Мен, Ибраһим бабам Дәулетбектен бір ғасыр кейін дүниеге келіппім. Бізге арнап атам Еркін «Бір ғасыр» деген естелік кітап шығарды. Бабам 20-шы ғасырдың аумалы-төкпелі қиын заманында дүниеге келсе, мен 21-ші ғасырдың қазақ халқы аңсаған егемендіктің алғашқы жылдарында дүние есігін ашыппын.
Мен өзімді әжемнің баласы деп айта аламын. Олай дейтінім, төртінші сыныпты бітіргенше әжем Хамила Құлбекқызының қамқорлығында болдым. Әрине кішкентай кезімді онша біле қоймаймын. Бірақ, анам Ләйләнің, айтуынша, жас сәбиді қалай шомылдырып, тамақтандырып, әлпештеуді үйретіп отырып, көбіне оған сенбей мені өзінің қамқорлығына алыпты. Өйткені, әжемнің тәжірибесі өте мол, өзі алты баланы қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, тәрбиелеп өсірген ана. Бәріде жоғары білім алып, отбасын құрған, халқына адал қызмет атқарып жүрген жандар.Онымен қоса мен ұлбаладан туған бірінші ұрпағының жалғасы екенмін. Мені бірінші сыныпқа барарда әжем өзі дайындады. Ол кісінің бұл істеде тәжірибесі өте мол. Біріншіден, өз балаларын мектепке дайындаса, екіншіден, елу екі жыл ұстаз болған кісі. Әжеммен мен мақтана аламын. Ол кісі ана ретінде «Күміс алқа», ұстаз ретінде «Білім саласының үздігі» төсбелгісінің иегері.
Әжем Хамила мені математика пәнін сүюге қалай бейімдегені есімде. Математикаға қатысты кітаптарды маған оқып, түсіндіріп отыратын. Осы күнге дейін есімде қалғаны көбейту таблицасын маған қалай үйреткені. Кез-келген уақытта мысалы жеті жерде сегізім қанша дейді. Жауап бере алмасам, өзі қалай есте сақтау керектігін үйретеді. Осылай математикаға деген ынтам арта бастады. Бастауыш сыныптарды бітірген соң республикалық физика-математика мектебіне оқуға түстім. Бүгінде сегізінші сыныпта оқимын.
Менің әжем тек өз немерелері мен шөберелерін ғана жақсы көрмейді, өзі оқытқан балаларда ол кісіні жақсы көріп, сыйлайтын көрінеді. Бірде маған мектеппен қоштасарда оқушылардың жазған хатын көрсетті. Жас ұстаздарғада қамқоршы болыпты. Бір жас ұстаздың мынадай сөздері бар: «…Сізді үлгі тұтып, қадірлі жан ретінде санаймын…». Алдағы 8 наурыз мерекесі қарсаңында әжемді құттықтай отырып, бір ауыз өлеңді арнаймын:
Туған жер, асыл әжем, бесік жырым,
Өзіңде өтіп еді сәби кезім.
Ең алғаш тәй-тәй басып жүргенімде,
Көтеріп, демедің ғой мені өзің!
Ибраһим ЕРКІН,
республикалық физика-математика мектебінің оқушысы.
Астана қаласы.