Бала өкпе-бауыр жесе, «жетім қалады» дейді.
***
Тілі шықпаған балаға тіл берсе, «тіл тигіш болады» дейді.
***
«Бала жұлын жесе «суға кетеді» дейді.
***
Балаға «әнші болады» деп таңдай береді.
***
Баланың «құлағы түрік болады» деп құлақ береді.
***
Балаға «бойы қысқа болады» деп бұғана қабырғаны бермейді.
***
Бала «жеңілтек болады» деп құйымшақ бермейді.
***
Бала «аурушаң болады» деп бүйрек бермейді.
***
Емшектегі баланың ішіп-жеген тағамының қалдығын анасынан басқаның ішіп-жеуіне болмайды, «ырысы кемиді» дейді.
***
Қарынға жабысқан ұйқыны келін жесе «ұйқышыл болады» дейді.
***
Ұлтабарды «ұл тапсын» деп ырымдап келінге береді.
***
Кәрі жілікті «отырып қалады» деп ырымдап қыз балаға бермейді.
***
Өлі-тіріге сойылған қой етінен қалындықтың жеуіне болмайды.
***
Қыз балаға «шашың ұзын болады» деп желке береді.
***
Қыз балаға «мейірбан болсын» деп жүрек береді.
***
Төстің басындағы сүріншекті «түз адамы» деп еркекке емес, «үйдің адамы» деп әйелге береді.
***
Әйелге «малдың құты бұйырсын» деп өңеш береді.
***
Екіқабат әйелге «он екі ай құрсақ көтереді» деп түйе етін жегізбейді.