Жастарды жұмыспен қамту жобалары жалғасуда

Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Ақмола облысының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ерлан Мұхамедин «2023 жылы халықты жұмыспен қамту қорытындылары және 2024 жылға арналған жоспарлар туралы» БАҚ өкілдеріне арналған брифинг өткізді.

2023 жылы бекітілген өңірлік карта және облысты дамыту жоспары шеңберінде 31531 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланып, 35295 жаңа жұмыс орны, оның ішінде тұрақты 29 284 жұмыс орны құрылған. Ұлттық жобалар шеңберінде 299 инфрақұрылымдық жоба іске асырылып, 5810 азамат жұмысқа орналастырылғаны белгілі болды. Спикер өз сөзінде жастарды жұмысқа орналастыру мәселесі басым болып табылатынын айта кетті. Жастарға кәсіпкерлік бастамаларын дамыту үшін 2,5 пайыз жеңілдікпен шағын несиелер беру, «Жастар практикасы», «Бірінші жұмыс орны», «Жастарға арналған әлеуметтік жұмыс орындары», «Қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыру» сияқты жобаларды іске асыру шеңберінде жастарды жұмыспен қамту көзделіп отыр.

– Мен келесі шаралар туралы толығырақ айтқым келеді. «Күміс дәуір» жобасының мақсаты – зейнеткерлік жастағы адамдарды жұмыспен қамтамасыз ету. Жобаның ұзақтығы отыз алты ай болса, төлемнің бірінші жылғы мөлшері жалақының елу пайызын құрайды. Ағымдағы жылға АЕК көрсеткіші 110760 теңгемен белгіленді. Бірінші қаңтардағы жағдай бойынша жобамен 206 адам қамтылды, – дей келе Ерлан Мұхамедин бірінші рет жұмыс іздеп жүрген жастарға арналған бағдарламаны атап өтті. Онда жасы отыз бестен аспайтын жұмыссыз жастар ұзақтығы он сегіз айға дейін, төлемақысы отыз АЕК-ке дейін төленетін жұмыстарға орналаса алады.

Сондай-ақ, 2023 жылы жастарға кәсіпкерлік бастамаларын дамыту үшін 2,5 пайыз жеңілдікпен шағын несие берілген. Өткен жылдың қорытындысы бойынша жиырма бір жастан 35 жасқа дейінгі 185 жас кәсіпкер 855 миллион теңге сомасына жеңілдікпен шағын несие алған. Оған қоса, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін мемлекеттік гранттар беру жобасы бойынша 2023 жылы жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға халықтың әлеуметтік осал топтары (ХӘОТ) арасынан 233,2 миллион теңге сомасына 178 адам өтеусіз грант алса, бір адамға ол 400 айлық есептік көрсеткішке дейін берілген.

 Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар