Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың төрағалығымен Целиноград ауданында актив отырысы болып өтті. Жиында аймақ басшысы алдымен, жиналғандарға жаңадан тағайындалған аудан әкімі Дарын Сабырғалиды таныстырып, қызметіне сәттілік тіледі. Сондай-ақ, жаңадан іс басына келген аудан әкіміне сол өңірде қордаланған бірнеше өзекті мәселелерді алға тартып, оларды ерекше назарға алу керектігін баса айтты.
– Аудандағы жергілікті атқарушы органдардың негізгі міндеті агроөнеркәсіптік сектор кешенін дамыту болып табылады. Ауыл шаруашылығын қарқынды дамыту, мал басын көбейту және мал шаруашылығы өнімінің көлемін ұлғайту бойынша жұмыстарды да назарда ұстау керек, – деп атап өтті облыс әкімі Марат Ахметжанов.
Аймақ басшысы өз сөзінде ауданда құрылыс саласы бойынша да қордаланған мәселелер барын қадап айтып, сақалды құрылыстарға жол бермеу керектігін атап өтті. Мәселен, Ақмол селосындағы әкімшілік ғимаратының құрылысы жоспар бойынша 2022 жылы аяқталуы тиіс еді, бірақ жұмыс тоқтаған. Сондай-ақ, Родина ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешені құрылысында белгіленген кестеден артта қалушылық бар.
Жалпы, Целиноград ауданы тұтастай алғанда тұрақты дамып келе жатқан аудандардың бірі, деп атап өтті өңір басшысы. Ағымдағы жылы Аққайың, Қараөткел, Қызылсуат, Нұресіл, Родина, Төңкеріс ауылдарында сумен жабдықтауды жақсарту бойынша алты жоба іске асырылуда. Сонымен қатар, инвестициялық жобаларды жеңілдікпен несиелендіру бағдарламасы аясында «Ен-дала» серіктестігі мен «Агрофирма Родина» серіктестігінде екі ірі тауарлы-сүт фермалары ашылды, бұл сүт өндірісін ұлғайтуға зор мүмкіндік беріп отыр. Автомобиль жолдарын жөндеу жұмыстарын жүргізуге республикалық және облыстық бюджеттерден ауданға 20 миллиард теңге бөлінді.
Әлеуметтік сала да басты назарда. Аудандағы 16 елді мекенде алғашқы медициналық көмек көрсету нысандарын салу жоспарланған. «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында жыл соңына дейін ауданда жеті мектепті, келесі жылы Софиевка ауылында 300 орындық мектепті іске қосу жоспарланған.
– Сіз біздің аймақта ғана емес, бүкіл елдің ең ірі аудандарының бірінде әкім болып тағайындалып отырсыз. Целиноград ауданындағы инфрақұрылымды жақсарту үшін айтарлықтай қаражат бөлінеді. Осы орайда, сізге ауданда жүргізіліп жатқан құрылыстың барысын және барлық жобалар бойынша бөлінген қаражаттың игерілуін бақылауды қамтамасыз етуді, сондай-ақ, жаңа инвестициялық жобаларды пысықтауды тапсырамын. Біз барлық конструктивті ұсыныстарды қолдауға дайынбыз. Мемлекет басшысының саясатын жүзеге асыра отырып, бағалы бастамалар мен ілкімді істерді жүзеге асырып, аудан халқының көкейтесті мәселелерін шешуді тапсырамын, – деді облыс әкімі Марат Ахметжанов аудан активінде жаңадан тағайындалған өңір әкіміне.
Наталья ЯКОВЛЕВА,
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ.
Целиноград ауданы.