Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың өтінішхаты бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі Төтенше жағдайлар министрлігінің резервінен Нұра топтық су құбырына қызмет көрсету жұмыстары үшін құны 200 миллион теңгеден асатын мамандандырылған техника бөлді.
Өзінің жөндеу бригадасын құру Нұра су құбырындағы авариялық жағдайларға жедел ден қоюға мүмкіндік береді.Осылайша Егіндікөл ауданына мамандандырылған техника бөлініп, соның есесінен бұдан былай Нұра топтық су құбырының жарылған тұстары жедел түрде қалпына келтірілетін болады.
– Ақмола облысының әкімдігіне Егіндікөл ауданының тұрғындары атынан алғыс айтқым келеді. Бригаданы құрудың алғашқы қадамдары қазірдің өзінде жасалды. Біз енді осы техникамен облыстан көмек келуін күтпестен өзіміз барып, жарылған құбырларды уақытында бүтіндей аламыз. Бұл техниканы пайдалану бізге суды үздіксіз жеткізуге мүмкіндік береді, – деді Егіндікөл ауданының әкімі Юрий Курушин.
Қазір жөндеу жұмыстарын жүргізуге арналған 5 арнайы техника бар, олар – автосамосвал, автоцистерна және КамАЗ базасындағы тартқышы бар трейлер, экскаватор мен бульдозер.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Егіндікөл ауданы.