Қылшақты өзеніне суға түсіп кеткен баланы құтқарған Марат Зиядин «Суға батқандарды құтқарғаны үшін» медальмен марапатталды.
Ақмола облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының уақытша міндетін атқарушы Қанат Доспаев Қылшақты өзеніне түсіп кеткен баланы құтқарған Марат Зиядинге аталған медалді салтанатты жағдайда табыстады.
Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылдың 5 ақпанында Марат Зиядин Қылшақты өзенінде суға кетіп қала жаздаған баланы құтқарып, ерлік көрсеткен еді. Ол мұз астына түсіп кеткен баланы байқап қалып, дереу оған жүгіріп жетіп, мұз бетіне шығарып алған. Балаға өзінің сыртқы киімін кигізіп, үйіне дейін жеткізген.
– Мұндай әрекеттер назардан тыс қалмауы керек. Ел өз батырларын білуі тиіс. Мен қаламыздың осындай ержүрек азаматын марапаттау мүмкіндігіне ие болғаныма қуаныштымын, – деп атап өтті Ақмола облысы ТЖД бастығының уақытша міндетін атқарушы Қанат Доспаев.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.