Ақмола облысында көне қорғанды трактормен жыртқандарға қатысты іс қозғалды

 Ақмола облысының Зеренді ауданында көне қорғанды трактормен жыртқан «Дихан Плюс» шаруа қожалығының жұмысшыларына қатысты іс қозғалды. Бұл туралы әлеуметтік желіде бейнежазбада жарияланды.

Желідегі жазбада Ортақ, Айғыржал, Күсеп, Раздольный, Жамбыл ауылдарының тұрғындары Зеренді аудандық ПБ қызметкерлерінен көне қорғанды жыртқан адамдарды жауапқа тартуды сұрайды. Тұрғындардың сөзінше, көне қорғанды күзде «Дихан Плюс» шаруа қожалығының жұмысшылары трактормен жыртқан, содан бері әлі жазаға тарылмаған. Осыған байланысты Ақмола облысы ПД баспасөз қызметі іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталғанын атап өтті.

«1 ақпанда Зеренді ауданындағы Ортақ ауылы тұрғындарының жер жырту кезінде ескі зиратты қорлаған «Дихан Плюс» шаруа қожалығының қызметкерлеріне қатысты шаралар қабылдау туралы өтініші бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 294-бабы (вандализм) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды», – деп түсіндірді Ақмола облысы ПД баспасөз қызметінен.

Ақмола облысы мәдениет басқармасы Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының директоры Жасұлан Үкеевтің сөзінше, бұл жерде ерте темір дәуірінің қорғандары (б.з.д. 7-3 ғасырлар) және кейінгі ортағасырлық қорымдар (18-19 ғғ. ) орналасқан. Алайда, «Дихан Плюс» шаруа қожалығының қызметкерлері жерді жыртқан кезде көне қорғандар мен қорымдардың барын ешкім білмеген және өңірдің киелі ескеткіштері мен тарихи ескерткіштерінің тізімінде болмаған.

«Өткен жылдың күзінде Ортақ ауылы тұрғындарынан көне қорымды «Дихан Плюс» шаруа қожалығының жұмысшылары трактормен жыртқаны туралы хабар түсті. Бірден Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының мамандары айтылған жерге барып, зерттедік, айтылғандай бір екі бейіттің үстінен техника өткені анықталды. Бұл жерден жеті қорған табылды, яғни, ерте темір дәуірінің қорғандары (б.з.д. 7-3 ғасырлар) және кейінгі ортағасырлық қорымдар (18-19 ғасырлар) орналасқан. Осында көне қорымдар барын бізде, «Дихан Плюс» шаруа қожалығының жұмысшылары да білген жоқ. Біз өз тарапымыздан аудан әкімдігіне ескертіп, ресми хат жолдадық. Онда бұл қорымдар мемлекет қорғауына алынатыны айтылған», – деп түсіндірді Жасұлан Үкеев Kazinform тілшісінің сауалына.

Айтуынша, аталмыш шаруа қожалығының басшылығы жер кепкен кезде сол маңдағы қорымдардың аумағын қоршауға уәде берген.

Айта кетсек, бұдан бұрын Асқар Забикулинге Көкшетауда ескерткіш орнатылғанын жазған едік.

Дереккөз:  kaz.inform.kz

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар