Төтенше жағдайлардың алдын алу маңызды

Қазақстан Республикасының төтенше жағдайлар вице-министрі Бауыржан Сыздықов жұмыс сапарымен Көкшетауға келді. Ол идеологиялық, азаматтық-патриоттық тәрбиені насихаттау мәселелері бойынша Ақмола облыстық төтенше жағдайлар департаменті бөлімшелерінің жеке құрамымен  кездесті. «Көкшетау» мәдениет сарайында өткен жиында саланың дамуы да сөз болды.

Кездесуде Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің идеологиялық азаматтық, патриоттық және идеялық адамгершілік тәрбиені насихаттау бойынша ақпаратық насихаттау тобының құрамы таныстырылды. Оған Төтенше жағдайлар вице министрі, генерал-майор Бауыржан Сыздықов, төтенше жағдайлардың алдын алу департаментінің басқарма бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Асқар Нұрқанов, азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің басқарма бастығы Сұлтан Әріпжанов кірген көрінеді. Сондай-ақ, қатысушылардың назарына азаматтық қорғауға қатысты фильм ұсынылып, кейін мамандар азаматтық қорғаныс саласын жетілдіру бағытындағы ойларын ортаға салды.

Климаттың өзгеруі, экономикалық даму, урбанизация, өндірістік технологиялардың күрделенуі сынды факторлар төтенше жағдайлардың көбеюіне әсер етті. Тәуелсіздік жылдары Қазақстанда табиғи апаттардан келтірілген залал ондаған есе өсіп, олардың жиілігі үш есе артты. Сондықтан,  апаттарға қарсы іс-қимылдың жаңа идеологиясын құру мен іске асыру, сондай-ақ, азаматтық қорғаныстың түбегейлі өзгеше тұжырымдамасын қалыптастыру қажеттілігі туындайды. Осы туындаған мәселелер мен өзгерістер бойынша вице-министр бүгінгі таңда көптеген халықаралық тәжірибені ескере отырып, азаматтық қорғау жүйесінің төтенше жағдайларды жоюдан олардың алдын алуға көшуін қамтамасыз ету қажет екенін алға тартты.

−Төтенше жағдайлар және азаматтық қорғаныс саласындағы қызметті одан әрі дамыту жөніндегі негізгі идея мен мақсат, біріншіден, апаттармен күреске Үкімет, Азаматтық қоғам, халықаралық ұйымдар, ғылыми қауымдастықтар, қаржы институттары, жеке сектор және еріктілер қосылуы тиіс, −деп атап өтті  Бауыржан Сыздықов.

Сондай-ақ, вице министр бұл іс-шара 2022 жылдың қараша айында тұрғын үй кешеніндегі өртті сөндіру барысында қызметтік борышын өтеу кезінде өз басын қатерге тігіп, үш адамның өмірін сақтап қалған, бірақ, өкінішке орай, өзі күйіктен қайтыс болған елордалық өрт сөндіруші Асқар Забикулинге арналғанын да атап өтті.

−Бүгінде Асқардың ерлігі мен  өмірі – нағыз патриотизмнің, өз парызына адалдықтың үлгісі. Оның есімі Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің ғана емес, бүкіл еліміздің тарихында қалды. Осындай апаттарда ержүректік танытып, өз өмірлерін қиған оның және басқа да құтқарушылардың мысалында азаматтық қорғау органдары жүйесіне жұмысқа келетін жастардың жаңа буыны тәрбиеленетін болады. Өз ісінің маманы ретінде Асқар туралы жақсы естелік, біздің жүрегімізде мәңгі қалады, – деді Бауыржан Сыздықов.

Бүгінгі таңда әрбір қазақстандықтың қауіпсіздік мәдениетін арттыру қажет. Тәуекел деңгейін төмендету мәселесіне ұлттық саясатта басымдық берілуі өте маңызды. Осыған байланысты бүгінгі таңда ТЖМ қызметкерлерінің лауазымы мен шеніне байланысты біліктілік деңгейін, жалақыны арттыру бойынша жаңартулар енгізіліп, ведомствоның жаңа тұжырымдамасы қабылдануда.

Кездесу барысында төтенше жағдай зардаптарын жою кезінде ерекше көзге түсіп, наградалармен марапатталған қызметкерлер атап өтілді.

−Бүгінгі іс-шара Асқар Забикуллинге байланысты болып отыр. Осындай іс-шаралардың өткізілуі өте маңызды. Себебі, саланы дамыту бойынша жасалып жатқан жұмыстар мен енгізілген өзгерістерді жеке құрамға жеткізуге тиіспіз. Дегенмен, әлі де осы бағытта қарқынды жұмыс жасау қажет. Сондай-ақ, жастарға патриоттық сезіммен қатар, өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың ауыр және қауіпті еңбегін бағалау мен құрметтеуді үйретуіміз керек деп ойлаймын, – деді Көкшетаудағы №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі Тілеген Темірболатов.

Әлемдегі ең қауіпті мамандықтардың бірі – өрт сөндіруші қызметі. Нағыз батырларға тән мамандық жүректілік пен батылдықты талап етеді. Күнде өлім мен өмірдің арасында арпалысып жүргендердің құрал-саймандары сақадай сай, дайындықтары жоғары болуы керек. Себебі, бұл іс қателіктерді  кешірмейді.

Ілияс ӘУБӘКІРОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар