Жерлестеріміз жасөспірімдердің қысқы Олимпиадасында ел намысын қорғайды

Биылғы жылдың басты оқиғаларының бірі – Оңтүстік Кореяда өтетін жасөспірімдер арасындағы ІV қысқы Олимпиада ойындары. Бұл айтулы спорт мерекесіне Қазақстан құрама командасының құрамында біздің облыстан үш жасөспірім қатысады.

Азия құрылығында алғаш рет ұйымдастырылғалы отырған жасөспірімдердің қысқы Олимпиадасына біздің мемлекет төртінші мәрте қатысқалы отыр.

2012 жылдан бері өткізіліп келе жатқан спортшылар бәйгесіне 70 мемлекеттен 1800 жас спортшы қатысып, биатлон, бобслей, тау шаңғысы спорты, керлинг, коньки, шаңғы, трамплиннен секіру, шана спорты, скелетон, сноубординг, мәнерлеп сырғанау, фристайл, хоккей, шорт-трек секілді спорт түрлерінен бақ сынайтын болады. Қазақстан құрама командасының құрамында Ақмола облысынан биатлоннан Мария Воробьева (жаттықтырушысы – С.Морозов), Кирилл Зотов (К.Рыбинцев) және шаңғыдан Әубәкір Тотанов (Т.Сергеев) ел намысын қорғайтын болады. Бұл жас өрендерге ел болып үміт артамыз.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының спорт бөлімінің басшысы Анастасия Шкроботтың айтуынша, бұл спортшылардың үшеуі де №2 облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдердің олимпиадалық резерві мектебінің тәрбиеленушілері.

– Спортшылар қаңтар айының 4-14-і аралығында оқу-жаттығу жиындарына қатысады, 15-і күні Алматы қаласынан Қазақстан Республикасының құрамасымен бірге жасөспірімдердің қысқы Олимпиада ойындары өтетін Оңтүстік Кореяға ұшады. Біздің жерлестеріміз елге өз жарыстарын аяқтаған соң, қаңтардың 26-сына таман келеді. Жас спортшыларымызға сәттілік тілейміз, – дейді аталмыш бөлім басшысы.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар