Ақмола Ассамблеясы жастармен толықты

 Жуырда «Достық» үйінде өткен іс-шарада Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының құрамына жаңа мүшелер қабылданды.

Отырыста Ақмола Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Сабырхан Кенжебаев сөз сөйлеп, жаңа мүшелерді құттықтай келе, алдағы атқарылатын жұмыстарға тоқталып өтті. Іс-шараға Ақмола ҚХА-ның 20 мүшесі, Степногорск қаласымен Бурабай және Зеренді аудандарының өкілдері онлайн форматта қатысты. Кездесудің мақсаты ассамблея қатарына жаңадан қосылған жас мүшелерді алда атқарылған жұмыстармен таныстыру және облыстың белсенді жастарымен тығыз байланыс орнату болып табылады. Облыста ұлтаралық келісім мен бірлікті сақтау тұрғысында облыстық ассамблея жанынан көптеген қоғамдық бірлестіктіктер, жастар ұйымдары, түрлі этнос өкілдерінің бірлестіктері ашылып, ынтымақты жұмыс істеп келеді. Осы қаңтар айында Ақмола облысынан республикалық ҚХА құрамына Ақмола облысы бойынша «Street Workout» қозғалысының көшбасшысы Имран Ибрагимов және «Көкшетау қалалық көпсалалы ауруханасы» хирургия бөлімшесінің уролог дәрігері Валерий Гагиев мүше болып қабылданды. Сондай-ақ, енді өңірлік ҚХА құрамының 17 пайызын «Ассамблея жастары» қоғамдық бірлестігі өкілдігінің мүшелері құрайды. Аталған жастар бірлестігінің төрайымы Айнұр Ерболатқызының айтуынша, алдағы уақытта «Саналы ұрпақ – жарқын болашақ», «Үйде сөйле» жобаларының төңірегінде жастармен жұмыс атқару көзделген.

– Басқа елдермен салыстырып қарасақ, мемлекетіміздің сындарлы саясатының арқасында елімізде ұлтаралық қарым-қатынас өте жақсы дамыған. Дегенмен, «жау жоқ деме, жар астында» дегендей осы бірлігімізге сызат түсіргісі келетіндер де бар екені анық. Сол себепті осындай еліміздің іргесін бекіте түсетін ұйымға мүше болу үлкен жауапкершілік  әрі қуаныш, – дейді ассамблеяның жаңа мүшесі, ақын Серғазы Қайырболды.

Сонымен бірге, жиын барысында ассамблея құрамына қабылданған жаңа мүшелер өздерінің ұсыныстары мен көкейінде жүрген ой-пікірлерін де ортаға салды. Олардың қатарында, «Қоғамдық келісім» мекемесінің мемлекеттік тілді насихаттау және дамыту орталығының жетекшісі Милана Тарасова мәртебесі артып келе жатқан мемлекеттік тілдің, ұлтаралық ынтымақпен қоғам тұрақтылығын сақтауда маңызды рөл атқаратынын жеткізді. Өз сөзінде хатшылық меңгерушісі Сабырхан Кенжебаев та жылдық жоспардың негізінде мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мақсатында жастармен бірге белсене жұмыс істеуді ұсынған болатын.

Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар