Ауыл жайлы ой бөлісті

Облыс орталығында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Мәжілістің аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы, сондай-ақ, «Ауыл» партиясының төрағасы Серік Егізбаев Ақмола өңіріндегі партия активімен кездесті.

Депутаттың өңірге келуінің басты мақсаты сайлаушылармен кездесіп, Парламенттің жұмысы жөнінде баяндау және түрлі еңбек ұжымдарының өкілдерінің қандай да бір ұсыныстарын тыңдау болып табылады. Кездесуде Ақмола облысының халқы мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің бірқатар өзекті мәселелері талқыланды. Соның ішінде жайылымдық жерлердің жетіспеушілігі, жерді тиімсіз пайдалану, тыңайтқыштарды қолдану әсері және тағы басқа мәселелер басты орын алды. Іс шара ауыл шаруашылығы саласының  ардагері Хамит ҚайыржанұлыӘбсәматовты марапаттаудан басталды. Өзінің еңбек жолын 1971 жылы Еңбекшілдер ауданының Восточный ауылында қарапайым мал дәрігерінен бастап,  «Донской» кеңшарының бас мал дәрігері, «Мамай» кеңшарының директоры болды. Өз міндеттеріне адал қарап, жануарлар арасында жұқпалы және инвазиялық аурулардың пайда болуына жол бермеді. Әр түрлі лауазымдарда жұмыс істей жүріп, егістік пен мал шаруашылығында жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді. Осыған байланысты,  бірнеше рет Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттармен марапатталды.2013 жылдан бастап «Ауыл» партиясының мүшесі. Қазіргі уақытта өңірдің қоғамдық жұмыстарына белсене араласуда.       −Бүгінгі таңда біз сияқты зейнеткерлерді ұмытпағандарыңыз үшін алғысымды білдіремін. Ауыл шаруашылығы саласында жартығасырлық еңбегіміз бар. «Ауыл» партиясының жұмысына және осы саланың дамуына ат салысып жатырмыз.  Алдағы уақытта да барлық тәжірибемізбен білгенімізді жастармен бөлісіп, қолдау көрсететін боламыз, −деді өз сөзінде «Еңбек ардагері» медалімен марапатталған Хамит Қайыржанұлы.

Кездесу барысында биология ғылымдарының докторы, профессор Әбілжан Хұсайынов әрбір агроқұрылымда, шаруа қожалығында топырақ картасының болуы қажеттілігі жөнінде  айтып өтті.  21 ғасырда жерге топырақ картасы болмаса, жұмыс істеу қисынсыз.

−Сонымен қатар, бұл мәселеге біз де ат салыса аламыз. Ауылшаруашылығы маңызы бар жерлердің аумақтарына топырақ зерттеу жұмыстарын да жүргізу қажет. Мынадай мәселелер де бар, мысалы, астықтың сапасын жақсарту үшін көптеген агроқұрылымдар вегетациялық кезеңде, жазда өз егіс алқаптарын тыңайтқыштармен қоректендіреді. Оларды қандай мөлшерде және қалай қоректендіру керектігін білу үшін гист диагностикасын жүргізу керек−деді профессор.

Агроөнеркәсіптік кешенді ғылыми қамтамасыз ету үшін мемлекеттен қаржылай қолдау қажет. Мәжіліс депутаты Серік Егізбаевтың айтуынша, 2023 жылдың соңында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жайылымдарды пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды.

−Заң қабылданды және қазір Сенатта қаралуда, содан кейін Мемлекет басшысына қол қоюға жіберіледі және біз оның көктемнен бастап күшіне енуін күтеміз. Жайылым туралы заңда біз бүгінде ауылдық жерлерде жинақталған барлық мәселелерді қарастыруға тырыстық. Бұл, біріншіден, жайылымдарға иелік ету, жайылымдардың жай-күйін жақсарту, жайылымдарды суландыру, жақсарту қағидаты, жайылымдарды басқару жоспарын құру жұмысы. Заңда алғаш рет «қоғамдық жайылым» ұғымы енгізілді. Яғни, егер елді мекендердің айналасындағы барлық жер нақты орындаушылардың қолында болса, онда халық заң белгілі бір күшіне енген кезде, қоғамдық пайдаланушы ретінде осы жайылымдардың жай-күйі мен ережелерін басқаруға құқылы болады. Бұл Заң жобасы жайылымдарды пайдалану критерийлерін қатаңдатуды көздейді, −деді Серік Егізбаев.

Шара барысында ақбөкендер мәселесі көтерілді. Осыған қатысты бүгінгі туындаған мәселелер тұрғысында нақты ұсыныстар айтылды. Сондай-ақ, ғылыми әзірлемелерді енгізу және субсидиялау тақырыптары да қозғалды. Партия мүшелері, ғалымдар агроөнеркәсіптік кешенді одан әрі дамыту жөнінде өз көзқарастарын білдірді. Кездесуде  қойылған барлық сұрақтар мен айтылған ұсыныстар Парламентке жеткізілетін болады.

Ілияс ӘУБӘКІРОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар