Биылғы көктемгі су тасқынынан зардап шеккен отбасылардың бірі – Жарқайың ауданының Пригородное ауылында тұратын Тайшыбаевтар жанұясы.
Олар биылғы жойқын су тасқыны кезінде баспаналарынан айырылып, тағдыр тауқыметін көретін болдық деп қатты қиналған еді. Алайда, жергілікті атқарушы органдар мен мұндай жағдайларға бейжай қарамайтын адамдардың көрсеткен көмегі мен жан жылуының арқасында жаңа үйге қоныстанып, жаңа өмір бастады.
Ауылды су тасқыны апат аймағына айналдырып, тұрғындары қатты қиналған. Тайшыбаевтар отбасының үйі де басқалар сияқты су басу қаупі жоғары аймақта болған. Қызыл судың қарқыны олардың тұрғын үйлерін құлатып кеткен.
– Су кіргенде біз ауылдың шетінде тұрып, үйіміздің құлап бара жатқанын өз көзімізбен көрдік. Сол кезде бойымызды дәрменсіздік билеп, үмітім үзілгендей болды, қатты қиналдым. Шынында, не істейтінімізді, қайда баратынымызды білмедік, – дейді отағасы Амангелді Тайшыбаев.
Су тасқынынан кейінгі алғашқы күндері ауылға құтқарушылар мен еріктілер келіп, зардап шеккендерге қажетті қолдау мен көмек көрсетіліпті. Баспанасыз қалған отбасыларды уақытша мекемелерге орналастырып, қираған тұрғын үйді қалпына келтіру жұмыстарын да лезде бастап кеткен көрінеді.
– Ауылға су кіргеннен бастап біз қолдау мен қамқорлықты сезіндік. Бізге уақытша баспана берілді, азық-түлік пен киім-кешегімізді әкеліп, үлестірді. Қалыпты өмірге оралатынымызға жергілікті билік өкілдері уәде берді. Сөйтіп, бірнеше айдан соң ауылдан баспана сатып алып берді, – дейді отағасы. Ер азаматының сөзін жалғастырған зайыбы Жұмагүл Тайшыбаева да:
– Біз алғашүйге кірген кезде қуанышымызда шек болмады. Бұл жай ғана үй емес, бұл жаңа өмір мен болашаққа деген үлкен үміт отының бастауы болды. Біз осы қиын кезеңде бізге көмектескендердің барлығына шексіз ризамыз. Сіздердің арқаларыңызда біз жаңа өмір бастап жатырмыз, – дейді ерекше толқыныспен.
Отбасы қиын уақытта қол созған барлық ұйымшыл қауымға алғыс білдіріп, қоғамда адамдардың бір-біріне деген жанашырлығы мен мейірбандылығы әрқашан да осылай болуын тілейді.
Қазіргі таңда Пригородное ауылында көктемгі су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға салынып жатқан екі пәтерлі тұрғын үйлердің құрылысы жалғаса түсуде.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Жарқайың ауданы.