Ақмола облысы аграрлық аймақ саналатындықтан, басты бір назар күзгі орақ науқанына аударылатыны белгілі. Науқан қалай өтсе, ертеңгі тіршілікті соған қарап айыру қиын емес. Ал, биылғы жылғы егіс алқаптарының жайы қалай, егін жинауға қаншалықты дайынбыз? Осыны тарқатып көрейік.
2024 жылғы көктемгі егісте 5,4 миллион гектар алқапта тұқым себу жүргізілген болатын. Оның ішінде дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар көлемі 4,7 миллион гектар. Жылдағыдан өзгеше бір тұсы,әртараптандыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар шеңберінде майлы дақылдарға арналған егіс алқаптары өткен жылмен салыстырғанда 35,8 пайызға кеңейтіліп, 268,6 мың гектарға дейін жеткізілген.
– Майлы дақылдар егістігін кеңейтуді ынталандыру үшін биыл облыстық бюджеттен басым дақылдар өндірісін субсидиялауға төрт жүз миллион теңге сомасында қаражат бөлінді. Мал шаруашылығы саласы үшін берік жемшөп базасын құру мақсатында жемшөп дақылдарының алқаптары 28 пайызға немесе 421 мың гектарға дейін ұлғайтылды. Бүгінгі таңда 1,2 миллион тонна шөп немесе барлық қажеттіліктің тоқсан пайызы, 182 мың тонна пішендеменің жетпіс пайызы дайындалды. Картоп пен көкөністер тиісінше 7,8 мың және 1,5 мың гектар жерге отырғызылды. Өңірде негізгі агротехникалық іс-шаралар уақытылы және ұйымдасқан түрде өткізілді, – дейді жағдайды түсіндірген облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Кенеш Әлімжанов. Брифинг барысында белгілі болғанындай, ауыл шаруашылығы дақылдарының вегетациялық кезеңінде 190 мың тоннадан астам минералды тыңайтқыштар себіліп, бұл көрсеткіш өткен жылдан 1,7 есеге артық болған. Бұған субсидиялар нормативін елуден алпыс пайызға дейін арттыра отырып, отандық тыңайтқыштарды аванстық субсидиялау тетігін енгізу ықпал еткен. Ал, егінді арамшөптерден қорғау аясында 4,2 миллион гектар аумақта химиялық өңдеу жүргізілсе, 719 мың алқапта аурулар мен зиянкестерге қарсы егістіктерді өңдеу жүргізілген.
– Облыста егін жинау науқанына дайындық қарқынды жүріп жатыр. Агротехникалық іс-шаралардың сапалы орындалуын ескере отырып, болашақта егінді алу үшін қолайлы болжамдарға үміттенуге болады. Мысалы, қоймалардың астықты сақтау сыйымдылығының жеткілікті көлемі 7,2 миллион тоннаны құрайды. Және де егін жинау жұмыстарын сәтті жүргізудің маңызды құрамдас бөлігі жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз ету болып табылады. Облыстың ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері үшін жеңілдетілген дизель отынының кепілдік берілген көлемінің 83,4 мың тоннасы бөлінді. Ағымдағы жылы егін жинауға 8,8 мыңға жуық астық комбайны, оның ішінде 4,8 мың қазіргі заманғы өнімділігі жоғары комбайн, 2,6 мыңорақ және 4,8 мың жүк көлігі тартылатын болады. Осылайша,техника жүз пайызға дайын, – деп сенім білдірді Кенеш Ғалыбекұлы өз сөзінде. Бұл ретте, жыл басынан бері облыста жалпы сомасы 17,3 миллиард теңгеге 630 техника сатып алынған.
Сонымен қатар, «Кең дала» форвардтық сатып алу және жеңілдікті кредиттеу бағдарламалары көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізу үшін аграршыларды қолдаудың тиімді құралдары болған.Форвардтық сатып алу шеңберінде 9,1 миллиард теңгеге 73 ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші қаржыландырылса, «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамының бағдарламалары арқылы 46 миллиард теңгеге 540-тан астам фермерді несиелендірумен қамтуға мүмкіндік берілген. Сондай-ақ, мал шаруашылығы саласындасүт және етті мал шаруашылығын дамыту өңір үшін басым бағыттар болып қала береді.
Өңірде жалпы саны 2,3 мың бас болатын 46 ет фермасы және жалпы қуаттылығы 36,5 мың басты біржолғы бордақылайтын сегіз және ірі бордақылау алаңдарынан тұратын желі,елу жеті мамандандырылған тауарлы-сүт фермасы жұмыс істейді. Тауарлық сүт өндірісін қырық мың тоннадан астамға ұлғайтатын тағыжеті ірі ферма іске асырылуда. Оған он бес миллиард теңге жеңілдікті кредиттік қаражат қарастырылған.
– Қазірдің өзінде Целиноград ауданында «Ен Дала» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қуаттылығы 11,6 мың тонна сүтті құрайтын бір ірі сүт-тауар фермасы іске қосылса, қуаттылығы 6,4 мың тонна болатын «Родина» АФ» серіктестігінің де жобасы аяқталу сатысында.
Жыл басынан бастап өңдеуші кәсіпорындар өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4 пайыз өсіммен 120 миллиард теңгенің тамақ өнімдерін өндірген. Бұл бағытта негізгі үлес 47 пайызбен ет өңдеу саласына тиесілі, ет өнімдерін өндірумен жылына шамамен 130 мың тонна қуаты бар 16 кәсіпорын айналысады. Ағымдағы жылы облыста ауыл шаруашылығында мемлекеттік қолдау шараларын іске асыруға 130 миллиард теңгеден астам қаражат көзделген. Оның 46,5 миллиард теңгесі қайтарылмайтын субсидиялар болып табылса, шамамен, 86 миллиард теңгесі жеңілдетілген кредиттеуге және форвардтық сатып алуға арналған.
Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

