Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Оңтүстік – қазақ тарихының алтын қақпасы - АРҚА АЖАРЫ

Оңтүстік – қазақ тарихының алтын қақпасы

Жаз мезгілі әдеттегідей жұмыстан қол босап, демалыспен өтетін мезгіл. Еңбек демалысын жер көріп, ел танып өткізгенге не жетсін. Алыс шетелдерге бармай-ақ, өзіміздің егемен Қазақстан жерін араласада көптеген табиғат таңғажайыптары мен ата-бабаларымыздың өмірлеріне қатысты ескерткіштер көп-ақ. Іргеміздегі Бурабай кереметтерінен бастап, Орталық Қазақстандағы Қарқаралы мен Керекудегі Баянауыл және басқада табиғат ғажайыптары жеткілікті. Сонымен қатар, көптеген тарихи ескерткіштер шоғырланған оңтүстік өңірі де ерекше көз тартады.

Биылғы еңбек демалысымның үш күнін қарындастарыммен бірге, Оңтүстік Қазақстан өңірінде өткізіп келдік. Атап айтқанда, шілде айында қасиетті Түркістан жерінде болып, қазақтың көне астанасы болған қала пен оның төңірегіндегі тарихи ескерткіштер мен қасиетті жерлерін аралап қайттық. Түркістан қаласындағы «Яссы» қонақ үйіне орналасқаннан кейін ежелгі Отырар қаласының орнына барып, моңғол шапқыншылығына қарсы тұрған қаланың орнын көріп қайттық. Қалпына келтірілген қаланың қабырғалары іргесімен келе жатқан түйелер керуенін көрген бетте ортағасырлық қалаға келіп қалғандай әсерге бөленесің. Моңғол шапқыншылығы алдында тұрғындар саны 200 мың адамды құрайтын Отырар қаласы сол замандағы қалалардың алдыңғы қатарында болған екен. Ежелгі қаланың халық жиналатын алаңының түпнұсқасын, шығыс моншасының орнын көріп, тамашаладық. Бір ғажабы, ежелгі қалада орналасқан шығыс моншасына су  бөлек орналасқан бу қазандығында жылытылып, құбырлар арқылы монша ішіне келеді екен. Сонымен қатар, монша іші қазіргі тілмен айтқанда жылы еден арқылы жылытылған көрінеді. Қала ішінде орналасқан шеберханалардың түпнұсқадағы макеттері өте ерекше әсер қалдырады екен. Көне қыш бұйымдарын әзірлейтін шеберханаға кіріп, өзіңді бір сол заманда жүрген әсерде сезінесің.

Ежелгі Отырар қаласынан қайтып келе жатқан бетте Қожа Ахмет Яссауидің рухани ұстазы Арыстанбаб кесенесіне соқтық. Екі бөлімнен тұратын кесененің бір бөлігі мешіт міндетін атқарады. Мешітте аруақтарға құран бағыштағаннан кейін кесене іргесіндегі құдықтағы қасиетті судан дәм таттық. Арыстанбаб кесенесі орналасқан аумақта туған жерден жырақта жерленген Әбу Насыр Әл-Фараби мен Сұлтан Бейбарыс жерленген жерлердің топырақтары сақталған орын орналасқан.

Сонымен қатар, 17-18 ғасырлар аралығында өмір сүрген Шахан ата мазарында болып, әулие атаның аруағына зиярат еттік. Шахан атаның мазары «төрт босаға, сегіз қанат» түрінде салынған ерекше ғимарат. Мазардың қай жағынан қарасаңызда, ашық тұрған кітап беттерін елестетеді. Бұл ғимарат құранды жетік меңгерген адамға лайықтап әдейі ашық тұрған кітап пішінінде салынған.

Оңтүстік өңірге саяхат жасаған кісілерге міндетті түрде көрсетілетін нысандар Үкаша атаның мазары мен құдығы. Аңыз бойынша Үкаша ата жиырма бір жасында ислам дінін қабылдап,Мұхаммед пайғамбардың серігі, ислам дінін таратушы сахабаларының бірі болған адам. Үкаша атаның мазары екі бөлімнен тұрады. Мазардың бірінші – шағын бөлігінде құран бағышталады. Ал екінші бөлігінде мәйітхана орналасқан. Саркофаг пішінінде жасалған қабірдің ұзындығы 22 метрді құрайды. Өйткені, аңыз бойынша Үкаша ата бойы 3 метрді құрайтын, денесіне оқ дарымайтын адам болған екен дейді. Аңыз бойынша денесі таң намазы кезінде ғана балқып, оқ даритын көрінеді. Жаулары таң намазын оқып жатқан мерзімін аңдып, басын шауып тастады дейді. Шабылған бас домалап, шұңқырға барып түседі. Сол бас домалап барып түскен жерден су шығып, құдық пайда болады. Ол құдықтың суы құрамы бойынша Меккедегі зәм-зәм сумен парапар деп есептеледі. Ата-бабалардың аруағы қолдап,Үкаша ата құдығының суынан дәм тату нәсібі бұйырды.

Үкаша атаның мазары мен құдығына келер алдында зиярат етушілер міндетті түрде Ерқоян ата кесенесіне соғуы тиіс екен. Өйткені, Ерқоян Үкаша атаның ең сенімді серігі болыпты. Оның құрал-сайманын күтіп, баптаушы әрі әскерқолбасшысының бірі болыпты. Бұрын зиярат етушілер Ерқоянға түнемей, Үкашаға келмейді екен. Оның себебі Үкаша сахаба тірі кезінде оны іздеп келушілер алдымен Ерқоянға жолығып, алдынан өтіп, соның ризалығынан соң ғана Үкаша сахабаның алдына барады деген пікір қалыптасқан.

Үкаша ата мен Ерқоян ата кесенелеріне зиярат етіп келген соң, Түркістан қаласының іргесінде орналасқан Гауһар ана кесенесіне соғып, құран бағыштадық. Гауһар ана – ұлы ақын, ойшыл Қожа Ахмет Яссауидің қызы. Гауһар анатуралы жазылған аңыз-әңгімелерге сүйенсек, емшілік қасиеті ерекше жан болған деседі. Әлі күнге дейін Гауһарана кесенесінің маңында емдікқасиеттерібарартезиансуышығатын құдықтар көптеп кездеседі. Қожа Ахмет Яссауи мен Гауһар ана кесенесі арасында жерасты жолы бар деген аңыздар да бар.

Саяхатымыздың екінші күні кешкі мерзімде жергілікті халық арасында «Венеция» деп аталып кеткен «Сиқырлы керуен» ойын-сауық кешенін тамашаладық. Сырт келбеті ежелгі шығыс шаһарлары келбетінде салынған бұл ғимарат өзіңді ортағасырлық қалада жүргендей сезіндіреді. Ортадағы су каналын айналдыра салынған дүкендер мен бутиктер көне қала базарын аралап жүргендей сезімге бөлейді. Венеция қаласындағыдай  су каналымен қайықпен серуендетіп әрі демалдырып, әрі жағада болып жатқан түрлі іс-шараларды тамашалауға мүмкіндік береді. Су бетінде театр әртістері қойған  «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» қойылымын тамашаладық. «Сиқырлы керуен» ойын-сауық кешені аумағында орналасқан «Самұрық» атты кинозалы ерекше әсерге бөлейді. Сырт келбеті құстың ұясы сияқты салынып, ұя үстінде жатқан «Алтын жұмыртқаны» елестететін кинозалы «қой үстіне бозторғай» жұмыртқалайтын заманды бейнелеп тұрғандай әсер қалдырады. Осы кинозалда көрсетілген 3D форматындағы фильм де ерекше әсер қалдырды. Фильм алдында экскурсовод жігіт Қазақстан тарихынан әсерлі де қызық әңгімелер айтып берді. Экскурсовод жігіт әңгімелерді көне Қазақстан жерінен табылған петроглифтер бейнеленген үңгір пішінінде салынған бөлмелерде өткізгендіктен қызықты болды. Осындай шағын экскурсиядан кейін фильм басталды. Небәрі жиырма минут шамасында көрсетілген фильмді көре отырып, өзіңді еліміздің көне тарихынан қазіргі заманға жеткендей әсерге бөленесің. Фильм барысында су астында да болып, ғарышқа да самғап кететіндей әсер аласың.

Түркістан қаласында болған адам осы қаланың негізгі нысаны болып саналатын шығыс ғұламасы Қожа Ахмет Яссауи бабамыздың кесенесіне бармай кетуі мүмкін емес. Қожа Ахмет Яссауи бабамыздың кесенесінің құрылысы Ақсақ Темірдің әмірі бойынша 1396 жылы басталып, жеті жыл бойы салынған екен. Кесене сол кезеңдегі Орта Азиядағы ең биік ғимарат болып саналды. Ғимараттың биіктігі 37,5 метрді құраса, ұзындығы 65 метрді, ал ені 46,5 метрді құрайды. Ғимаратты салуға пайдаланылған кірпіштер Түркістаннан 45 шақырым жерде орналасқан Сауран деген жерден жеткізілген. Оны Ақсақ Темір кесенені салысуға әдейі бөлген жауынгерлер тізбектеліп тұрып, қолдан-қолға беру арқылы кесене салынып жатқан жерге жеткізген. Құрылысқа пайдаланылған кірпіштер биенің сүті, жылқының қылы, қаңбақтың күлі, жұмыртқаның сарысы және ешкінің жүні қосылған балшықтан жасалған. Жалпы кесене 35 бөлмеден тұрады, оның 14-і бірінші қабатта, 21-і екінші қабатта орналасқан. Жамағатхана, қабірхана, мешіт, кітапхана, Үлкен Ақ сарай, Кіші Ақ сарай, асхана, құдықхана және басқа да бөлмелерден тұратын ғимарат діни-ғұрыптық, діни-ағартушылық қызметтерді атқарған. ХVI ғасырдан бастап кесенеге әйгілі адамдардың сүйектері қойыла бастаған. Кейбір деректер бойынша кесене аумағында 232 адам жерленген. Олардың ішінде Есім хан мен Абылай хан бастаған қазақтың 21 ханы, атақты билері мен батырлары жерленген.

Шығыс ғұламасы кесенесінен 120 метр жерде Қожа Ахмет Яссауи бабамыз өмірінің соңғы жылдарын өткізген Қылует жер асты мешітінің макеті орналасқан. Онда Қожа Ахмет Яссауидің шыққан тегін көрсететін шежіре, сүрелердің тізімі орналастырылған.

Сонымен қатар, Қожа Ахмет Яссауи кесенесі аумағында 1580-1590 жылдары салынған шығыс моншасы орналасқан. Тоғыз бөлмеден тұратын монша 1975 жылға дейін өзінің негізгі міндетін атқарып, 1979 жылдан бастап мұражай ретінде қызмет атқарып келеді.

Оңтүстік өңірде өткізген үш күндік сапарымыз осылай аяқталды. Әрине, көрген және естіген ақпараттардан алған әсеріміз өте тамаша. Осы ақпараттарды 14 адамнан тұратын топ мүшелеріне жеткізген Түркістан университетінің студенті Даяна қарындасымызға айтар алғысымыз шексіз. Осылай, туған жеріміздің түкпір-түкпіріне саяхат жасай отырып, тәуелсіз еліміздің табиғаты және тарихымен танысу мүмкіндігіне қол жеткіземіз.

Бауыржан ДОСМҰҚАНОВ,
Атбасар қаласының тұрғыны.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар