Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздің аға басылымы – «Egemen Qazaqstan» газетіне берген көлемді сұхбатында өткен жылы қолға алынған бастамалардың нәтижелерін қорытындылап, бірқатар саяси жағдайларға баға берді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек» атты сұхбатында қоғамды толғандыратын біраз өзекті мәселелерге өзінің ашық пікірін білдірді. Өткен жылы атқарылған бірқатар игілікті істер, оның ішінде «Жайлы мектеп», «Ұлттық Қор балаларға» бағдарламаларына шолу жасап, алдағы уақыттың жоспарларымен бөлісті.
Менің ойландырған мәселе – қоғамды толғандыратын, осыдан екі жыл бұрын орын алған оқиға болса да әркімнің ойында түрлі сұрақтар туғызатын Қаңтар оқиғасына қатысты ойын ашық жеткізгені. Ол өз сөзінде: «Қаскөйлердің мемлекеттік төңкеріс жасамақ болған жоспарын жүзеге асыру үшін экстремистер, қылмыстық топтар және әсіре діншілдер бірге қимылдады. Олардың мақсаты ел ішіне үрей туғызу, мемлекеттік институттардың қызметін тұралату, конституциялық құрылымның іргесін шайқау, ақыр соңында билікті басып алу еді.Сол кездегі ахуал өте күрделі болды, еліміз құрдымға кетуге шақ қалды. Бұған жол бермеу үшін барлық іс-әрекетті күндіз-түні және сағат сайын тікелей өзім бақылап отырдым. Ішкі істер министрлігі арқылы Ақорда резиденциясына түрлі шабуыл жасалғалы жатыр, соған жүк көліктері пайдаланылады деген ақпарат жетті. Маған бас сауғалап, резиденциядан кету, тіпті шетел асу туралы ұсыныс бірнеше рет айтылды. Бірақ мен бұған үзілді-кесілді қарсы болдым. Теледидар арқылы жасаған мәлімдемелерімнің бірінде қандай жағдай болса да жұмыс орнымда қалатынымды ашық айттым. Екі апта бойы тапжылмай, Ақордада болдым, күн-түн демей, шұғыл жиналыстар өткіздім. Сол аласапыран күндерде мемлекетімізді сақтап қалу, елдегі заң мен тәртіп үстемдігін қалпына келтіру ең басты міндет еді»,–дейді. Бұдан Мемлекет басшысының халық сеніп тапсырған міндетіне, қызметіне аса жауапкершілікпен қарайтындығына, батылдығына, сарабдал саясаткерлігіне көз жеткізуге болады.
Сонымен бірге, Қасым-Жомарт Тоқаев сұхбат алушының Президенттік билікті қолына алған 2019 жылдан бергі билік жүйесіне қатысты қойған сұрағына тура, әрі нақты жауап берді. Қосарланған билікті орнатуға талпынғандардың әрекеті осы Қаңтар оқиғасының орын алуының алғышарттарының бірі болғанын, бұл саяси қитұрқылық еліміздің тас-талқанын шығара жаздағанын ашық жеткізді. Тіпті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қайта билікті қолына алуы турасында қойылған сауалға байланысты «Кеттің бе – қайырылма» деген ұстанымды ұстанатынын жеткізді. Себебі, ол Қазақстан Республикасының Президенті ретінде келешекте ел тізгінін ұстайтын әрбір азаматтың Ата Заңнан аспай, бір рет сайлануын ғана қолдайтын және заңға осы орайда ешқашан өзгертілместей өзгеріс енгізуге бастама көтерген басшы. Бірқатар тарихи, ішкі-сыртқы саясат төңірегіндегі өзекті мәселелерге салиқалы сын-пікірлерін білдіре отырып, болашаққа деген зор үмітпен алға ауқымды міндеттер де қойды.
Ұлттық экономиканың негізгі бағыттарына тоқталған Президент, әр өңірдің дамуына, әр саланың өркендеуіне ерекше назар аударды. Өнеркәсіп саласының дамуына, инвестициялар тарту, бизнесті қолдау, алған несиелерін өтей алмай жүргендердің жағдайы, қымбатшылық, ішкі-сыртқы саясатты дамыту, кадр мәселелеріне қатысты көзқарастары халық ойынан шығады деген ойдамын.
Жаңа жылдағы келелі сұхбат елді толғандырған сан сауалдың сырын ашып, тігісін жатқызған тәрізді. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының жаңа бастамаларына сәттілік, халқымызға береке-бірлік, татулық тілеймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай.
Талғат ДЖАПАРОВ,
Бурабай аудандық мәслихатының депутаты.
