Жыл басталысымен интернет желілері мен БАҚ-та Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикалық «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбаты талқылануда. Әр саладағы белгілі тұлғалар мен сарапшы, саясаткерлер пікірлерін білдіріп, әлеуметтік желілерде осы сұхбатқа қызу үн қосуда. Әрине, бір сұхбат төңірегінде барлық түйінді, сырды ақтарып біту мүмкін емес. Дегенмен, бұл диалог алаңында берілген ақпараттар көптеген мәселелердің басын ашып, қоғамда серпінді ой туғызды. Президенттің журналист қойған әр сұрақты пайдаланып, көңіліндегі тұщымды ойларын жеткізе білгенін аңғаруға болады. Ондағы көздегені, көптен бері халықтың көңілінде жүрген сұрақтарға жауап беру арқылы, сыңар жақ пікірде немесе екі ойлы күйде жүрген ел азаматтарына дұрыс бағыт нұсқап, халқының мақсат, мүддесін бір арнаға тоғыстыру екенін аңғарғанымыз жөн болар.
Осы орайда, облыс орталығындағы «Достық» үйінде Қоғамдық кеңестің төрағасы Ермек Нұғмановтың модераторлығымен кеңес жанындағы тұрақты комиссиялардың төрағалары, мүшелерінің және журналистердің қатысуымен дөңгелек үстел болып өтті. Жиын барысында қатысушылар, Президенттің берген сұхбатына байланысты пікірлерін ортаға салып, талқылаулар өткізді. Сұхатты оқып түсініп қарасақ, Мемлекет басшысы екі жыл бұрын орын алған қаралы «Қаңтар» жайына көп тоқталып, кеңірек айтқан.
Алғашқы болып сөз алған тұрақты комиссияның төрағасы Бақыт Смағұлдың айуынша, Қаңтар оқиғасының себеп-салдарын бұрмалап көрсетудің қажеті жоқ. Бұл Президенттің сөзіне қарсы шығу емес, қоғамдық пікірдің түйткілі деп ойлаймын. Өйткені, бейбіт шеру екенін мойындайтын уақыт келді. Бірақ, бізде ашық түрде мұндай баға берілген жоқ» дей келе, Көкшетау өңірінен де ауылдың қарапайым қазақ жастары келіп, бейбіт шеру өткізгенін еске түсірді. «Олардың қатарында ешбір саяси қызметкер немесе топтар да болмаған. Тек ғана әлеуметтік мәселелерді көтерген. Сондықтан, Қаңтарға қатысушыларды, билікке қарсы шыққандардың қатарына қосу дұрыс емес» дейді. Оқыған болсаңыздар, Президентіміз сұхбатында «Мен бұл туралы көп ойландым, әлі де жиі ойланамын.
Меніңше, қасіретті Қаңтар оқиғасына жылдар бойы қордаланған әлеуметтік-экономикалық проблемалар, жалпы тоқыраудың билік пен қоғамды аздырып-тоздыруы себеп болды. Бұл – айтпаса да түсінікті жайт», деп қаралы күндердің орын алу себептерін ашып айтқан болатын. «…Кейбір лауазымды тұлғалардың, оның ішінде бұрынғы Әділет министрінің мәртебе жағынан Елбасы Президенттен жоғары тұратынын айтқаны естеріңізде шығар. Кейбір шенеуніктер біресе ана, біресе мына кабинетті жағалап жүрді. Олар ойнақтап жүріп, ақыры от басты. Мен кейінірек Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа оның жақын серіктерінің саяси қитұрқылығы еліміздің тас-талқанын шығара жаздағанын ашық айттым. Қалай десек те, мемлекетте үлкен және кіші президент деген болмауы керек деп санаймын. «Кеттің бе – қайырылма!» Болашақта ел тізгінін ұстайтын азаматтар осы жағдайдан сабақ алып, мұндай нәрседен қашық болуға және тек қана мемлекеттің мүддесі мен қоғамның береке-бірлігін ойлауға тиіс» деген Президент пікірін, сарапшылар батыл айтылған пікір деп бағалауда. Түсінген адамға бұл ойлары, үлкен сабақ.
Оған қоса, Қоғамдық Кеңестің мүшесі Марат Қойшин Мемлекет басшысының «Жаңа жыл – әрине, күнтізбенің жаңа парағын ашатын маңызды меже. Осы сәтте өткен жылды қорытындылап, келешекке жоспар құру әдетке айналған. Бір жағынан, Жаңа жыл мен үшін қастерлі мереке емес. Оның үстіне, өзіміздің төл жаңа жылымыз – Әз Наурызды естен шығармаған жөн. Бұл мейрам – тіршілікті түлете келетін нағыз табиғи жыл басы. Наурыз – жаңару мен жаңғырудың символы. Сондықтан, төл мерекеміздің мазмұнын байытып, оны барынша ерекшелеп, жаңаша атап өтуіміз керек. Бұл қадам қоғамды ұйыстырып, ұлттық бірегейлігімізді айшықтап, ел бірлігін нығайта түсуге ықпал етеді деп сенемін», деген пікірін қолдайтынын айтып, алдағы уақытты соған қадам жасауға шақырды.
Қорытындылай келе, Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Кемелұлы Тоқевтың жаңа сұхбаты саяси жүйедегі кейбір түсінбейтін, екі ойлы пікір қалыптасырған мәселелерді аңғаруға жол ашты. «Біз озық ойлы ұлт ретінде халқымызды ыдырататын емес, біріктіретін жолды таңдап, тек қана алға қарауымыз керек», дейді. Бұл пікірі бірлік пен берекені ту еткен қазақты жік-жік боп бөлінбеуге, арандатушыларға ермеуге шақырғаны емес бе? Сұхбатта біраз мәселелер ашық айтылды. Ең бастысы, шынайы сөз шындықтың туы болып желбіресе екен деген тілегіміз бар.
Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа жараның» өз тілшісі.