе қойып безіп кетердей жағдайға жеткізер дерек бар. Мәселен, өндірістік қалдықтардың 10,7 мың тоннасы немесе 9,9 пайызы ғана залалсыздандырылады екен. Қалғаны ше? Табиғаты тамылжыған ғажайып өлкенің құтын қашырып, әлі күнге тау-теңіз болып үйіліп жатыр. Ақыл таразысына салып қарасаңыз, заңдастырылмаған қоқыс орындарының күрт көбеюі, бұрынғысынан арыла алмауымыз жығылғанға жұдырық болып тұр. Мына бір дерекке назар аударыңыз, аумағы үлкен өңірде  қатты тұрмыстық қалдықтардың небары 24 қана полигоны бар екен. 130 қатты тұрмыстық қалдықтар үйінділерінің 24-і ғана заңдастырылған. Осы арада 130 деген санға да күмән бар. Өзге өңір былай тұрсын, облыс орталығының өзінде заңдастырылған қатты тұрмыстық қалдықтардың полигоны жоқ болса, шалғайдағы шағын ауылдарда қайдан бола қойсын?! Демек, облыста қанша ауыл болса, сонша заңсыз қоқыс үйінділері бар деп есептесеңіз, жаңылмайсыз. Тіпті, бұл көрсеткішті екі есе көбейтсеңіз де болады. Өзге жерді былай қойғанда, жер жәннаты Бурабайдың етегіндегі Кіші Шабақты көлінің жағасындағы жөнсіздікті көріп, жағамызды ұстағандай болып, араша сұрап, талай жазған болатынбыз. Ауыл іргесіндегі заңсыз полигонда не жоқ дейсіз. Ит пен мысықтың, төрт түлік малдың өлімтігі. Жаз бойы шіріп, сасып, борсып жатады. Ең жаманы, тау етегіндегі сай-жырамен құлдилап аққан сумен көлге құйылады. Дархан табиғаттың тамаша сыйы осылай былғанып жатыр. Селт етер бір жан болса ше?!.

Ақкөл, Аршалы, Бұланды, Бурабай, Біржан сал, Егіндікөл, Зеренді, Қорғалжын, Целиноград аудандары мен Көкшетау қаласында заңдастырылған бірде-бір қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны жоқ. Бұл аудандардағы елді мекендердің санитарлық-тұрмыстық тазалығы, жұқпалы ауруларды алдын алу, табиғатқа келтірілген зиян шаш-етектен. Күрделі мәселенің күрмеуі бүгін ғана түйіліп отырған жоқ, әлденеше жыл бойы осы күйде. Жауапты мекемелердің жергілікті жұрт тарапынан айтылатын өтініш, арыз-шағымдарына еттері үйреніп кеткен. Осы қалыппен жосылтып тарта берсек, омырауына сексен көлден сексен моншақ таққан көрікті Көкшенің келешегі қандай болар екен?!

Бұл мәселеге тәп-тәуір көңіл бөліп отырған аудандар да бар. Мәселен, Жақсы ауданында 8, Атбасар ауданында 3, Есіл ауданында 3 заңдастырылған полигон бар. Демек, демігіп тұрған дерттің алдын алуға болады екен-ау. Ісі оңғарылған аудандарды әдейі көрсетіп, өзгеге өнеге етпек ниетпен жазып отырмыз.

Заңсыз қатты тұрмыстық қалдықтар үйінділері өте өткір мәселеге айналған. Өңірде абаттандыру, қалдық үйінділерін жою бағытында жергілікті атқарушы органдар тырбанып тазалық айлықтарын, апталықтарын өткізгенімен, түпкілікті нәтижеге қол жетер түрі жоқ. Облыстық экология департаменті жыл басынан бері 20 мәрте сапарға шығып, заңсыз қатты қалдықтар орындарын анықтап, тәртіпке келтіруге тырысқан. Олар Аршалы, Целиноград, Шортанды аудандарында, Көкшетау қаласының маңында болған. Сондай-ақ, туризмнің төркіні ту тіккен Зеренді мен Бурабай аймақтарын да аралаған. 276 заңдастырылмаған қатты тұрмыстық қалдық үйінділері анықталған. Егер бес ауданның аумағынан осынша заңсыздық анықталса, оған қалған аудандарды қоссаңыз, не болып шығар еді?! Экология департаменті үстіміздегі жылы 135 қатты тұрмыстық қалдықтар үйінділерін жоюға қол жеткізіпті. Тәп-тәуір шаруа. Өйткені, қаншама жылдан бері тау-тау болып жиналған, төңірегі қолқаны қабатын күлімсі иіске тұнып тұрған үйінділерді тазалау да оңай емес қой. Қыруар адам, қуатты техника керек. Алдағы уақытта мұндай сорақылыққа жол бермеу үшін жергілікті атқарушы органдар мен полиция қызметінің көмегіне жүгінген. Ең бастысы, тазалықты сақтау туралы ауыл-аймақта келелі әңгіме өткізген. Жұртшылықтың санасын оятып, табиғатқа деген жанашырлық сезімін қалыптастырмақ.

Заңдастырылмаған қатты тұрмыстық қалдық үйінділерінің маңы адам көргісіз. Полиэтилен қапшықтар желмен ұшып, азық-түлік қалдықтары шіріп, борсып жатыр. Оған төрт түлік малдың өлексесін қоссаңыз, бұл тараптағы жағдайдың қаншалықты ушығып тұрғандығын айқын аңғаруға болады. Қазіргі күні өңірде 332 өлімтік көметін орын болса, оның екеуі ғана типтік жобада. Ал, 329-ы қазылған ұра.

Осы қордаланған түйінді мәселенің күрмеуі қалай шешіледі? Қазіргі күні қатты тұрмыстық қалдықтарды жинап, өңдейтін үш негізгі кәсіпорын бар. «LS Kokshetau» кәсіпорны облыс орталығында орналасса, «ЭкопромБурабай» серіктестігі Щучинск қаласында, «Баян» жеке кәсіпкерлігі Целиноград ауданының Қабанбай батыр ауылында. «LS Kokshetau» серіктестігі тұрмыстық қалдықтарды жинап, өңдеумен айналысады. Кәсіпорын үстіміздегі жылдың алғашқы жартыжылдығында әрқилы ұжымдармен 35 келісім-шарт жасаған. Қатты қалдықтардың негізгі көлемі облыс орталығында орналасқан кәсіпорындардан келеді. Есепті кезең ішінде 9071 тонна қалдық жиналған. Ал, «Экопром Бурабай» серіктестігі қатты қалдықтарды қабылдап, сұрыптаумен айналысады. Жыл басынан бері 12 келісім-шарт жасалған. Бұл жерде де 6012 текше метр қатты тұрмыстық қалдықтар жиналған. «Баян» жеке кәсіпкерлігі жыл басынан бері 263 келісім-шарт жасапты. 9866,9 тонна қатты қалдықтар жиналған. Оның негізгісі, құрылыс жұмыстарының қалдықтары. Бұл – жұмыс жүріп жатқан жер. Ал, өзгесі ше? Екі серіктестік пен бір жеке кәсіпкердің жинаған қатты қалдықтар көлемі таң қаларлықтай емес пе? Демек, мұндай жұмыс қолға алынбаған жерде осындай көлемде қатты қалдықтар тау-теңіз болып үйіліп жатыр деп айтуға болады.

–2021 жылғы 1 шілдеден бастап ҚР Экологиялық кодексінің жаңа редакциясы күшіне енді, оған қатты тұрмыстық қалдықтарды жинақтау саласындағы мәселелерді жүйелі шешуге арналған бірқатар нормалар енгізілген. Қабылданған шаралардың қатарына қауіпті қалдықтарды қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорындарды лицензиялау жатады. Барлық қоқыс шығаратын компаниялар үшін GPS орнату талабы енгізіліп, қалдықтар иерархиясы бекітілген. Айыппұлдар қатаңдатылып, олардың мөлшері 10 есе ұлғайтылды, – дейді облыстық экология департаментінің инспекторы Айқын Нұрахмет, – Кодекстің жаңа редакциясы енгізілгенге дейін құрылыс компаниялары қалдықтарды арнайы полигондарға шығарды. 2022 жылдан бастап қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарының аумағына құрылыс материалдарын әкелуге тыйым салатын нормалар күшіне енді. Енді құрылыс қоқыстары сұрыпталуы, қайта өңделуі және қайта пайдалануға бағытталуы керек. Экологиялық кодекске түзетулер енгізілген кезде әр салада құрылыс қалдықтарын қайта өңдеуге бағытталған қайта өңдеу зауыттарын салу жоспарланған болатын. Алайда, қазіргі жағдай көрсетіп отырғанындай, Целиноград ауданы аумағында заңсыз төгілетін қалдықтардың басым бөлігін құрылыс қалдықтары құрайды.

Құрылыс қалдықтарын қайта өңдеу көсіпорындарының жоқтығына немесе қайта өңдеу үлесінің өте төмен болуына байланысты жеке және заңды тұлғалар заңды бұзып, белгіленбеген жерлерге орналастыруға мәжбүр. Заңсыз қоқыс орындары негізінен, Софиевка, Қабанбай батыр, Талапкер, Қарөткел ауылдарының маңында орналасқан. Соңғы екі ай көлемінде қоқыстарды белгіленбеген жерлерге тастау фактісі бойынша 2  кәсіпорынға, 3 жеке тұлғаға және 1 лауазымды тұлғаға қатысты Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 324, 344 баптары бойынша айыппұлдар салынды. Айта кетерлігі, Қазақстан Республикасы Экологиялық кодексінің 365-бабының 4-тармағына сәйкес аудандардың, аудандық және облыстық маңызы бар қалалардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары коммуналдық қалдықтарды жою саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруда. Осыған сәйкес, департамент Целиноград ауданы әкімдігіне «Қазақстан Ғарыш Сапары» АҚ-ның ғарыштық түсірілімдері арқылы аудан аумағында анықталған 34 қоқыс орнының орналасқан жерлерін анықтап, хат жолдады. Жергілікті әкімдіктерге заңсыз қоқыс алаңдарын жою туралы тапсырма берілген.

Бұл бір аудандағы ғана жағдай. Ал, тұтас өңірдің тазаруы шешімін күткен шетін мәселеге айналғалы қашан?!

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар