Кез-келген ата-ананың басты арманы – көз қуанышы ұл-қызының сапалы білім, саналы тәрбие алып, бақытты болғанын көру. Әрине, балдырған баласы мектеп табалдырығын енді аттаған сәтте, ата-анасының да онымен бірге қобалжып толқитыны бар. Осындайда, енді ғана мектепке келген балдырғанды өз баласындай жақсы көріп, мейірім нұрына бөлей білетін ұстаздардың еңбегі орасан.
Ағымдағы оқу жылында біздің балаларымыз облыс орталығының іргесіндегі Красный Яр ауылындағы №3 көпсалалы мектеп-гимназиясының 1 «в» сыныбының табалдырығын аттады. Сынып жетекшісі Толқын Кенжебайқызы өз ісінің білгірі, бала көңілін көзінен ұға білетін жаны ізгі, білікті әрі білгір ұстаз екен. Таяуда мектебімізде «Әліппемен қоштасу» мерекесі болып өтті. Санаулы уақыт ішінде әріп білмейтін балаға әріп үйретіп, оқу мен білімге ынтасын арттырған, балаларымызды білім әлеміне жетелеп жүрген Толқын Кенжебайқызының жемісті еңбегінің арқасында өз балаларымыздың білімдегі алғашқы қадамдарын көріп, қуанып қалдық. Білікті ұстаз балаларымыздың білімге, өнерге деген қабілеттерін жан-жақты аша білді. Осы орайда, 1 «в» сынып жетекшісі Толқын Кенжебайқызына ата-аналар атынан алғыс айтып, жылы лебізімізді білдіргіміз келеді. Деніңізге саулық, отбасыңызға амандық, еңбегіңіздің жемісін көруді тілейміз.
Ізгі тілекпен,
1 «в» сынып оқушыларының ата-аналары.