Той – қазақтың қазынасы. Көңілге кірбің келтіретіні, соңғы кезде ырду-дырду, айғай-шуы көп тойлардың қатары көбейген. Кейде тойға барып, көңіліміз жүдеп, құлазып келетініміз бар. Бір қуанарлығы, қазіргі таңда халал тойлар, яғни, арап-шарапсыз, ішімдік құйылмайтын мерекелер көп. Жақсысы жақсы ғой, бірақ, сол халал тойлардағы ақ дастархан басында ет жегенде де, шай ішкенде де бір «сиқырлы аққұман»тұратыны бар. Әсіресе, жігіттер жағы «аққұманда шай бар ма?» деп, әлсін-әлсін кесесін жүгіртіп, балаша қуанып отырғанын көріп, ойға қаласың. Одан қалды, аққұмандағы «сиқырлы шайды» жеңгелер емес, ағалардың өздері құйып отырады. Бұл енді тіптен ұят тірлік! Өзгені қайдам өзіме, ер адамның шәй құйғаны ерсі көрінеді.
Қазіргі жастардың басым көпшілігі салауатты өмір салтын ұстанады. Тіпті отау құрған екі жастың өздері ата-аналарына «тойды арақ-шарапсыз өткізейікші, бізге ақ баталарыңызды берсеңіздер болды» деген есті сөз айтып, ұсыныс білдіріп жатады. Бәлкім, кеңестік идеологияның санамызға сіңгені соншалықты ма, әлде сол кезден қалған бір үрдіс пе, кейде сол ата-аналардың өздері «айналайын, арақ құймасақ, ұят болады» дегенді айтатын көрінеді.Арақты ежелден харам дегенді білеміз. Олай болса, ащы суға тойып айтқан тілек қабыл бола ма, кім білсін?! Кейде екі жақтың ата-аналары өздері бастама көтеріп, өзара келісе халал той жасайды. Дегенмен, осындай халал тойлардың өзінде тойдың орта кезінде масаң күйдегі тойшыл қауымды байқап қаласың. Демек, көпшілік жиналған сол халал тойлардың көбі халал өтпейтіні анық. Бірақ, той үстінде арақ құйылғанынкөрмейсің. Сөйтсек, арақты аққұманға құйып, көпшіліктің көзін байлап, байқатпайды екен!..
Азамат деген адал болуы керек-ау, әсілінде. Көзбайлау, өтірік айту сияқты теріс мінездер сөзіне нық жігітке де, қылықты қызға да жараспайтын мінез екендігі анық. Бәлкім біреу үшін бұл жай ғана көңіл көтеру тәсілі болар, бірақ, көзге ұсақ-түйек көрінетін осындай мәселелердің өзінен-ақ ұлт тәрбиесіне нұқсан келтіретін жайттар бары өтірік емес. Бір ғана мысал, қазір жаз мезгілі болғаннан кейін студент жастардың көбі оқудан қолы бос уақытында түрлі мейрамханалар мен дәмханаларда даяшы болып жұмыс істеп жүр. Сонда халал тойға барып, даяшы болып адал қызмет етіп жүрген жастарға «байқатпай арақ құйып әкелші», деп отырған үлкендердің тірлігі қандай үлгі болады? Өзіңіз ойлап көріңізші, әлі де болса, өмірдің оңы мен солын, ақ пен қарасын, ащысы мен тұщысын дұрыс айыра білмейтін бозбала мен бойжеткендердің ой-санасына «ұрлап, жұрт көзіне көрсетпей тірлік жасау жат қылық емес» деген байламды өз мінезімізбен көрсетіп жүрген жоқпыз ба? Ұрпақты тәрбиелеу өзімізден басталады емес пе?!.
– Соңымнан ерген бауырларым бар. Ата-анам мұғалімдер, қарапайым отбасынанбыз. Өзім үйдің тұңғышымын. Мектепте жақсы білім алдым, кім білсін, бабым келмей қалды ма, бағым үстем болмады ма, қас қылғандай өткен жылы грантқа түсе алмай, қазір ақылы бөлімде оқып жүрмін. Сол себепті, аз да болса, ата-анама қолқабыс болайын деген ниетпен, жаз бойы даяшы болып жұмыс істеп жүрмін. Өзімнің әке-шешем арақ-шарап ішпейді, біздің үйде арақ құйылғанын көрмей өскен баламын. Алайда, қазіргі жұмыс барысында байқағаным, халал тойлардың өзінде қонақтардың арасында ішімдік дәмететіндер табылып жатады. Ішетін адамдар көбінесе алдын ала келісіп, бір үстелге жиналып алады. Әсіресе, той иелерінің достары, ұжымдастары отырған үстелде ащы су көп құйылады. Мысалы, мен арақты минералды судың бөтелкесінен құйып ішіп отырған қонақтарды талай көрдім. Кейде той иелерінің өздері шәйнекке арақ құйып әкеп беріп жатса, кейде үстелге жиналғандар өздерімен бірге ала келетіні де болады. Бір түсінбейтінім, той иелерін сыйлап, бір күн болсын бір тойда арақ ішпесе болмай ма, маған бұл алдымен, өз достарына немесе туғандарына құрметсіздіктің белгісі сияқты көрінеді, – дейді Арайлым ойын ашық жеткізіп.
«Жас болған соң, ойнап-күлгің келеді. Ішудегімақсатмас болу емес. Той болғансоң, қуанышынбөлісіп, көңілдіжүру үшін ішесің де», – деп ақталады бір танысымыз тағы да. Иә, тойда өзіңді мәдениетті ұстай білу де бір үлкен өнер. Алайда, осындай «көңілді» жүрудің кесірінен абыройын айрандай төгіп, ғаламтордың «гүлі» болып жүрген қаншама адам бар. Ащы су, ұятсыз билер, арсыз күлкі көптеген шаңырақты шайқалтуда. Қалай дегенмен де, қай жерде жүрсеңіз де әдептен озбаған дұрыс. Ал, әдеп те, әдет те адамның өзіне байланысты. Адамның өзіне байланысты дегенге бір мысал, Көкшетаудағы «Үркер» мейрамханасында тойлардың барлығы арақ-шарапсыз өткізіледі екен. Себебі, мейрамхана иесі тойда арақ-шараптың құйылуына рұқсат етпейді. Мінекей, адалдық адамның өзінен екендігін осыдан-ақ аңғаруға болады. Үлгілі істің ұйытқысы болып отырған ұжымөз ұлағатымен өзгелерге өнеге болары анық.
Р.S: ..Шай ішуді жақсы көрмейтін қазақ кемде-кем. Тойға барсақ, шай ішпес бұрын, «Сіңлім шәйнегіңдегі қандай шай?» деп сұрайтын болдық алаңдап. Біздер алаң кейіппен сұрасақ, біреулер аққұманға «үмітпен» қарап жүр…
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.