Жадырап жүретін жан еді…

«Зәмзәгүл өмірден өтті» деген тосын хабардың жүректі қарып түскені кеше сияқты еді. Қырық күн өтсін, жүз күн өтсін қашанда жарқылдап, шуақты күндей жадырап жүретін Зәмзәгүл Естайқызының қазасы әсте өкінтпей қоймас, естен кетпес.

Қаншама жыл аралас-құралас жүргенде бір ренжіп, не әлдекімді қаралап, біреу туралы өкпе айтқанын көрмеппін. Өзі  адал ниетті, ақ пейілді болған соң, алдынан сондай адамдар шығып отыратын шығар. «Сен туралы біреулер жақсы сөз айтсын десең, өзің басқалар туралы тек жақсы пікір айт» деген қағида бар емес пе?

Аса мәдениетті, зиялы, ұстамды, байыпты Есағаң – Естай Мырзахметовтей атақты жазушы әке, қазақтың қасиетті әдет-ғұрпы мен мінез-құлқын бойына терең сіңірген Гүлжәмила Нұрханқызындай сән-салтанатты ақылгөй  ана тәрбиелеген жалғыз қыз әрі ерке, әрі батыл болатын. Қанша ерке болса да, ата-анасының мүбәрак тәрбиесін көріп, мағыналы-мазмұнды, тарих пен әдебиет, өркениет, ел-жұрт қамы туралы әңгімелерді естіп, оқып-тоқып өскен жан қиын кезде бар ауыртпалықты көтеріп, қайсарлық та танытты.Сірә, береке ұйыған, бақ қонған, төрінде  Кәкімбек Салықов, Әбілмәжін Жұмабаев, Ғаббас Қабышұлы, Сәкен Жүнісов, Тұрсынбек Кәкішұлы, Әзілхан Нұршайықов сияқты қазақтың небір қадірлілері отырып, Абылай хан, Қанай шешен,  Кенесары хан, Сегіз сері,  Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Шөжелер жайлы талғамды әңгімелерді, ұлағатты толғаныстарды тыңдап өсу текке кетеді дейсіз бе? Ол тәрбие  еліміз тәуелсіздікті жаңа алған тұста қазақтың алғашқы қарымды кәсіпкерлерінің бірі, туған інісі  Абай Мырзахметовтің ерте үзіліп, өмірден өткен кезінде көрінді. Сол бір қайғы жанышқан қысталаң күнде алдаспанынан айырылған ата-анасына демеу болып, бауырының атақты «Тұмар» фирмасын тұралатпай, дөңгелетіп алып кеткен еді, Зәмзәгүл!.. Оқыған оқуы, алған тәрбиесі, көрген-білгенінің сынға түскен шағы да осы болатын. Ол тек бизнесті алға бастырып қана қойған жоқ, басшы, қайраткер ретінде қоғам ісіне де белсене араласып, үлкен беделге ие болды. Оны өңір ғана емес, бүкіл еліміз таныды.

Қандай белесте, қандай биікте, қандай ортада жүрсе де Зәмзәгүл Естайқызы өзіне тән еркелігі  мен еркіндігінен, қарапайымдылығы  мен қайырымдылығынан айныған жоқ. Қызметінде де, өмірде де ашық, әділ де адал болды. Сондай қауырт, шешуі күрделі қызмет басында жүрсе де ол қазақ қызының ұлттық салт-дәстүрді бекем ұстанып жүріп те әлемдік даму үрдісінен кенде қалмайтынын айқын дәлелдеген.

Әкесінің көзі тұрғанда оның таңдамалы шығармаларының көптомдығын сапалы қағазға бастырып, әдемілеп, әрлеп-сәндеп шығаруды қолға алды. Оның алғашқы екі томдығын Есағаң көріп кетті. Мәре-сәре қуанды. Бұл әкеге деген орны бөлек сый-құрмет емес пе? Ал, ол кісі өмірден өткеннен кейін Ғаббас Қабышұлы, Жабал Ерғалиев сияқты ағаларының ақыл-кеңесіне жүгіне отырып, «Ел жүрегіндегі Ес-аға» деген тақырыппен, тағы да керемет көркемдікпен естеліктер жинағын жарыққа шығарды. Бұл кітапқа Социалистік Еңбек ЕріБаян Жанғалов, бұрынғы мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі,  жазушы Шерхан Мұртаза, жазушы Алтыншаш Жағанова сияқты  елімізге танымал тұлғалардың, сондай-ақ, көкшелік аға-інілері, әріптестерінің жүрекжарды естеліктері енді. Сондай құнды кітапты Естай ағамыздың жылында бас-басымызға таратқаны есімізде.

Ата-анасын алақанға салғандай аялаған Зәмзәгүл Естайқызы Көкшеден қанат қағып, көтерілген талай жас дарынға қолдау көрсетті. Материалдық көмегі өз алдына, ол талант иелерімен пікірлесіп, өзінің ақыл-кеңестерін айтып, оларды мазмұнды әңгімесімен ынталандырып, жаңа биіктерге жетелеп те жүретін.

Міне, осындай, күн шуағындай  ғибратты тәрбие алған, белсенді, қолынан іс келетін, Алласына сыйынып,  әрдайым жадырап, жан-жағына мейірім нұрын төгіп жүретін Зәмзәгүл еді!..Қатар болған соң әзіл-қалжыңымыз жарасып, сырласатын да едік. «Әкем сені жақсы көруші еді ғой!» дегенінде, мөлт етіп көзіне жас толатын. Ол өзін жайқалған шынардай қылып өсірген ата-анасына деген құрметі мен сағынышының жасы болатын. Сол мейірбан күйінде қайтпас сапарына аттанып жүре беріпті. Өкінішті…

Жаның жәннатта болғай! Қолынан келер басқа қайраны жоқ пенде, осыдан басқа не айтар?..

                                                 Серік ЖЕТПІСҚАЛИЕВ,
                                                 ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар