Ақмолалық диқандарға  мемлекеттік қолдау шаралары түсіндірілді

Ақмола облысында ауыл шаруашылығы өнімдерін ұлғайту және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шаралар қабылданатын болады. Бұл туралы облыс әкімі Марат Ахметжанов Шортанды ауданында диқандармен өткен жиналыста айтты. Шараға Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров қатысты. Жиынға Целиноград, Зеренді, Бурабай, Аршалы, Атбасар және басқа аудандардың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері де онлайн қосылды.

–Біз ауыл шаруашылығы саласының өзекті мәселелерін білеміз. Ең бастысы, мемлекет тарапынан қолдау шараларын іске асыру тетіктері әзірленді, – деді Марат Ахметжанов.

Айдарбек Сапаров мол өнім алу үшін тыңайтқыштарды пайдаланудың маңыздылығына тоқтала кетті. Бұл үшін министрлік қажетті жағдайларды жасауда. Тыңайтқыштарды аванстық субсидиялау тетігі енгізілді. Ал, қазақстандық өндірушілер тыңайтқыштарды әкімдіктердің кепілдігімен жөнелтеді. Соның арқасында шаруаларға егін егу кезеніңде бірден төлем жасаудың қажеті жоқ. Бұл мақсатқа еліміздің 2024 жылға арналған жергілікті бюджетінен 36,2 миллиард теңге қарастырылған.

Ақмолалық диқандардың сауалдарына жауап берген министр егіс жұмыстарына да 376 мың тоннаға жуық дизель отыны бөлінгенін атап өтті. Аймақтық операторлардың орташа шығындарын ескере отырып, қазір республикадағы орташа баға литріне 250 теңгені құрап отыр. Бұл нарықтық бағадан 15 пайызға арзан. Сонымен қатар, егіс науқанын қаржыландыруға алғаш рет 5 пайыздық жеңілдікпен 580 миллиард теңгеге дейін қарыз қаражат бөлінді. «Кең дала» және «Кең дала-2» бағдарламалары бойынша Аграрлық несие корпорациясы арқылы және форвардтық сатып алу бағдарламасы бойынша «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» арқылы қаржы бөлінді.

–Аграрлық сектордың басты міндеті азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады. Сондықтан, бұл шаралардың барлығының түпкі мақсаты – халықтың әл-ауқаты. Министрмен бірлесе біз сіздер үшін тиімді шешімдерді қабылдаймыз. Ата Заңымыз бойынша жер халықтікі екенін естен шығармауларыңызды сұраймын, – деді аймақ басшысы аграршылар алдында сөйлеген сөзінде.

Жұмыс сапары аясында облыс әкімі мен министр «Айям-7» ЖШС-індегі көктемгі дала жұмыстарының барысымен танысты. А.И.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының зертханасында да болды. Мұнда бидайдың жаңа сорттары және мал азығы өсіріледі.Бір күн бұрын Марат Ахметжанов Сандықтау өңірінің ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен кездесті.

Бүгінгі таңда облыстың барлық аудандарында көктемгі егіс жұмыстары басталып кетті. Биыл 5,3 миллион гектар алқапқа тұқым себу жоспарлануда. Бұл ретте дәнді дақылдар 4,6 миллион гектарды, майлы дақылдар 400 мың гектарды, мал азығы 340 мың гектарды құрайды. Сонымен қатар, 4,7 мың гектар алқап картопқа, 2 мың гектардан астам алқап басқа да көкөністерге бөлінген. Облыс тұқымдық материалмен толық қамтамасыз етілді. Бүгінде 1,6 миллион гектарға егін егілді. Бұл жоспардың 31 пайызын құрап отыр.

Ақмола облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Суретті түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар