Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Адамның да адамы бар - АРҚА АЖАРЫ

Адамның да адамы бар

марқұм журналист-жазушы Мәди Хасенов туралы бір үзік сыр

…Сол бір бейне алыстаған сайын жайсаң жазирадай алдымнан шығып, жөн сілтеп тұрғандай болады. Несін айтасыз, 1963 жылдың тамыз айының ортасында танысып, кенеттен 1992 жылдың қыркүйегінің басында қайтыс болғанынша мені өрге сүйреді.

Жігерлендіріп, болашағыма үлкен үмітпен қарауыма кәдімгі теңіздегі шамшырақтай жарқырады да тұрды. Мұндай кіршіксіз асыл адамды күні бүгінге дейін кездестірген емеспін, кездеседі дегенге мүмкін деп екі ұшты жауап берерім хақ.

Науқан кезі, бәрі тайлы-таяғы қалмай егін деп дала қосында болатын. Шаруашылықта, орталық қоныста есепшімін. Директор таңертеңгі лездемеден кейін бір шаруамен кетерінде маған тапсырып:

–Жазушы ма, Сейітжан Омаров пен журналист біреу келе жатыр, қарсы алып, өзің жайғастырарсың, – деді.

Лездемеден кейін кеңседе есепшілерден басқасы құмға сіңген судай жоқ болады. Асхана жанымызда, меңгерушісіне 2-3 адамға лайықтап тамақ дайында дедім.Жұмыс орнымнан тұрып дәлізге шықсам, он шақты есікті жағалай тартқылап, екі адам келеді екен.

–Ассалаумағалейкум, – деп сәлем беріп, – Қош келдіңіздер, – дедім.

–Майданға кеттік деген жазуы жоқ демесең, тып-тыныш, – дейді жастауы.

Орта бойлы, талдырмаш, қой көзді қара торы жігіт.

–Оныңыз рас, бәрі егін басында, – деп өзімді таныстырдым, директордың келеді деген қонақтары екен. Етжеңді, аққұба, шашы бурыл тартқаны Сейітжан аға, ыстыққа шыдамай кәстөмін қарына қыстырыпты.

–Шаршағандарыңызды басып, тамақ ішіп, дем  алыңыздар, – деп асханаға бастадым. –Екі-үш күн болсаңыздар, кәсіподақ өз машинасымен елді аралатып, көрсетуге дайын.

–Рахмет, көңілім енді орнықты, ағай сонау Алматыдан Қорғалжынды іздеп келгенде осылай істеуіміз керек қой, – деп, Мәди мені жақынсырай сөйледі. Алғаш рет Мәдимен менің таныстығым осылай басталған еді.

Кешке қол босаған уақытта өздерін қонақ еткен үйге алдыртып, маған ән салдыртатын. Қол соғып, «бис» деп айтпаса да, әдемілеу дауысым бар болуы керек, пау, – деп көтермелей, тыңдаушының басы салбырап, ойға қалатыны мені таң қалдыратын. Арасында:

–Мына «Ақжауыны» жүрекке жағымды ән екен. Үш-ақ ауыз болса да үш бөлімді романдай, – деп Мәди ен жайлауға шығып кеткендей тіл қатады. Сейітжан ағамыз «үлкен дүние жазып жүрмін, оқиғаның бір жағы осы Қорғалжынның құтмекені мен абзал азаматтарына арналмақ» дейтін. Мәди ол кісіні өте құрметтеп, елді аралатып, сол жолы Алматыға аттандырып салды.

«Тың өлкесі» газеті кейін «Коммунизм нұры» атанғанда менің алғашқы өлең, суреттемелерім де газет бетінен көріне бастады. «Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» ғой, Мәди хатын қысқа, әрі нұсқа ғана хат жазатын. «Тым қоюлатып жіберіпсің, тағы да ой елегінен өткізіп көрші, екі-үш бет қоссаң қайтеді?» дейтін. Бірақ, өзі бас салып түзетпейтін, баспа жүзін көргендері өз тіліммен, өз үніммен шығатын. Тағы бірде «менде сенің газетке басылмай қалған дүниең жоқ, ұялма, жіберіп тұр, әсіресе, ауыл адамдарын тілге тиек еткенің дұрыс» дегені бар. Бір ақсақал жөнінде очерк жіберіп едім, «өзің бір келгенде бізге соғып кетші» деп әдірісін айтты. Редакция отырған жерге, 7 қабатқа көтеріліп барсам, бөлмеде екі адам отыр екен.

–О, Қален келгенің дұрыс болды, төрлет, – деп қасынан орын берді. Таңданғаным, менің қолжазбам алдында жатыр екен, маған сырғытып:

–Асықпай, өзің оқып берші, – деді.

Бұл да мен күтпеген жағдай еді. Шамасы көзінде кінәрат бар-ау деп ойладым. Қысыла оқып бердім.

–Жақсы екен, бірақ, тым қысқа қайырыпсың, екі-үш бет қосшы ойланып, – деп конвертке салып, сыртына тез жібер деп жазды.

–Келістік қой, ерінген етікші болмайды, – деп шығарып салды.

1970 жылдың ашық, жаздың тамаша күндерінің бірінде телефон соқты.

–Қален, үй іші аман ба? Сіздің үйге қонаққа барайық деп отырмыз, қасымда Хамза Абдуллин ақсақал бар, жағдай қалай? – деді.

–Келіңіздер, «қонақ пен өлім болжаусыз» дейді қазақ» деп шын қуандым.

Алдында осы Хамза ағамыздың тәржімалауымен грузиннің атақты ақыны Шота Руставелидің «Жолбарыс тонды жиһангезін» оқығанмын. Он сегіз буынды, маған сондай ұнап еді.

Қой сойып, өйтіп-бүйткенше олар да келді. Танысып, білісіп, шай-пай ішіп жайғасқаннан кейін Шалқар көліне шомылып, біраз жүріп қайтпақ болдық. Хамза шашы аппақ, денелі, ақ жүзді адам екен. Мәди де шәу тартып,  толысыпты.

Шалқардың екпе талы қаулап келе жатқан тұсында көлге кіретін мүйіс жайқалып, жалбыздың исі мұрын жарып тұр екен. УАЗ-иктен түсе сала суға шомылып, рахаттанып қалдық. Далада ішкен тамақ қандай, қуырған балық жеп, қымыздан бірер кесе тастап алып, әңгімеге кірістік.

Хамза ағайдың көрмегені жоқ, Сібір айдалып, 1963 жылы ғана елге оралып, үйленіпті. Бірнеше өлеңдерін оқыды. Біз тыңдаушымыз, қазір жөнді ештеңе есімде жоқ, бірақ, сол кездегі саясатқа қайшы, еш баспахана тәуекел етіп алмасы белгілі. Қуғында жүріп Шотаны 10 жыл бойы түпнұсқасынан аударыпты. Ақкөңіл, елгезек, сөзінде тұратын адам ретінде есімде қалды. Сол отырыс үйде түнгі сағат үшке дейін жалғасты. «Айналайын, қызығым» деген әнім екеуіне де ұнады білем, екі-үш рет айтқызды.

Бұдан кейінде Мәди хат жазып, хабарласып тұрды. Бір қызығы, ауруханада жатқанымда Победа көшесінде екі рет іңір қараңғысында кездестірдім. Мен де таза ауа жұтуға шыққанмын.

Сонау қарсыдан бір жүріп, бір тұрып біреу баяу жылжып келе жатады. Жақындай келе танимын.

–Ассалаумағалайкум, Мәке! – деймін.

–Қаленбісің? Көп жаттың ғой, денсаулық қалай?

–Қазір жаман емес, түзеліп келеді, түнде жүргеніңіз қалай?

–Осылай қаланың у-шуы басылғаннан кейін жүргенді ұнатамын, тыныш, көше де самаладай жарық.

«Түсінемін, ойлы адам оңаша осылай өзімен-өзі болғанды қалайды. «Нартәуекелін» үйде Қадиша ханымға ескерткіш деп беріп кеткені бар, не де болса тәуекел етіп бір үлкен дүние жазып тастамаққа дайындығы да болар.

Өз жөнімізбен кете барамыз. Әлі де солай, бір көшенің айналымынан  шыға келетін тәрізді маған. Тірі болсаң жетпісіңді, сексеніңді бірге тойлар едік, шіркін?! Тағдыр оған жазбапты, қалған ұрпақтарыңа өмір берсін, жатқан жерің жайлы, жаның жәннатта, рахатта болсын дегеннен басқа қолдан ештеңе келмейді.

Қален НҰРМАҒАНБЕТҰЛЫ.

Қараөткел ауылы,

Целиноград ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар