Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Шәкірттерді құндылыққа тәрбиелеу ұстаздың өзінен басталуы тиіс - АРҚА АЖАРЫ

Шәкірттерді құндылыққа тәрбиелеу ұстаздың өзінен басталуы тиіс

Біздің  не жасайын деп жатқанымыз онша маңызды емес,оны кіммен жасайын деп жатқанымыз маңызды.

Джим Коллинз.

 Былтырғы оқу жылының басында білім ордаларында жүргізілетін тәрбие жұмысына Абайдың «Толық адам» ілімін тәрбие тұжырымдамасына енгізіп, сол бағыт бойынша ұрпаққа тәрбие беріп жатырмыз. Ал, биылғы жылы енгізіліп жатқан «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» бойынша Ақмола облысы білім басқармасының әдіскерлері «Біртұтас тәрбие бағдарламасы: құндылықтар және оны іске асыру жоспары»атты білім беру ұйымдарындағы тәрбие мамандарының біліктілігін арттыру мақсатында семинар-кеңес өткізді. Тәрбиенің үздіксіздігі мен оның ұлттық құндылыққа бағытталуы туралы сөз қозғалды. Демек, бүкіл қоғам болып, мектептердегі тәрбие үрдісіне өзіндік үлес қосуға жұмылдырылу керектігін түсіндік.

Біреуінің күні жоқ, біреуінсіз,
Ғылым сол үшеуінің жөнін білмек.
Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті,
Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек.

Бұл ұлы Абайдың сөзі. Абайдың «Толық адамы» іліміне,құндылыққа негізделген тәрбие мен білім беру жөнінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында нақты міндеттер қойып: «Біз Абайдың «Толық адам» тұжырымын қайта зерделеуіміз керек. Бұл бағытта ғалымдарымыз тың зерттеулерді қолға алуы қажет. «Толық адам» концепция­­­сы, шындап келгенде, өміріміздің кез-келген саласының, мемлекетті басқару мен білім жүйесінің, бизнес пен отбасы институттарының негізгі тұғырына айналуы керек деп есептеймін» деп, Жаңа Қазақстанды құру үшін халқымыздың сана-сезімі түбегейлі құндылықтармен жаңару керектігін және сонда ғана ұлттың жаңа санасы қалыптасатынын меңзеді.

Жалпы, бұл идеялар қайдан шықты? Әрбір өзгеріс немесе жаңалық қажеттіліктен туындайды. Мысалы, ХХ ғасырдың басында әлем жаппай сауатсыздықпен күресті. Адамзат  баласын қараңғылықтан алып шығу үшін жазу мен сызу, білім,ғылымға үйретті. Сауатты адам рейтингісі бойынша Қазақстан алғашқы ондықтың қатарына кірдік. Яғни, халықтың 99,8 пайызы хат таниды. Ал, керісінше Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының статистикасын алсақ, Қазақстан суицидтен алғашқы ондыққа кірген, жасөспірімдер арасындағы суицидтен алғашқы үштіктеміз, жемқорлық деңгейінен Орта Азияда көш бастаймыз.Сонда соншалықты сауатты болған сайын, керісінше, рухани құлдырап бара жатырмыз.

Қарапайым мысалмен тақырыпқа жақындайын, бірде-бір ата-ана телефон шалды «Сіздің мектепте жатақхана бар екен. Баламды өткізейін деп едім. Менің жұмыстан балама қарайтын уақытым жоқ». Сонда «бұл ата-ананыңқоғам алдындағы жауапкершілігі қайда?» деген сұрақ туындайды. Тағы бір қарапайым мысал. Өте жақсы оқитын үздік оқушы бар. Бірақ қасындағы досына көмек бере алмайды, ата-анасын құрметтеуді білмейді, бойында кішіпейілділік, қарапайымдылық, адамгершілік, үлкенге құрмет деген қасиеттер жоқ. Өз әлемі өзінде. Бұндай  жанашырлығы жоқ оқушы ертең ұлтқа, халыққа қандай қызмет етуі мүмкін? Жетістікке жету жолында да ақсап қалуы ғажап емес.

Міне, осындай қарапайым мысалдардың артында «Құндылық» деген  сөз қылаң беріп тұр. Осы құндылықты оқушылардың бойына сіңіру үшін отбасында ата-ана, мектепте тәрбиеші-мұғалім, қоғамда достары мен ортасы бірге атсалысып отыруға тиіспіз. Тақырыпқа тұздық ретіндемектеп-интернатымыздағы тәрбиелеу жүйесінде жүргізіліп жатқан жұмыстарды ұсынғым келеді. Мақтану емес, титтей болса да ойландыру, тәжірибе алмасу үшін. Жасалып жатқан жұмысты «өзімдікі» деп емес, баршаңызбен бөлісуді жөн көрдім. Біріңіздің  идеяңызды жандандыруға, біріңізге ой тастауға үлес қосар деген ниетпен жазып отырмын. Құндылық туралы сөз қозғағанда  бірінші мектеп басшысынан бастап тәрбие беретін мұғалімнің, «құндылықтың өзі»,  елінің болашағына деген жанашыр болуы тиіс деп ойлаймын.

Мамандандырылған мектеп болған соң оқуға 7 сыныптан бастап қабылдаймыз. Биыл да «Дарын» РҒПО-ғы іріктеуінен өтіп, тәп-тәтті балақайлар келді. Алғашқы күні анасын сағынып жылап алған оқушы да болды. Ортаға бейімделу үшін әр оқушыға әр түрлі уақыт кетеді. Барлық жерде мұғалімге қойылатын талап: баланы тәрбиеле, білім бер! Бірақ, тәрбиенің не екенін дұрыстап түсіндірген ешкім жоқ. Тәрбиелеу дегенді – тәртіпті қылу деп ойлаймыз. Олай емес,баламен жүрекпен қарым-қатынас жасау. Өз өн бойымызбен үлгі болудан басталады. Бір сөз айтсақ та жүрекпен жеткізу маңызды. Жүрекпен жасалған әрбір әрекетте нәтиже болады.

Кісімен қарым-қатынас мәдениетін отбасынан сіңіре алмаған балаға мектепте де, өсіп, кісі болғанда да мақсатына жету қиын. Ол баланы мұғалімі өте сезімталдықпен жетектеуі қажет болады. Сүйкімсіз баладан ертең айналасына қадірсіз адам шығуы мүмкін. Сондықтан, бүгіннен бастап 7-сыныпқа қабылданған балалардың бойына бірінші құндылықтарды дарыту  ортаға бейімделу үшін  өзім орталарында болуға асығамын. Жұмысқа келген мұғалімдерге де қоятын алғашқы талабым да сол – баланы өз баласындай жақсы көру. Баланың ықыласын оята білу, қолынан іс келетіндігіне сендіре білу маңызды. Мұғалім мен баланың қарым-қатынасы қуанышты әрі пайдалы болса, бұл ең бірінші жетістік! Балаға сыйлы болуым үшін өзіміз де баланы сыйлап, құрметпен болашақ елдің тұтқасы ретінде қарап жақсы көруге тиіс екенімізді айтқым келеді.

Балалардың бойына ұлттық құндылықтарды дарыту үшін мектепте бірнеше жобалар жұмыс жасайды. Қазақ болған әрбір ұрпақ қолына домбыра ұстап өсуі тиіс. Өткен оқу жылында қолына домбыра ұстаған 7 оқушының саны жыл аяғына дейін 50 оқушыға жуықтады. «Сыныппен домбыра үйренейік» жобасы арқылы балалар бір-біріне домбыра үйретуді қолға ала бастады, биылғы жылы да осы дәстүрді жандандыратын боламыз.

Өзім жетекшілік ететін «Директор сағаты» жобасы да қаншама оқушының таңдауы мен көзқарасының қалыптасуына үлес қосып жатыр. Өзім жетекшілік етуімнің себебі де мынада. Тек бұйрық беріп, бағыт-бағдар беріп, бақылау жүргізіп қана емес, мұғалімдерге үлгі болып, қандай шара болса да жауапкершілікпен қарай отырып, алға сүйрегім келді. Менен сондай әрекетті көрген мұғалімдер де ізіңе еріп, көргенін жасайтын болады. Оқушының да сенімі арта түскенін аңғардым. Бұл жоба апта сайын әрбір бейсенбі күні жүргізіледі. Жоспарланған сағатқа зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері, жазушы, ақын, актер, өнер адамдары, қолөнер шеберлері, ЖОО мамандары,тағы басқа қонақтар келеді. Ондағы мақсатым да сол, оқушы өзіне өмір сабағын алуы керек. Таңдау жасағанда қателеспеу үшін,елін сүйетін, үлкенге құрмет көрсететін азамат болып қалыптасу үшін келген қонақтар арқылы еңбек жолын үлгі ету еді. Бұл жоба балалардың апта сайын қызыға күтіп отыратын сағатына айналды. Жатақханада «бір сағат кітап оқу» сағатының да өзіндік орны бар. Мақсат – телефонға байланған балалардың  кітапқа қызығушылығын арттыру және оқыған жерінен бір сөз болса да жаттап алу дағдысын қалыптастыру болатын. Тек қана оқушы емес, ол сағатта мұғалім, тәрбиеші де,мектеп қызметкерлері де түгел кітап оқуға отыруы тиіс. «Баланы таңқалдыруды ұмытпа, даналық таңқалудан басталады»деген сөзді айта жүремін. Қазіргі мектеп қабырғасында отырған оқушылардың ішінде елді басқаратын, алға сүйрейтін елдің жанашырлары болуы үшін қазіргі ісіміз жауапты болатынын сезінемін.

Қыз бен ұлдың тәрбиесіне аса көңіл бөлетін халықтың ұрпағымыз. Мектебімізде «Томирис» қыздар, «Сұңқар» ұлдар клубы да өз жұмысын ұлттық құндылықтарды дарытуға бағытталған. Бұл турасында республикалық «Қара шаңырақ» қоғамдық бірлестігімен бірлесіп көптеген шаралар өткіздік. Ал, отбасы тәрбиесін нығайту, ата-аналармен байланысты жандандыру, отбасының мерейін көтеру үшін өзіндік орнын қалыптастыруда «Сеніммен Болашақ» қоғамдық бірлестігімен бірлесіп, «Отбасы институты» психологтарымен де байланыс жасап отырдық. Және ата-ананың мектеппен байланысын нығайту және қалыптастыру үшін апта сайын ата-аналарға «Шернияқызынан ХАТ» жобасы арқылы байланысып отырдым. Бұл ауылдық жерден келе алмайтын ата-аналар үшін де маңызды жоба болды. Апта сайын ата-аналар менің хатымды күтіп отыратын болды. Хатта мектептегі жаңалықтар меналдағы мақсат-міндеттер туралы қозғалып отырады. Кейбір ата-аналардың сұрақтарына осы хат арқылы жауап бере отырып, ортақ шешімге, мектеппен түсіністік қарам-қатынасқа шақырып отырдым. Және Жұмат Шанин атындағы театр жұмысының да өз үлесі өте зор. Сөйлеу, жаттау, рөлді қабылдау, әр кейіпкердің өмірінен сабақ алу туралы адамдықты қалыптастыратын қойылымдарда ойнау арқылы да оқушыларымыз дамып келеді. Кешке ұйықтар алдында он минут бұрын жазатын «Менің бір күнім» күнделігін жазу да оқушылардың жазу дағдысынқалыптастырумен бірге,ойлауға, сараптама жасауға бағыттап отырды. Ондағы мақсат, «бала бүгінгі күннен қандай өмір сабағын алдым?» деген сұрақты зерделеу  еді.

Қандай өсімдік ексең де, ол күнге зәру, оның жүрегі саналатын тамыры ылғалға мұқтаж. Бала да сол секілді. Тек қана ата-анасының ғана емес, ұстаздың, қоғамның мейірімімен өсуі тиіс. Қорыққаннан емес, ұяттан өліп кетпес үшін қызмет ету маңызды екенін ұжымның есіне салып отырудан жалыққан емеспін. Сонда ғана ұлтқа қызмет жасауға адалдық танытамыз.

Ұлтқа қызмет жасау – әр адамның өз ісіне адалдығынан көрініс табары сөзсіз. Оның ішінде, мектептегі ұстаздардың әр оқушыны өз баласындай көріп, ертеңгі күні өмірден таяқ жеп, жылап отырмайтын жағдайын ойлап қабылдауы.Ол үшін Абай атамыздың «кез-келген ортаға біліміңмен емес, мінезіңмен сыясың» дегенін, Алихан атамыздың «ұлтқа қызмет ету білімнен емес, бірінші тәрбиеден» дегенін еске түсіргім келді.

Шын мінез қабырғаңды біртіндеп сөгіп жатса да отбасыңа,ұрпаққа, халқыңа пайдасы тиюі үшін адал қызмет ету деп түсінемін. Олай болса, балаларға құндылықты қалыптастыруда бірінші құндылықты өз бойымыздан іздеп көрейік дегім келеді.

 Рысжан ШАМҰРАТОВА,
Ақмола облысы білім басқармасының
Астана қаласындағы №2 «Дарын»
 мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының директоры.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар