Сарыоба кеші көңілді

Тәуелсіздік күні қарсаңында Сарыоба ауылында жаңа мәдени нысан іске қосылып, тұрғындар игілігіне берілді.

Ауылдағы бұрынғы сауда үйінің ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, нысан толығымен жаңартылған. Ғимараттың қасбетінен бастап, шатыры, төбелері мен есік-терезелері толығымен ауыстырылып, айналасы барынша абаттандырылған.

Ауылдық округтің әкімі Аманкелді Мұхаметрахымовтың айтуынша, демалыс кешені барлық заманауи талаптарға сай келеді және ауыл тұрғындарының игілігі үшін жұмыс істейтін болады.

–«Сары-Оба Астық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің инвестициялық қолдауының нәтижесінде біздің елді мекендегі бір қабатты ескі нысан қайта жаңғыртылып, жастардың да, қарттардың көңілінен шығатын мәдени орынға айналды деп ойлаймын. Мұнда кітапхана залы, күрес секциялары, шахмат, дойбы, басқа да үстел ойындарына арналған кабинеттер бар. Сондай-ақ, ресми кездесулер мен мәдени іс-шараларға арналған акт залы біраз кеңейтілді. Балалар әртүрлі үйірмелерге қатыса алады. Бізде бүгінде хореограф бар, ол балаларға заманауи билерді үйретуде. Аудандық мәдениет бөлімі жаңа аппаратура сатып әперді, басқа да қажетті жаңа жиһаздар алынды, – деп атап өтті ауыл әкімі.

Өткен жылы ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту бағытында бірқатар жұмыстар жүргізіліпті. Жаңа нысанның пайдалануға беріліп жатқанына көпшілік дән риза.

–Енді біздің қарттарымыз кітапханаға барып, өздеріне қызықты әдебиеттерді оқып, рухани азық болатын. Ал, балаларымыз түрлі секциялар мен шығармашылық үйірмелеріне барса, әрі талантты, әрі шымыр болып өседі деп сенеміз. Осындай жақсы бастаманы қолға алып, атсалысқандарға алғысымыз шексіз,  – деп өз ойымен бөлісті ауыл тұрғыны Еркежан Силам.

Сонымен қатар, биыл Сарыобадағы ауылішілік жолдарға жөндеу жүргізіліп, асфальттың алғашқы қабаты төселіпті.

–Бұл қолға алынған жұмыстар келесі жылы аяқталады, 5 шақырым жолға асфальт төселеді. Сонымен қатар, біздің ауылда жел электр станциялары бой көтерді, балаларға ойын алаңдары, мини-футбол алаңы орнатылды. Өткен жылы су мұнарасы қалпына келтірілді. Ауылдық округтің ауыл шаруашылығымен айналысатын екі тұрғыны «Ауыл аманаты» бағдарламасымен өз бизнестерін ашқаны біз үшін тағы бір қуанышты жаңалық болды, – деп Аманкелді Мұхаметрахымов атқарылған істер жөнінде толық мағлұмат берді.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар