«Ертөстік»  бала бақшасы қалпына келтіріле бастады

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов облыс орталығындағы су тасқынының салдарын жою жөніндегі жұмыстардың барысын тексерді. Көкшетауда бірінші қабаты еріген су астында қалған «Ертөстік»  балабақшасын  қалпына  келтіру  жұмыстары  басталды.

Қазіргі уақытта   нысанда  едендер  мен  қабырғаларды  бөлшектеу  жұмыстары  жүргізілуде,  сондай-ақ, алдағы аптада жылу  мен  электр  энергиясын  ауыстыру  жұмыстары  басталып, балабақша аумағы  абаттандырылады. 28 наурыздан бастап Қылшақты өзенінің арнасынан көтерілуі салдарынан «Ертөстік» балабақшасын су басты. Салдарынан тәрбие ошағы балаларды қабылдауды уақытша тоқтатқан еді. Бұл мекеме теміржол вокзалы маңындағы жалғыз балабақша болатын. Сондықтан, көпшілік тұрғын үшін баласын басқа жерге ауыстыру біршама қиындық тудырды. Қазіргі уақытта «Ертөстік» балабақшасындағы жөндеу жұмыстарына «Көкшетау-2015» серіктестігі жауапты болып табылады. Мердігер компания қызметкерлері тәрбие ошағында жөндеу жұмыстарын бастап кеткен. Жергілікті фирманың осыған дейін бірнеше аудандарда қолға алған жобаларын сәтті аяқтағанын алға тартқан облыс әкімі бұл жұмыстарды да жоғары деңгейде тапсыратындарына сенім білдірді. Облыс әкімі Марат Ахметжанов қазіргі уақытта мектепке дейінгі мекемеде жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының барысымен танысып, жөндеу жұмыстардың орындалуын қадағалау үшін  арнайы мониторинг жүргізілетінін айтты. Яғни, нысан жергілікті атқарушы органдардың, қоғам өкілдерінің және бұқаралық ақпарат құралдарының бақылауында болады.

–Төтенше жағдай режимі аясында қажетті қаражатты  бөлеміз. Қазір менің қойып отырған жалғыз талабым – сапа. Құрылыс жұмыстарының ғана емес, материалдардың да сапасы жақсы болуы тиіс. Балалар үшін  қауіпсіздік маңызды. Балабақша штаттық режимде жұмыс істеуі үшін жөндеуді бір ай ішінде аяқтауды тапсырамын,―деп атап өтті Марат Ахметжанов.

Сонымен қатар, аймақ басшысы білім басқармасы мамандарының және 120 ата-анадан құралған қамқоршылық кеңестің рөлін атап өтіп, оларға ризашылығын білдірді.  Әкімдік тарапынан жөндеу жобасын балабақша ұжымымен келісе отырып жасау қажеттігін ұсынылды.  Олар 4 сәуірде күшіне енген «Қоғамдық бақылау туралы» заңға сәйкес жұмыс барысын бақылай алады.

Яғни, мамырдың соңына дейін жұмыс аяқталуы тиіс. Марат Ахметжанов жоғары топтың бүлдіршіндері балабақшамен қоштасу шарасын өздері тәрбиеленген ғимараттың қабырғасында өткізуі қажет екендігін  атап өтті.

Мемлекет  басшысының  тапсырмасы  бойынша  Ақмола  облысында  зардап  шеккендерге  барлық  қажетті  қолдау  көрсетіліп,  азаматтардың  өмірі  мен  мүлкіне  төнген  қатерді  азайту  бойынша қосымша шаралар қабылданып жатыр.

Қазіргі уақытта, Көкшетау қаласының әкімдігінде материалдық залалды бағалау және өтеу жөніндегі комиссиялар құрылды. Әр жағдай жеке және шұғыл түрде қарастырылады.  Облыс орталығының алғашқы 59 тұрғынына біржолғы төлемдер келіп түсті.  Сонымен бірге, Көкшетаудағы су тасқынын жою шеңберінде ұзындығы 3500 метр Қылшақты өзенінің бойындағы жер үйіндісін нығыздау және орнату бойынша жұмыстар аяқталуға жақын.  Алдағы уақытта өзен аумағын тұрғындар үшін демалыс орны етіп абаттандыру жоспарлануда.

Ілияс ӘУБӘКІРОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суреттерді түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар