2024 ТАРИХИ ТҰЛҒАЛАР ЖЫЛЫ

Өз елі өз ерлдерін ескермесе,
Ел тегі қайдан алсын кемеңгерін?!
Ілияс ЖАНСҮГІРОВ.

 Біржан сал – 190

 Қазақтың әйгілі ақынысазгері Біржан сал Қожағұлұлы  1834 жылы Ақмола облысының Біржан сал ауданында дүниеге келіп, 1897 жылы алпыс үш жасында туған жерінде қайтыс болған.

Бозбала кезінен әнші-ақындардың қасына еріп, той-думанның сәніне айналады. Шөже, Салғара, Толыбай, Орынбай, Нүркей, Сегіз сері, Арыстан тәрізді өнер иелері – Біржан салдың ұстаздары болған. Ол орта жүз Керей тайпасы Ақсарыдан шыққан.

Біржанның үлкен әкесі – Қожағұл, өз әкесі Тұрлыбай қарапайым шаруа болған. Біржан алғаш ауыл арасында ән салып, өнер куған, бертін келе өз жанынан да ән шығара бастайды. Ол – қазақтың әншілік-орындаушылық өнерін дамытып, халық музыкасын өз шығармашылығымен биік белеске көтерген аса дарынды халық композиторы.

Балуан Шолақ – 160

 Балуан Шолақ Нұрмағанбет Баймырзаұлы (18641919) – қазақтың халық композиторы, ат ойынының түрлі тәсілін меңгерген өнерпазы, күш өнерін көрсеткен спортшысы, жауырыны жерге тимеген балуаны.

Оның есімін де халық осы соңғы өнеріне сүйсінгендіктен еркелетіп, жас күнінде саусағын үсітіп алуына байланысты «Балуан Шолақ» деп атаған, әйтпесе өзінің азан шақырылып қойылған шын аты –Нұрмағанбет. Шыққан тегі – Ұлы жүздің Дулат тайпасының Шымыр ішіндегі Сәмбет руынан. Бірақ аталары ерте кезде Арқаға қоныс аударғандықтан, оның бар өмірі Көкшетау өңірінде, атығай, қарауыл руларының арасында өскен.

Шаймерден Қосшығұлұлы – 150

 Көрнекті Алаш қайраткері, діндар Шаймерден Қосшығұлұлы 1874 жылы Ақмола облысы Көкшетау уезі Қотыркөл болысында туған.

Патшалық Россияның қазақ даласындағы бүл отарлық саясатына қарсы Көкшетау молдасы Наурызбай Тала сұлы және оның көмекшісі Шәймерден қауым арасында белең ала бастаған демократиялық озық ой-пікірді, азаттық қозғалысты біріктіріп өлкені тұтас қамтитын мүфтиге бағынатын, дербес діни панисламдық ұйым құруды көздеді. Өз қимыл-әрекеттерінің пәрменділігін, ықпалын арттыру үшін қазақ жұртына құрметті де беделді адамдарға иек арту мақсатымен ол Абайға екі рет хат жолдаған.

Кеңес өкіметі оны 1931 жылы Петропавл түрмесіне жабады. Әбден қиналған, саясаттан теперіш көрген қайраткер 1932 жылы Омбы жерінде қайтыс болады.

Мұхаметсәлім Кәшімов – 140

 Ақын, журналист Мұхаметсәлім Әбдірахманұлы Кәшімов 1884 жылы Ақмола облысыБіржан сал ауданында туған.1935 жылы Біржан сал ауданында қайтыс болған.

Жас кезінде әкесінен, кейін молдадан оқып, хат таныған. Әкесіне еріп Меккеге қажылыққа барып, «Бала қажы» атанған. Ол – бірнеше тәлім-тәрбиелік еңбектердің авторы.

1911-1914 жылдары «Айқап» журналында қызмет істей жүріп, ел ішіндегі мектеп-медреселердің жай-күйі, олардағы оқу-тәрбие істерінің барысы жайында ой қозғаса, Жетісу, қырғыз, қытай қазақтарын аралаған кезінде (1915-16) этнографиялық очерктер жазған. Онда елдің тұрмыс-салты, әдет-ғұрпымен бірге оқу-ағарту мәселелерін де сөз етіп, тәлімдік ой-пікірлерін ортаға салады.

 Қайретдин Болғанбаев – 130

 Болғанбаев Қайретдин Әбдірахманұлы 1894 жылы Ақмола облысы Қорғалжын ауданында дүниеге келіп, 1937 жылы Ташкентте дүние салған. Түркістан автономиясын құруға атсалысқан (1917, желтоқсан – 1918, ақпан). Орынбор қаласындағы «Хұсния» медресесінде оқып жүрген кезінде «Қазақ» газетінің редакциясында жұмыс істейді. 1922-1923 жылдары Ақмолада, 1924-1927 жылдары Петропавлда халыққа білім беру бөлімі меңгерушісінің орынбасары болды. 1928 жылы ОГПУ шешімімен «халық жауы» ретінде 5 жылға сотталып, Батыс Сібірге жер аударылды. 1934 жылы Алматыға келіп, кейіннен қазіргі Түркістан облысының Сарыағаш ауданына қарасты Қапланбек ауылында тұрған. 1937 жылы саяси қуғын-сүргін кезінде тұтқындалып, атылды. 1958 жылы 26 ақпанда ақталған.

Сағадат Нұрмағамбетов – 100

 Кеңес Одағының Батыры, тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш қорғаныс министрі, Халық Қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов 1924 жылы қазіргі Ақмола облысы Ақкөл ауданы Қосым ауылында туған.

21 жасында Кеңес Одағының Батыры атанған Сағадат Нұрмағамбетов Тәуелсіз ьҚазақстанның Қарулы Күштерін құрып, нығайтуға зор үлес қосты. «Нұрмағамбетов қатысқан ұрысты Кеңес Одағының маршалы Жуков бақылапты. Ол Сағадат Нұрмағамбетовке Кеңес Одағының Батыры атағын беруге ұсынады. Бұл нақты ерлік еді», – дейді ол «Долг, Честь, Подвиг Сагадата Нурмагамбетова» атты деректі фильмде.  Осылайша, 1945 жылдың 27 ақпанында 21 жасында Сағадат Нұрмағамбетовке Кеңес одағының батыр атағы беріледі.

Сәкен Нұрмақұлы Жүнісов – 90

Көрнекті жазушы, прозаик, драматург, публицист, әдебиет сыншысы, қоғам қайраткері Сәкен Нұрмақұлы Жүнісов Көкшетау (қазіргі Солтүстік облысы) облысының Қызылту ауданына қарасты Кішкенекөл ауылында 1934 жылдың 1 ақпанында дүниеге келген.

Еңбек жолын, Қазақ мемлекеттік университетін тәмамдағаннан кейін, «Пионер» журналында әдеби қызметкер болып бастаған Сәкен Нұрмақұлы М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында әдебиет бөлімінің меңгерушісі, КСРО Әдеби қорында Қазақ бөлімшесінің директоры, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы қызметтерін атқарған. Қаламгердің балаларға арналған алғашқы «Сонарда» атты кітапшасы 1959 жылы, 1962 жылы «Кімнің мекені жақсы», 1983 жылы «Сақау бәтеңке» атты кітаптары жарық көрді. Сәкен Нұрмақұлы «Өшпейтін іздер», «Заманай мен Аманай» повестерінің, «Жапандағы жалғыз үй» романының, «Ақан сері» дилогиясының авторы. Оның драматургия жанрындағы «Ажар мен ажал», «Тұтқындар», «Қызым, саған айтам», «Жаралы гүлдер», «Қос анар», «Өліара» тағы басқа шығармалары Республика театрларында сахналануда.

Қарымды қаламгер, біртуар тұлға Сәкен Нұрмақұлы Жүнісовтың есімі келер ұрпақтар есінде мәңгі сақталады. 1994 жылы көрнекті жазушыға Көкшетау қаласының Құрметті азаматы атағы берілді. Көкшетау қаласының № 18 мектеп-лицейіне, қаланың бір көшесіне жазушының есімі берілген. Қазақ әдебиетінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан жазушының көркем сөзбен өрнектелген туындылары қазақ руханиятының алтын қазынасы болып қала бермек! Көкшетау қаласының Құрметті азаматы.

Әлеуметтік желі материалдары бойынша ықшамдап
дайындаған Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар