Жуырда Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының «Жастар-ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі «РИО» сауда ойын-сауық орталығында жастарға арналған «Open consultation» іс-шарасын өткізді.
Көкшетау қаласының тұрғындары мен жастарын мемлекеттік бағдарламалар арқылы жұмысқа орналастыру, үй алу бойынша депозит ашу жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізу мақсатында ұйымдастырылған шараға облыстық полиция департаменті тәрбие және кадр жұмысы бөлімінің инспекторы, полиция аға лейтенанты Бекзат Жұманов пен төтенше жағдайлар департаменті кадр және тәрбие жұмысы бөлімінің инспекторы, азаматтық қорғау лейтенанты Ұлан Жанай, Ақмола облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті №6 мекемесінің аға әділет майоры Алмас Мұқышев, «Enki Plus» ЖШС өндіріс басшысы Ерлан Мырзағалиев және Көкшетау қаласының халықты жұмыспен қамту орталығының мамандарықатысты. Елімізде жұмыссыздықпен күрес жүргізілгенімен, бұл мәселе әлі күнге дейін күн тәртібінен түскен жоқ.
Қазіргі уақытта жұмыссыздық дерті тек қазақ қоғамын ғана емес, әлем елдерін алаңдатып отыр. Ал, Қазақстанда жұмыссыздықтың салқыны ең әуелі жастарды шарпуда. Соңғы жылдары елімізде екі қолға бір күрек таппай жүрген жас мамандар қатары көбейіп кетті. Бұл – бүгінгі қоғамда айқын көрініс табуда.Сондай-ақ, жастар арасындағы жұмыссыздықтың артуына себеп те аз емес. Солардың қатарында ең әуелі жоғары оқу орындарының нарық талабына сай маман даярлай алмауы, мамандарды әзірлеу үшін онда қажетті инфрақұрылымдардың болмауы, жұмыс берушілердің жас мамандарды жылы қабылдамайтындығыбар. Осыған орай, жұмыссыз жүрген жастар үшін «Бос жұмыс орындар жәрмеңкесін», аталмыш «Open consultation» сияқты кеңес беру алаңдарын жиі өткізіп отыру қажет.
– Бос жұмыс орындар жәрмеңкесін, кеңес беру алаңдарын ұйымдастыру жас мамандар үшін ғана емес, жұмыс берушілерге де маңызды. Себебі, шара барысында жұмыс берушілер өздеріне қажетті мамандарды таңдауына, ал, жұмыс іздеп келген жастар мамандықтары бойынша жұмысқа тұруына мүмкіндік туады. Жастар ресурстық орталықтары қызметінің негізгі мақсаты, жастар мен олардың ұйымдарын қолдау және дамыту үшін қызметтер көрсету болып табылғандықтан, жастарды жұмыспен қамту басты назарда тұр. Бүгінгі әдеттегідей өткізіліп жатқан шараға тек жас буын ғана емес, орта жастағылар да қызығушылық танытып, сұрақтарын қоюда, – дейді облыстық жастар орталығының бөлім басшысы Мақпал Мұхтарқызы. Айта кету керек, аталмыш алаңдар мен бос жұмыс орындар жәрмеңкелері жыл бойы әр тоқсан сайын өткізіліп отырады.
Ақмола облысы жастар-ресурстық орталығының баспасөз қызметі.