Қазіргі қоғамның өзекті мәселесіне айналып, келеңсіздігі толастамай тұрған ана мен балаға қатысты зорлық-зомбылықты қайтсек тежейміз? Қалай бақытты жанұяны сақтап, қаракөз ұл, қызымызды жылатпай, қайғы көрсетпей өсіреміз? Бұл жолда басты жауапкершілік кімде? Осы ортақ жауапкершіліктен тағы кімдер қағыс қалмауға тиісті? Осы сияқты сұрақтар көп. Бұл мақалада сол туындаған сұрақтарға жауап беруге тырысып көрейік. Жауабын тапсақ, сіз бен біздің бас ауруымыз азаяр.
Әуелі осы мақаланы жазуға себеп болған Астана төрінде екі күнге жалғасып, Қарағанды, Ақмола облыстарымен Елорданың отбасы құндылығы үшін қызмет істеп жүрген 40-қа жуық педагог, психолог, полиция қызметкерлерін жинаған семинар туралы айтып өтейін. Аталмыш семинар «Самұрық қазына» акционерлік қоғамының тікелей қолдауы арқылы «Жаңа өмір бастау» жеке қорының ұйымдастыруымен бұған дейін Алматы, Шымкент қалаларында өткізілген. Кезекті жалғасын тапқан шараға Алматы қаласынан «Жан-Сая» дағдарыс орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер құқықтары жөніндегі комиссияның мүшесі Зульфия Байсақова мен «Талдықорған облыстық әйелдерді қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігінің президенті Жанар Нұрмұқанова тренер ретінде қатысып, түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, баяндамалар жасады. Бұл ретте, қолданыстағы заңнаманы пайдалана отырып, кәмелетке толмағандармен жұмыс істейтін мамандардың және құқық қорғау органдары өкілдерінің балаларға қатысты зорлық-зомбылық жағдайларын тергеудің заманауи әдістерінде кәсіби құзыреттілігін арттыру, білім беру ұйымдарында балалармен жұмыс істеу, зорлық-зомбылық белгілерін анықтау, зардап шеккен балаларды оңалту, әлеуметтендіру, ведомствоаралық өзара іс-қимылдың мақсаты мен міндеттері, стратегиялық жоба қатарлы тақырыптарда лекциялар оқылып, талқылаулар жүргізілді.
«Әрбір адам үшін ұшқан ұясының орны бөлек. Өскелең ұрпақтың отбасында тәлім-тәрбие алып, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіруі өте маңызды.«Отан отбасынан басталады» деп бекер айтылмаған.Салт-дәстүрге құрмет те, туған елге сүйіспеншілік те қасиетті қара шаңырақтанбастау алады», – деген Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың дәйекті сөзі дана халқымыз «Құс ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деп қалдырған нақылымен үндесіп жатқандай. Осы сөздер арқылы баланың тәрбиесі мен қауіпсіз өміріне бірінші жауаптылар әке-шешесі мен әулеті екенін дөп басып айта аламыз. Биыл елімізде резонанс тудырған оқиғаларға байланысты Мемлекет басшысы отбасы институты, әйелдер мен балаларды қорғауға бағытталған Заңға қол қойған болатын. Түзетулер бүкіл азаматтық қоғамның белсене қатысуымен, түрлі алаңдарда кеңінен талқыланған соң ғана енгізілді.
– Биліктің үш тармағы да балаларды әлеуметтік қорғауға жауапты: заң шығарушы, атқарушы және сот.Басымдық мемлекет пен ол құратын мекемелерге тиесілі. Олар балаларға қатысты әлеуметтік саясат пен заңнаманы қалыптастырады. Оның орындалуын қамтамасыз етеді. Әлеуметтік қамсыздандыруға кепілдік береді.Жалпы, бұл заң 15 заңнамалық актіге, оның ішінде жеті кодекс пен сегіз заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздеді. Түзетулердің бірінші блогында зорлық-зомбылықтың кез келген көріністері үшін жауапкершілікті арттыру көзделсе, әйелдер мен балаларға қатысты түзетулердің екінші блогы отбасы институтын нығайтуға және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Нәсіліне, жынысына, тіліне, дініне, туған жеріне, ұлттық немесе әлеуметтік тегіне, мүліктік, таптық немесе басқа да ерекшеліктерге қарамастан 18 жасқа толмаған әрбір адам бала болып саналады. Әрбір баланың болуы тиіс құқықтары мен бостандықтары бар. Тұлғаның үйлесімді дамуы үшін бала сүйіспеншілік пен мейірімділік атмосферасында, отбасында, жақын және сүйіспеншілікке толы адамдар арасында өсуі керек.Ересектердің міндеті – баланың дербес өмірге дайындалуына, қоғамның толыққанды мүшесі болуына көмектесу, баланың қалыпты физикалық және интеллектуалдық дамуы үшін жағдай жасау.Балалар мен балалы отбасылардың құқықтарын және заңды мүдделерін қорғау Қазақстан Республикасы ұлттық саясатының негізгі бағыттарының бірі болып табылады, – деді өз сөзінде өзгертілген заңды түсіндірген Зульфия Байсақова. Заң өзгерісінде«Неке және отбасы туралы» кодекстің 2-бабына дәстүрлі отбасылық құндылықтарды қорғау, сақтау, нығайту және ілгерілету туралы толықтырулар енгізілген. Балаларды адамгершілік және рухани тұрғыда тәрбиелеу ұлттық әрі дәстүрлі құндылықтарды құрметтеу рухында жүргізілуі тиіс. Әйелдер мен балаларға қатысты кез келген сипаттағы зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдататын, сондай-ақ, отбасы институтын, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін нығайтатын нормалар қосылған.Кей тұстарда заңбұзушылықтар әкімшілік жазадан қылмыстық жазаға ауысқан. Заңда кәмелетке толмағандарды өзін-өзі өлтіруге итермелеу, сексуалдық сипатта тиісу, ұрлау, буллингке ұшыратусияқты қылмыстық әрекеттерге қатаң тыйым салынған.
Сонымен бірге, қабылданған заңдар қоғамда тәртіп орнату, жекелеген тұлғалардың қылмыстық әрекетке бармауының алдын алуда маңызды болғанымен, отбасы құндылықтарын сақтау, балалардың құқығын қорғау, жанұялық татулық пен ынтымақтастықты арттыруға сол әулеттің әрбір мүшесі жауапты. Бүгінгі таңда кейбір орын алған заң бұзушылықтар мен отбасылардың бүлінуін, бала құқығының тапталуын жалпы қоғамның беталысы деу қате пікір. Анығырақ айтсақ, өзінің отбасы мен балаларына қамқор болып, дұрыс бағыт-бағдар беріп, өмірлік жағдайдағы қиындықтардан жеңілмей өтуіне көмектесіп, жанашырлық танытып жүрген адамдар да аз емес. Ал, керісінше,қара басыныңқиындықтары мен мәселелерін шеше алмай, стреске түсіп, жағдайын қиындататын, кейде өміріне, жақындарына қауіп төндіретін жандар да кезігеді. Әсіресе, осындай кезеңдерде жанұядағы кәмелетке толмағандарға қауіп төнеді. Осы тұста, «баланы қалай қорғау керек?» деген сұрақ өзекті болып отыр. Қазіргі уақытта, бұл мәселемен психолог, құқық қорғау органдарының өкілдері, білім беру ұйымдарындағы жауапты мамандар айналысуда. Аталған мамандар қанша көмек көрсетіп, алдын алуға тырысқанымен, соңына дейін шеше алмай жатады. Бұған себеп те, салдар да көп. Мысалға, білім беру ұйымындағы сынып жетекшісі, куратор немесе психологты алсақ, олардың ата-ана, балалармен жұмыс істеуге қызметтегі қағазбастылық пен уақыттың жетіспеушілігі кедергі келтіреді. Бұл жағдай өзіде күн тәртібінен түспей айтылып келе жатыр. Кейбір өңірлердегі білім ордалары мен бала бақшалардағы психологтардың аздығы, жұмыстың бір жүйеге келуіне қиындық туғызып келеді. Оған қоса, ата-аналар тарапынан да психологтармен жұмыста түсінбеушілік орын алады.
– Кейбір ата-аналар психологтың балалармен не істейтінін түсінбейді. Оның міндеті мен мақсатын білмейді. Сондықтан, психологтарды қауіпті деп қабылдайды. Және кей-кезде ата-аналар баланың тәрбиесіне көп мән бермейді. Бар міндетті психологтарға жүктеп жатады. Жауапкершілікті өзіне алмай, педагог, психологтарға артады. Егер баласында бір проблема болса, оны қабылдамай, жоққа шығарады. Мұндай жағдайда, ата-анамен жұмыс жасауға тура келеді. Ал, тек балада мәселе болса, оны отбасы болып, бірге шешуге болады, – дейді қарағандылық психолог Гүлмира Едембаева.
