Белсенді партия мүшелеріне құрмет

Көктем мерекесі – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы Ақмола облыстық филиалының кеңсе үйінде партия жұмысына белсене қатысып жүрген әйелдер қауымына құрмет көрсету салтанаты болып өтті.

Басқа партиялар сияқты, «Ауыл» партиясы да өз жұмысында іскер, озық ойлы, ауыл шаруашылығына жаны ашитын әйел азаматшалардың көмек-қолдауына сүйенеді. Міне, соңғы сайлау өткелі, одан бұрын да партияның бұл жанашырлары ауылдағылардың тұрмысын жақсарту, оларды жұмыспен қамтамасыз ету, тағы басқа да мәселелерін шешу тұрғысында өз ой-пікірлерін еркін түрде білдіріп, керек жерінде осыны нақты іспен де дәлелдеп, партия мүддесімен бірге жасасып келеді.

Мұндай бүйректері ауылға бұратын белсенді әйелдер мен қыз-келіншектер «Ауыл» партиясының Ақмола облыстық филиалында да аз емес. Олар қаладан болсын, ауылдан болсын, «Ауыл – ел бесігі» деген қанатты сөздің бар мән-мағынасына бойлап, ауылдың қамын ойлап, соған бір мысқал болсын өздерінің шарапаттарын тигізу мақсатымен тыныстауда.

Бұл қыз-келіншектер әр жастағы, әр саладағы жандар бола тұра, оларды бір ғана ортақ мүдде тоғыстырған. Ол – жалғыз қаланы ғана емес, ауылдық жерлерді де дамып-өркендеген, халқы ештеңеден мұқтаждық көрмейтін қалыпта көру. Бұған әлі көп уақыт керек десек те, осы  бір тынымсыз жандар өз сергек көңілдерімен, ықылас-ниеттерімен партия филиалы өткізген әрбір шараға уақыт тауып, ат салысуды өздеріне кәдімгідей парыз көреді. Сондықтан, осындай партия белсенділеріне төл мерекелері қарсаңында құрмет көрсетіп, азды-көпті еңбектерін лайықты бағалай білу басшылық тарапынан дұрыс шешім десек, қателеспейміз.

Бұл қуанышты күні Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің Смағұл Сәдуақасов атындағы агротехникалық институты аграрлық және биоресурстар факультетінің профессоры Зейнегүл Саттыбаева, Ақмола облыстық полиция департаментінің заңгері Жұлдыз Сәдуақасова, «Қазақстан темір жолы» ҰҚ» АҚ Ақмола магистральдық желісі филиалының инженері Айгүл Әлмұхамбетова, зейнеткерлер Уәсиға Сәдуақасова мен Қалима Әбділдина «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының төрағасы, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Серік Егізбаевтің Алғыс хатымен марапатталса, дәрігер реабилитолог Гауһар Кәмелинова, зейнеткер Галина Васильева партияның Ақмола облыстық филиалының төрайымы, облыстық мәслихаттың депутаты Аян Аяпбергенованың Алғыс хатына ие болды.

8 наурыз мейрамымен тұспа-тұс келген бұл марапат партия белсенділерінің қоғамдық жұмыстарына тың серпін беріп, осы жолда қанатымен су сепкен қарлығаштай, игі істерге деген ынта-ықыластарын арттыра түсері анық.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар