Қазақтың дәстүрлі ырымдары

Қыз туса, үйге тұтқа болсын деп кіндігін от орнына көмеді. Ұл туса, түзге тұтқа болсын, елдің қорғаны болсын деп, кіндігін алты қырдан астырып тастайды.

***

Жаңа туған нәрестені ауыздандырарда жеті жұрттың тілін білсін десе сауысқанның тілімен, күйші болсын десе домбыраның құлағымен, бай болсын десе қойдың құйрығымен ауыздандырады.

***

Қаз басып жүре бастаған баланың тұсауын кесерде үш түрлі тілекпен кеседі. Бірінші, баланың тұқымы өсіп-өніп, шөптей көп болсын деп аяғын шөппен тұсап кеседі. Екінші, малды, майлы болсын деп, аяғын тоқ ішекпен тұсап кеседі. Үшінші, адал болсын, біреудің ала жібін аттамайтын шыншыл болсын деп, баланың аяғын ала жіппен тұсап кеседі.

***

Баланы зарығып көрген адам дүниеге келген нәрестесін біреуге беріп, одан қайта сатып алу ырымын жасайды. Мұндайда қайта сатушы адам, балаға көз тимесін, аман болсын деген тілекпен дуана кейпінде киіндіріп, бас киіміне қауырсынның тозығы жеткен сояуларын қадайтын болған.

***

Бұрынғы көшпелі өмірде әрбір ауыл, әрбір әулет көш басындағы түйе жүгінің үстіне қырғауыл қауырсынын қадайтын болған. Кейде қауырсынды қырғауылға ұқсата құрастырып, шаңыраққа қонақтатады. Мұнысы, сән-салтанатты көштің барар жеріне құстай тізіліп тез жетсін деген ырым.

***

Көшпелі қазақ амандық-саулық білісуге айрықша мән беріп, жөнімен сәлемдесуді ырым көретін болған. Мәселен, мал жайып жүрген малшыға есендескенде «Жаяр көбейсін!», «Өріс шүйгін болсын!», «Өріс кең болсын!» – дегендей тілек білдіре тіл қатады. Мұндай тілекке «Айтсын», «Айтқаның келсін», деп жауап беріп, әрі қарай жөн сұрасып кететін болған.

***

Сол сияқты, мал суарып тұрса, «Суарар көбейсін!», көшке кездессе «Көш көлікті болсын!», «Көш байсалды болсын!», жолаушыға кездессе «Сапар оң болсын!», «Жол болсын!», бас қосқан ортаға тап болса «Орта толсын!», мал сойып жатса «Сояр көбейсін!», «Соғым шүйгін болсын», шөп шауып, қи ойып немесе басқа жұмыс жасап жатса «Еңбек берекелі бол- сын!», киіз басып жатса «Басар көбейсін!», «Еңбек зейнетті болсын!», қой қырқып жатса «Қырқым көбейсін!», өлік үстіне кезіксе «Қазаның артының қайырын берсін!», кештетіп үйге кірсе «Кеш жарық!», бала туған үйге кірсе «Нәрестенің бауы берік болсын!», ауыл жаңа қонып жатса «Қоныс құтты болсын!» т. б. дегендей тілектер айтысып амандасу рәсімі қалыптасқан. Және бұлай амандасу жақсы ырымға баланған. Тіптен, танымайтын адамнан жөн сұрасқанда «Кімсің!» деп дүңк еткізбей, «Танымадық қой» деп сыпайылап тіл қатқан. Көшпелі-қазақтың ислам діні ықпалынан ада дәстүрлі амандасуы «Армысыз!», «Армысыздар!» деп айтылса, бұл сөздің де мән-мағынасы «арлымысыз!», «тазамысыз» деген тілекпен астастып жатыр. Байырғы түркі тілінде «ары» – тазару, «арық» –таза, «арыс» – таза, киелі деген мағына берген.

 

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар