Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жаңа құрылыстар ауқымы кеңейіп келеді - АРҚА АЖАРЫ

Жаңа құрылыстар ауқымы кеңейіп келеді

Аршалы ауданы облысымыздағы егістік жері де мол, шаруашылықтары да жан-жақты дамып келе жатқан іргелі өңірлердің бірі. 

Соңғы жылдары мұнда жер-жердегідей, шағын және орта бизнес субъектілері де көбейіп, басым дені ел игілігі жолында тиянақты жұмыстар атқаруда. Осы жылдың 1 шілдесіне дейінгі мәлімет бойынша ауданда осындай 1955 кәсіпкерлік нысандары бар. Олардың 413-і шағын, 8-і орта бизнес субъектілеріне жатады. Ал, 1191-і жеке кәсіпкерлер болып табылады. Сондай-ақ, 343 фермерлік шаруашылық пен шаруа қожалығы егін егіп, мал өсіріп, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен айналысуда.

Аудандағы ауқымды істерден былтыр Елтоқ ауылдық округінде ашылған ірі кірпіш зауытын атап өтуге болар еді. Жылына 120 миллион дана кірпіш өндіру көзделген бұл зауыттың құрылысы екі кезеңмен жүргізілуде. Қазір кәсіпорынның екінші кезеңін іске қосу қолға алынып, осы бағыттағы соңғы жұмыстар атқарылу үстінде. «SG BRICK» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі салып жатқан бұл өндіріс орны өз өнімдерін Астана қаласына жөнелтеді. Сөйтіп, елордамыздағы құрылыс нысандарын қажетті кірпіш өнімімен қамтамасыз етіп, екінші жағынан аудан бюджетіне де кіріс түсіріп, өз әлеуетін арттыра түспекші.

Өңірде кәсіпкерлік саласының ілгерілеу үстінде екендігін көрсететін тағы бір соны жаңалық, Анар ауылдық округінде «Темір-Агро» ЖШС-інің күшімен құрылысы жүргізіліп жатқан тауарлы-сүт фермасы. Мұнда қазіргі уақытта құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Ал, 600 сауын сиырға арналған ферманың өзі жылдың аяғында пайдалануға беріледі деп күтіліп отыр.

Сол сияқты, осындай ілкімді істерден тағы бір атап өтуге болатыны, Жібек жолы ауылындағы кинологиялық орталық. Оны «Жаңа өмір KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Бейбарыс» демалыс аймағының аумағында іске қоспақшы. Орталық толықтай салынып болғанда оның қысқы бағы да болады. Аудандық ауыл шаруашылығы, жер қатынастары және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Самат Еңсебаевтың айтуынша, бұл жоба да пайдалануға берілуге жақын.

Әрине, өңірде бұдан басқа да іске асырылып жатқан ірілі-ұсақты жобалар бар. Соған қарағанда, кәсіпкерлікті дамыту, сол арқылы аудан экономикасын жандандыру құр сөз жүзінде қалмай, нақты ұмтылыстармен айшықталып отырған жайы бар.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.   

 Ауыл мектептері жөндеуден өткізілуде

Жаңа оқу жылы жақындаған сайын ата-аналар мен балаларды өздерін ертеңгі Білім күні көзге таныс, көңілге ыстық алтын ұя – мектептердің қандай жағдайда қарсы алатындығы толғандыратыны анық.

Бұл ретте, Аршалы ауданында кешкі мектепті қосқанда, ұзын саны 30-ға жетіп қалатын білім ордаларының дені жаңа оқу жылына дайын деп айтуға болады. Жалпы, бұл өңірде жалпы білім беретін орта мектептердің саны алтау. Қалғаны тоғыз жылдық негізгі мектептер. Оның ішінде екі бастауыш мектеп бар.

Биыл осы мектептерден алты мектепке күрделі жөндеу жүргізілсе, олардың төртеуінде бұл жұмыстар аяқталды. Атап айтқанда, Бірсуат ауылындағы Біләл Тінәлин атындағы жалпы орта мектепте жылуберу жүйесі, есіктер мен терезелер ауыстырылды. Михайловка ауылындағы орта мектепте де күрделі жөндеу жобасында көзделген тура осындай жұмыстар атқарылды. Мұндай іші-сырты айтарлықтай жаңарып қалған жоғарыдағы төрт мектептің қатарында Константиновка және Ақбұлақ жалпы орта мектептері де бар. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойыншаоблыстық бюджеттен бөлінген қаржының есебінен бұл білім ордаларындағы көзделген жұмыстар бір жылға, яғни, биылға ұйғарылып, осы жазда уақытымен аяқталып отыр.

Аудан орталығы Аршалы кентінде екі кезеңмен №1 жалпы орта мектеп те күрделі жөндеуден өткізілуде. Бұл мектепке жалпы осы мақсатта екі жылға барлығы 800 миллион 493 мың теңге қаржы ұйғарылған. Соның ішінде биылғы жылға бөлінгені 322 миллион 217 мың теңге. Аудан өзі бөлген бұл қаржыға былтырдан бері мектеп тыңғылықты түрде қайта жаңартылып жатыр деуімізге болады. Қазір білім ордасын абаттандыру жұмыстары қалып отыр.

–Дегенмен, алаңдататын мәселелердің ішінде Белоярка ауылындағы негізгі мектебіміз бар. Мұнда мектеп шатырын қайта жабу жарым-жартылай аяқталды. Алайда, қалған күндерде асығуымыз керек. Ал, Аршалы №1 орта мектебіне тағы бір тоқталсақ, мұнда бас мердігер «Қайырғожа және К» серіктестігінің жұмысы жақсы. Сондықтан, қайта жаңартылатын білім ордасы көпшілік көңілінен шығады ғой деген ойдамыз, – дейді аудандық білім бөлімінің бас экономисі Бағдат Ақылбаев.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Аршалы ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар