Жаңа жылдан аудан жұртшылығы біраз жаңашылдықтарды күтеді

Жуырда Біржан сал ауданының мәдениет, денсаулық сақтау, білім, өндіріс нысандарын аралау, олардың тыныс-тіршілігі, жағдайымен танысу мақсатында облыстық ішкі саясат басқармасына қарасты Өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен баспасөз туры өткізілді.

БАҚ өкілдеріне арналған сапарды алдымен ауданға қарасты Үлгі ауылынан бастадық. Онда мәдениет саласының қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Үлгі ауылындағы Мәдениет үйін жөндеу жұмыстары басталған. Бұл нысанға іргетасы қаланған 1978 жылдан бері ағымдағы жөндеу жұмыстары ғана жүргізіліп келген. Араға қырық бес жыл салып, толық жаңарту жұмыстарына облыстық бюджеттен 146 миллион теңге бөлініп, «Көкшетау 2015» құрылыс серіктестігі ішкі жөндеу жұмыстарын бастап кеткен. Мердігердің айтуынша, күн жылына сыртқы жөндеу жұмыстарына кіріссе, мамыр айының аяғына дейін оңдалған Мәдениет үйінің ғимараты дайын болады. Ауылдық округтың әкімі Аружан Жолданғанқызы журналистерге құрылыс жұмыстарын таныстыру барысында, «ауылымыз үшін мектеп қандай маңызды орын алса, Мәдениет үйі де дәл сондай керек. Осылай қаражат бөлініп, жөндеу жұмыстарының басталғанына мен де, ауыл тұрғындары да дән риза» деген пікірін білдірді. Жұмыс кезінде сумен, кәріз, жылумен жабдықтаудың сыртқы желілері мен құрылыстары, абаттандыру, желдету жүйесі, ғимараттың ішінде және периметрі бойынша бейнебақылау, шатырды күрделі жөндеу, ішкі жұмыстарында қабырғаларды тегістеу, едендерді сырлау, аспалы төбені ауыстыру, есікті ауыстыру, ғимаратты қаптау қатарлы жұмыстар жүргізіледі.

– 1984 жылы оңдалғаннан кейін, жөндеу жұмыстары жүргізілгелі жатқаны осы. Біршама тозды. Жойылып кетпегеніне разымыз. Шындығында, ел болып, сақтап қалдық. Күрделі жөндеуден өтіп жатқанына қуаныштымыз. Мұнда өнерлі жастар бар. Мерекелерде бас қосу деген қиындап кеткен еді. Суық болған соң, жинала бермейміз. Алла жазса, жөндеу аяқталғаннан кейін келіп тұрамыз ғой, – дейді ауыл тұрғыны Дүйсенбай Тоқсанбай. Біржан сал ауданына қарасты Үлгі ауылында мыңнан астам тұрғын бар. Жөндеуден толығымен өтетін мәдениет ошағы шығармашылық ұжымдар мен өнерлі жастардың басын қосуға, демалыс орталықтарын ашуға мүмкіндік бермек. «Әр бейсенбі ғимараттың құрылыс жұмыстарын бақылау мақсатында ауылдық Қоғамдық Кеңестің отырысы өтеді», – дейді аудандық Мәдениет үйі директорының міндетін атқарушы Анар Ибраева.

Баспасөз турындағы келесі нысан «Аңсар» жеке кәсіпкерлігі болды. Үлгі ауылының тұрғыны Бәтима Қалибекова кәсібін өткен жылы қазан айында құрған. «Күміс алқа» иегері Бәтима алты баланы тәрбиелеп отырған ана. 2023 жылдың қазан айында «Бастау бизнес» жобасымен бизнес-идеяларды жүзеге асыру үшін мал шаруашылығы мен сүт және ашытылған сүт өнімдерін өндіру бойынша бизнес-жоспар жасайды. Нәтижесінде, 1,3 миллион теңге грант иеленіп, ірі қара мал сатып алған. Қазіргі таңда халық сұранысындағы табиғи сүт өнімдерін шығаруды бастаған. Кәсіпкерлік директоры Б.Қалибекованың айтуынша, алдағы уақытта ауыл дүкендері мен халық еркін сатып алатын сүт өнімдерін өндіру көзделген.

Сондай-ақ, сапар барысында аудан орталығы Степняк қаласындағы кондитерлік және қоғамдық тамақтандыру өнімдерін өндірумен айналысатын «Хафизов» жеке серіктестігімен таныстық. Директоры Темірлан Хафизов шаруашылығы туралы баяндап берді. Сөзінше, 2022 жылы «Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздеріне оқытуды сәтті аяқтап, сертификатқа ие болған. Кондитерлік және қоғамдық өнімдерді шығаруға арналған өндіріске қажетті құрал-жабдықтар алуға мемлекеттік гранттан 1,2 миллион теңге ұтып алған. Ашылған цехта нан өнімдерін пісірумен, фастфудпен айналысады. Жартылай фабрикаттар шығарады. Жоғары сападағы өнімдері аудан тұрғындарының сұранысына ие, бағасы да қолжетімді.