Әрине, бұл мәселеде сыңар жақ пікірде болмауымыз керек. Аталған мамандардың араласуының арқасында сақталып қалған, тіпті, бақытты өмірге оралған жанұялар да жоқ емес. Мұндайда, олардың жағдайды жете түсінуі, біліктілігі және қоғамға деген қамқорлығы ескерілмек. Өткізілген семинар аясында да бұған қатысты мамандардың неше түрлі ой-пікірін естіп, қанық болдық. Барлығы да басты жауапкершіліктің ата-анаға тағылатынын алға тартады.
– Семинардың басты мақсаты – әртүрлі облыс, аудандардан қатысқан мамандардың пікір алмасып, тәжірибе жинауы. Себебі, әр өңірде жұмыс әртүрлі форматта жүргізіледі. Бір жерде жауапты мамандар бірі-бірімен таныс болып, бірге жұмыс істейді. Ал, кейбір аймақтарда басқаша. Біздің мақсатымыз осы саладағы мамандардың зорлық-зомбылыққа ұшыраған балаларға көмек көрсетуін біріктіріп, жүйе ретінде қалыптастыру, бір бағытта топтау болып табылады. Біз семинарға қатысушылардың ой-пікірлерін біліп, қағазға түсіріп, құзырлы органдарға жіберіп, олқылықтар туралы ұсыныс енгіземіз. Айта кетейін, отбасы құндылығын сақтауда, балаларға жасалатын зорлық-зомбылықты болдырмау үшін әуелі алдын алу жұмысын жүргізу керек. Тек балалар ғана емес, ата-ана, өзге де отбасы мүшелерімен тікелей байланыс орнатқан абзал, – дейді тренер Жанар Нұрмұқанова.
–Ең бірінші жауапкершілік отбасында әке мен шешеден бастау алады. Себебі, әрбір бала осы екі адамның өмірге берген ұрпағы. Тәлім-тәрбиені осы адамдардан алады. Егер әке-шешесі бақытты болып, баласына дұрыс мейірім, сүйіспеншілік танытса,бала шығып агрессия жасамайды. Ал, керісінше әке-шешесінен мейірім көрмей, ішінде реніш сақтаған бала бүгін болмаса да, есейгенде осы өнерді шығарады. Жанұясында қандай тәрбие немесе жамандық көрсе, болашақта бала соны қайталайды. Сол себепті, әрбір отбасымен жұмыс істеу керек. Мектептерде баламен және ауруханаларда аналармен жұмыс істейтін психологтардың санын көбейту керек. Сондай-ақ, осы семинар арқылы бір-бірімізбен қалай жұмыс істеу керек екенін, қай уақытта ортақ мақсатта бірігіп, отбасыларға көмек көрсететінімізді білдік. Көптеген мамандармен танысып, тәжірибе алмастық. Бұл бағытта әр мекеменің өзінің атқаратын міндеті болады. Енді әрі қарай ынтымақтастықта жұмыс істейміз деп ойлаймын. Бұл – Қосшы қаласы полиция бөлімшесіне қарасты Ювеналды полиция тобының капитаны Гүлден Нұрғалиеваның жаттықтырушының сөзін қостаған пікірі.
Міне, жан-жақты талқылау, пікір алмасудың нәтижесінде отбасылық жағдайдағы қиындықтардан өтуге, өскелең ұрпақтың қауіпсіз ғұмыр кешуіне, білімді тұлға болып қалыптасуына жауап тапқандай болдық. Жоғарыдағы пікірлерде көрсетілгеніндей, баланың тәрбиесі мен алаңсыз өсіп-жетілуіне бірінші кезекте әке-шешесі мен отбасы мүшелері жауапты болмақ. Ал, мәселе әке-шешесі немесе үлкендерден туындаса, психолог және құқық қорғау органдарының өкілдерімен бірлікте шешкен дұрыс болады. Ескеретін тағы бір жайт, кәмелетке толмаған баланың қалыптасатын ортасы, араласатын дос, құрбыларына мән берген артық болмайды. Өйткені, «бала кіммен, қандай ойын ойнайды, қайда барады, нені көріп жүр?» деген сұрақ, жағдайдың алдын алудың маңызды факторы болуы мүмкін. Қазіргі қарбалас қоғамда адамдар жұмысбастылықпен отбасының, бала-шағасының не болғанына, не күйде жүргеніне көңіл бөле алмай жататын кездер болады. Бірақ, дүниенің түбіне жеткен ешкім жоқ. «Қара қазан, сары баланың қамы» деп қу дүниені тәрк еткен баба қазақтың «Отбасының өнегесі – Отанның өнегесі», «Тәрбие тал бесіктен» деген даналық сөзін ұмытпасақ екен.
Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.