***
Өткенсіз болашақ жоқ
Республикалық «Егемен Қазақстан» газетіндежариялансұхбатында ел Президенті 2024 жылға жоспарланған біршама іс-шаралар мен айтулы тарихи даталарға тоқтала келе, биыл Жошы ұлысының іргесі қаланғанына 800 жыл толатынын айтып өтті.
Тарихшы ретінде мен осыған ерекше зейін қойдым. Мемлекет басшысының тарихи тақырыптарға қатысты кез келген пікірі, сөздері, шын мәнісінде аса маңызды оқиға болып табылады. Соңғы жылдары, мемлекет тарапынан Жошы ұлысы тарихына айрықша көңіл бөлінуде. Мемлекеттің осы тарихи кезеңге, әсіресе, Жошы Ұлысы мемлекетіне назар аударуының әр жағында ғылыми-танымдық мақсат-мүддеден бөлек, практикалық мән бар екенін де айту керек. Осы бағытта идеологиялық жұмыс, тарихи өткеннен символдық капитал іздеу, оны бүгінгі күн тәртібіне бейімдеп қолдану ишараты байқалады.
Барша Әлем бүгінде ХХІ ғасырдың заманауи сын-тегеуріндерімен кезіккен кезеңде Тәуелсіз Қазақстан кез-келген қоғам сияқты, тығырықтан шығудың жолдарын, болашаққа бағыт-бағдарды, күш-қуатты тарихи өткеннен іздейді. Себебі, өткенсіз болашақ жоқ. Мәселен, этносаралық, конфессияаралық мәселелер, ұлт құрылысы (Nation building) мәселелеріне қатысты жауаптарды нақ осы Жошы Ұлысы кезеңдерінен табуға болады. Жошы Ұлысында адамдардың тіліне, нәсіліне қатысты ешқандай қысым болмағаны белгілі, ол кезде діни толеранттылық, төзімділік, еркіндік өріс алды. Былайша айтсақ, кейбір өткір мәселелер бойынша Жошы ұлысы жас Қазақстан мемлекетіне role model(үлгі болатындай) бола алады.
Кеңестік кезеңде Алтын Орда тақырыбы ғылым социологиясының терминімен айтсақ, перифериялық тақырыптардың бірі болғаны белгілі. Яғни, ресми советтік тарих ғылымы айналысатын, зерттейтін басты орталық (ядро-центр) тақырыптардың қатарында болмаған. Бұл тақырыппен академиялық ғылыми мансап құру, өсу мүмкін емес еді. Сондықтан, Кеңес Одағы кезеңінде Алтын Орда тақырыбымен айналысқан ғалымдар некен-саяқ еді. Олардың ғылыми өмірі де ешкімге білінбей беймәлім өтіп жатты. Мысалы, В.П.Юдиннің ғылыми шығармашылығын айтуға болады. 1969 жылы «Материалы по истории Казахских ханств» атты жинақтың басты авторларының бірі болған ол, тіпті ғылым кандидаты болмаған еді…
Қазір Жошы Ұлысы тақырыбы перифериялық тақырыптан орталық тақырыптарға айналып жатқанына тірі куәгерміз. Оған дәлел, 2019 жылы Жошы Ұлысы мемлекетінің 750 жылдығы тойланды, бірнеше халықаралық конференциялар мен ғылыми семинарлар өткізілді. Алтын Орда тақырыбына қатысты зерттеулер – мақалалар, ғылыми жинақтар және диссертациялық жұмыстар тақырыбы бекітіліп, жазылуда…
Осы жерде Президент айтқан Жошы ұлысы іргетасының құрылғанына 800 жыл және 2019 жылы 750 жылдығы тойланды деген екі түрлі санға түсініктеме бере кетсем, алдыңғысы бойынша Шыңғыс хан үлкен ұлы Жошыға 1224 жылы жер береді, ол жер – Қазақстанның аумағы, ал, екіншісі – 1269 жылы Жошы мемлекеті пайда болады.
Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жаңа жылдың алдыңғы аптасында республикалық газетке берген сұхбатында бірқатар саяси тақырыптарға өз ойын ашық жеткізгені құптарлық. Оған саясаткер әріптестерім кеңінен тоқталар, ал мен тарихшы ретінде ондағы айтылған ойлар, тың идеяларды қолдаймын және алдағы уақытта оның жүзеге асырылып, қоғамда кең қолдауға ие боларына сенемін.
Талапкер УӘЛИЕВ,
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің
Қазақстан тарихы, география және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер
кафедрасының аға оқытушысы, Жошы ұлысын зерделеу
ғылыми институтыныңғылыми қызметкері.