– Сегіз жұмыс орны ашылды. Жұмысшылардың орташа жалақысы тоқсан мың теңге. Ұзақ мерзімді даму жоспарында кеңейту жоспары бар, бүгінде біз кәсіпкерлікті одан әрі дамыту үшін бес миллион теңге көлемінде аймақтық грант алуға құжаттар жинап жатырмыз. Кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесу мақсатында инженерлік желілер – жылу және су құбырларын тартуға көмек көрсетілді, – деп тоқталып кетті Темірлан Фаликұлы. Оған қоса, аталған қалада орналасқан «Еңбек Астық» ЖШС ағымдағы шаруашылық ретінде жұмыс істейді. Степняк қаласының аумағында астық қабылдау пункті болып есептеледі. Онда сағатына отыз тонна астық кептірілсе, сыйымдылығы жиырма алты мың тонналық он қойма бар. Олар астықты қабылдау, жөнелту, өңдеу, тазалау, кептірумен айналысады. Және де шаруашылықта қосымша нан пісіретін цех жұмыс істейді. Бүгінгі күні тәулігіне 120 бөлке нан пісірумен айналысса, алдағы жоспарда 480 бөлкеге ​​дейін ұлғайту көзделуде. Бұл Степняк қаласын жергілікті нанмен қамтамасыз етуге үлкен сеп. «Бұл біздің және жұмысшыларымыздың қолынан келеді», – дейді «Еңбек-Астық» ЖШС-нің басшысы Күлзия Сауырбаева.

Ал, ауданның денсаулық сақтау саласына келетін болсақ, 2023 жылы Степняк қаласында сапалы медициналық қызмет көрсету мақсатында қырық бес төсектік және ауысымына екі жүз адам қабылдайтын емханамен біріктірілген аурухананың құрылысы басталған. Құрылысты бастау үшін облыстық бюджеттен 500 миллион теңге бөлініп, оған ғимараттың екі қабаты бой көтеріп, аумағы игеріліп, қоршаулар орнатылған. Осы жылы жобаны, одан әрі жүзеге асыруға облыстық бюджеттен 3 миллиард 200 мың теңгеге жуық қаражат бөлінгені белгілі болды. Жалпы жобада, емхана, дәріхана, зертхана, клиникалық-диагностикалық зертхана, перзентхана, жаңа туған нәрестелерге арналған реанимация бөлімі, әкімшілік үй-жайлар қарастырылған. Жауапты мердігер ретінде «Тараз Құрылыс Инвест» құрылыс серіктестігі, ғимарат жұмыстарын жалғастыруда. Белгіленген уақыт бойынша, алдағы сәуір айында аурухана құрылысы аяқталуы керек.

Біржан сал аудандық ауруханасының бас дәрігері Қайрат Тастанбековтың айтуынша, жаңа ашылатын ауруханаға әр түрлі мамандарды қосып есептегенде, сегіз дәрігердің жетіспейтіндігі анықталған. Бас дәрігер бұл жағдайдың шешімін, аудандық медициналық мекемелерде оқытылған дәрігерлер мен және облыстық денсаулық сақтау басқармасының бұйрығымен еліміздегі медициналық мекемелерге барып, жас мамандарды жұмысқа тарту арқылы табамыз дейді. Егер медициналық білімі бар дәргерлер келсе, аудан мен облыстан жәрдемақы беріліп, пәтермен қамтамасыз ету де көзделген. Жаңа, заманауи аурухананы салудағы басты себеп, 1929 жылы салынған ауданның ескі ауруханасы мүлде талапқа сай келмеген. Сондықтан да, жайлы да жаңа аурухана аудан тұрғындары үшін ауадай қажет болған. Медициналық құрылғылармен жабдықталған, талапқа сай аурухананы, осы жылдың қыркүйек айында пайдалануға беру жоспарлануда.  Және де ауданға 2020 жылдан бері биылғы жылы үш жедел жәрдем көлігі берілсе, бұған дейін тоғыз көлік тұрғындарға қызмет етіп келген.

Сондай-ақ, білім беру нысандарын аралау барысында ауданның Кеңащы ауылдық орта мектебінің жағдайымен таныстық. 1983 жылы салынған ғимараттың жобалық қуаты 141 орынға арналған. Қазіргі таңда алпыс жеті оқушы оқиды. Автономды жылу жүйесі, орталық су құбыры, үш пән кабинеті, спорт залы, асхана, акт залы бар. Мектепте екі жастан бес жасқа дейінгі жиырма бес бала оқитын «Ақбота» шағын орталығы жұмыс істейді. Ағымдағы жылы жалпы сомасы 221 миллион теңгеге күрделі жөндеу жоспарланған. Жұмыс аясында, терезелер мен есіктерді демонтаждау және орнату, еденді ауыстыру, ішкі әрлеу, сыртқы әрлеу, шатырды ауыстыру, жылу, кәріз, су құбыры, электр желілерін жөндеу, байланыс желілерін орнату, бейнебақылау құрылғыларын қосу, мектеп аумағын абаттандыру және тағы басқа жұмыстар қарастырылған. Кеңащы орта мектебінің директоры Гүлнәр Сәдуова айтып өткеніндей, мектеп жағдайы тым төмен емес. Тек ғимарат ескі болғандықтан және бұған дейін күрделі жөндеуден өтпегендіктен, қыс айының қатты суық күндері, ішінің салқындығы байқалады.

– Ескінің аты ескі. Есік, терезелерден суық кіреді. Шама келгенше, көмір алып тұрамыз. Бірақ, жаңа дүниенің орны бөлек. Жаңа мектепті армандаймыз, – деп мектеп директоры, – ауылдағы тағы бір мәселе интернет желісі екенін атап өтті. Бұны жұмыс барысында өзіміз де аңғардық. Ауылдағы интернет желісі, төмен деңгейде. Көз жетіп, көңілге түйгеніміз білім ордасының сырты да, іші де біршама ескірген. Есік, терезе, шатырларының да әбден тозығы жеткені көрініп тұр. Бюджеттен бөлінген қаражат есебінен жөндеу жұмыстарын мамыр айының аяғында, яғни, оқу жылы біткенде бастау жоспарланса, оқу жылы басталғанда жөндеуден өткен жаңа мектепке кіру көзделіп отыр.

Сонымен бірге, аудандағы сапардың соңғы нысаны Заозерное ауылында орналасқан «Көкше-Цемент» ЖШС болды. Негізгі қызмет түрі цемент өндіру болып табылады. 2017 жылы іске қосылған. Жоба құны отыз миллиард теңге болса, өндірістің қуаттылығы жылына екі миллион тонна. Зауыт жүз пайыз отандық инвесторлар арқылы қаржыланып, өзін-өзі қамтамасыз етеді. Өткен жылы 4,7 миллион теңгенің 214,6 мың тонна өнімі өндірілген. Жұмысшылардың жалпы саны бес жүз отыз адам, орташа айлық жалақысы 218 мың теңге. 2022 және өткен жылдары еңбекақы отыз пайызға өскен. Құрылыс индустриясының барлық саласында үлкен сұраныспен қолданылатын «ПЦ-400», «ПЦ-500», «ПЦ-600», «Д-20», тағы басқа маркадағы құрғақ өнімнің жиырма түрі үздіксіз өндірілуде. Жобаның ұтымдылығы және осы аумақта орналасуының себебі, өндіріс жанында көлемі 315 гектарды құрайтын Көксор кенішіндегі әк пен құм қоспалары (аргиллит) өзімізде өндірілетіндігінде. Алынған шикізат зауытқа жеткізіліп, үгітілген соң зертханалар арқылы әртүрлі химиялық қоспалар қосылып, диірменде күйдіріледі. Әрі қарай, белгіленген маркадағы қаптарға қапталып, қоймаларға жеткізіледі. Барлық жұмыс автоматтандырылған және заманауи технологиялармен қаматамасыз етілген.

Серіктестік директоры Болат Оспановтың берген мәліметіне сүйенсек, соңғы жылдары өндірістің қуаттылығы төмендеген. Бұның басты себебі, жұмыс күшінің азаюы. Қазіргі таңда өндіріске екі жүзден астам жұмысшы қажет. Оған қоса, зауыт ашылғаннан бері құрылғылар мен технологияларына жөндеу жүргізілмеген. Үздіксіз жұмыс жасайтын цех құрылғылары жөндеу жұмыстарын талап ететіні байқалады. Оған қажетті жабдықтар елімізден табылмайтындықтан шет елдермен байланыс жасау арқылы ғана, қол жеткізуге болады. «Сондықтан да, 2024 жылы цех құрылғыларын жөндеуден өткіземіз деген жоспарымыз бар. Бұған біздің басшылық келісіп отыр. Осы жұмыстар іске асса, алдағы уақытта өнім көлемін ұлғайтамыз деген ойдамыз»,– дейді ЖШС басшысы Болат Ыбырайұлы өндіріс жағдайын баяндай келе, алдағы жоспарларымен бөлісіп.

Қорытындылай келе, сапардан аңғарғанымыз, жоспарланған жұмыстар ойдағыдай аяқталса, бұл жыл аудан тұрғындары үшін жемісті жыл болмақ. Әуелі тұрғындарға басты жаңалық болатын заман талабына сай, жаңа технологиялармен жабдықталған 3 қабатты аудандық аурухана. Себебі, адам өмірі мен денінің саулығы қоғам үшін маңызды құндылық болып табылады. Ал, екіншіден жөндеуден өтіп жаңартылатын білім ордасы мен мәдениет үйін атап өту керек. Айтпаса да, ел болашағы – білімді, мәдениетті жастарымыздың қолында.

Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Біржан сал ауданы.

Суреттерді түсірген Рамиль ДУСУМОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар