Қазақ баспасөзінің бастауы – «Қазақ» газеті

Ақпан – қазақ баспасөзі үшін ерекше қадірлі ай. 2 ақпан – ұлттық баспасөздің бастауында тұрған «Қазақ» газетінің алғашқы саны жарыққа шыққан күн. Сондықтан да, былтыр бұл күн лайықты түрде Ұлттық басылым күні болып бекітілді.  Бұл туралы кезінде бұрынғы Ақпарат дәне қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі мәлімдеген болатын.

Осыдан тура 11 жыл бұрын, «Аманат» интеллектуалды пікірсайыс клубының отырысында белгілі алаштанушы ғалым, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор Дихан Қамзабекұлы: «Қазақстандағы баспасөз күнін «Қазақ» газетінің бірінші саны шыққан 2 ақпанға ауыстырайық» деген керемет ұсыныс айтқан болатын.

– Қазақ елінің тәуелсіздігінің артында – Алаш қайраткерлері, «Қазақ» газеті тұр. Алаш арыстары азаттық жолында басын үлкен қатерге тігіп, патшаның қуғын-сүргінінен қаймықпай, өмірлерін осы күреске арнаған. Сол жолда құрбан болды. Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш қайраткерлері «Қазақ» газеті арқылы ұлтымыздың санасын отарсыздандыру, ұлттық мемлекет құру, азат ел болу деген ұлы мұрат жолында бірікті. Бұдан асқан ұлттық бірлік, ынтымақтың үлгісі жоқ. Арада 111 жыл өтсе де, ұлттық баспасөз осы жолмен жүріп келеді. Осыған орай, 2 ақпанды – Ұлттық баспасөз күні деп белгілесек, ел тұтастығы мен тарихи әділеттілік тұрғысынан дұрыс шешім болар еді. Менің ұсынысымды Ұлттық құрылтай мүшелері, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, журналистер мен қаламгерлер қауымы, кәсіби қоғамдық бірлестіктер қолдайды деп үміттенемін, – деп жазған журналист Төлен Тілеубай.

Осы жазбасында ол бірқатар елде Ұлттық баспасөз күні ретінде сол елдің алғашқы үнжариясы жарық көрген күн аталып өтетінін мысалға келтірген. Тұңғыш ұлттық басылым шыққан күнді ұлықтайтын ізгі дәстүр өзімізбен тамыры бір әзірбайжан, қалмақ, саха, удмурт, қырғыз халықтарында бар.

Әзірбайжандар 22 шілдеде «Ұлттық баспасөз күнін» атап өтеді. Өйткені, 1875 жылы 22 шілдеде әзербайжан интеллигенциясының көрнекті ағартушы өкілі Ғасан бек Зардаби «Экинчи» газетінің тұңғыш санын шығарған. Қалмақтар осыдан 106 жыл бұрын жарыққа шыққан қалмақ тіліндегі «Өөрдин зәңг» – «Ойратские известия» газетінің туған күнін Қалмақ баспасөзінің күні деп белгіледі. Қалмақ Үкіметі жыл сайын бұл айрықша датаны салтанатты түрде атап өтеді.

1907 жылы 12 шілдеде якут тілінде «Саха дойдута» («Якутский край») газетінің алғашқы саны жарық көрді. Саха Республикасының басшысы Айсен Николаев 2020 жылы бұл күнді Ұлттық баспасөз күні деп белгіледі. Сахалар бұл күні ұлт баспасөзі мен әдебиетінің негізін қалаған Никифоров-Кюлюмнюр мен ізбасарларына ерекше құрмет көрсетеді.

Қырғызстанда 7 қараша – Ақпарат және баспасөз күні деген ресми мереке бар. 1924 жылы 7 қарашада «Эркин Тоо» ұлттық басылымының бірінші саны жарыққа шыққан. 1991 жылдан бері ол «Кызыл Туусу» деп аталды. Қырғыз елінде 1913 жылы «Пржевальский сельский хозяин» деген журналдың бар-жоғы 4 саны шығарылған.

2022 жылдың 2 наурызында Удмуртияда да тұңғыш рет Ұлттық баспасөз күні атап өтілді. Бұл күн осыдан 107 жыл бұрын удмурт тілінде шыққан «Войнаысь ивор» («Вести в войны», қазіргі атауы – «Удмурт дунне») газетінің құрметіне белгіленген. Жаңа мереке күні Удмуртия билігі ұлттық баспасөздің дамуына ерекше үн қосып жүрген журналистерді марапаттайды, – дейді тағы да журналист Төлен Тілеубай.

Баспасөз – мерзімді және мерзімсіз басылымдардың жиынтық атауы. Баспасөз – халық арасында әр түрлі ақпараттар тарата отырып, қоғамдық пікір қалыптастыруға, саяси жұмыстар жүргізуге, мемлекеттің, әлеуметтік топтардың не жекелеген тұлғалардың мүдделі мұраттарын танытуға қызмет етеді. Мерзімді баспасөзге тұрақты атауы, ағымдағы нөмірі бар және кемінде жарты жылда бір рет шығарылатын газетжурналальманахбюллетень, олардың қосымшасы жатады.

Олар шығармалық-өндірістік процестердің ұйымдастырылу ерекшеліктеріне, тақырыптық-мазмұндық бағыттарына, әкімшілік-аумақтық бөлініс деңгейлеріне, оқырмандар аудиториясының сипатына, тағы басқа белгілеріне орай бірнеше түрлерге жіктеледі.

Мерзімді баспасөздің ең негізгі әрі көне түрлерінің бірі – газет. Қағаз өндірісінің дамып, полиграфиялық технологияның бастапқы тәсілдерінің жетілдірілуіне байланысты Батыс Еуропада (Германияда –1609 жылы, Ұлыбританияда – 1622 жылы, Францияда – 1631 жылы) алғашқы газеттер шыға бастады. Қазақ тіліндегі алғашқы мерзімдік басылым – 1870 жылы Ташкент қаласында жарық көрген «Түркістан уәлаятының газеті». Бұл басылым қазақ даласында Ресей империясының отарлаушылық саясатын жүргізудің құралы ретінде дүниеге келгенімен, ұлттың баспасөзін қалыптастырып, зиялы қауымның азаттық идеяларын бұқараға жеткізуде баспасөздің маңызы зор екендігін түсінуіне ықпал етті.

Қазіргі кезде Қазақстанда 1200-ден астам газет-журналдар, апталықтар жарық көреді. Сондай-ақ, әр түрлі меншік нысанындағы 260-тан астам баспадан мыңдаған таралыммен кітаптар, буклеттер мен плакаттар, тағы басқалары шығады. Республикадағы баспасөз жүйесінің қызметі 1999 жылы 23 шілдеде қабылданған Қазақстан Республикасының «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңымен реттеледі.

Олай болса, ел тарихында биыл тұңғыш рет аталып өткелі отырған Ұлттық басылым күні құтты болсын! Сол бір аласапыран уақытта ұлт мүддесін көздей отырып, дүниеге келген «Қазақ» газетінің алғашқы санына орай белгіленген бұл атаулы күннің жемісі мол болсын, ұлттық мерзімді баспасөзіміз жаңа сапалы деңгейге көтеріліп, елдің сөзін сөйлей берсін.

Әлеуметтік желі материалдары бойынша дайындаған Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар