Абырой биігіндегі арлы азамат

Келбет

Ақмола облысы табиғаты сұлу да тылсым сырға тұнған, тау-тасы мен айна көлдері көз тартқан Көкшедей көрікті өңірі бар киелі мекенде орналасқан. Оның өткені аңыз болып шертілетін Бурабай мен Зерендідей курортты аймақтарын дамыту, оған алыс-жақын шет мемлекеттерден туристер тарту осы өңірдің атқа мінген азаматтарының абыройлы міндеті. Осы бір игілікті істі қолға алып, елдегі туризмнің дамуына елеулі үлес қосқан, өңірдегі туризмнің негізін қалаған, аталған саладағы кадрлық мәселені шешуге атсалысып жүрген атпал азамат Шынарбек Батырхановтың ел ішінде қашанда тұғыры биік. Туған жерінің көз тоймас тұмса табиғатының мүмкіншілігін әлемге танытқан оның жасы бүгінде жетпістің ауылына табан тіресе де, саланың одан әрі алға басуына әлі сол кешегі күндегідей жанашырлық танытып жүргенін көріп, тағы бір тәнті боласың.

Арқаның асыл аймағы Айыртау өңірінен де еліне жанашыр айтулы азаматтар көптеп шыққан. Осы айыр-айыр таулары бар қасиетті мекеннің бөктерінде шоқ жұлдыздай Ботай ауылы жатыр. Сол ауылда кіндік қаны тамған Шынарбек Бүркітбайұлы Батырханов ата-бабасының сара жолын жалғап, ел игілігі үшін маңдай терін төкті, кәсіподақтар ұйымында, мемлекеттік қызметте, басқарушылық лауазымдарда белсенді еңбек етті.

Әңгімені әріден бастасақ, оның атасы, елімізге танымал тұлға Мәсіп Батырханұлы «КСРО-ның Аңшылық кәсібінің үздігі» (Отличник Охотничьего промысла СССР) белгісін Қазақстан бойынша алған жалғыз қазақ, атақты бүркітші, аты аңызға айналған ардақты азамат. Аштық жылдары өз ауылының тұрғындарын осы аңшылығының арқасында аман алып қалған деседі. Ал, өзінің саят құрып, аң аулауға, бүркіт баптау кәсібіне деген сүйіспеншілігі болар, үлкен ұлының есімін Бүркітбай деп қойыпты. Ол кейіпкеріміздің әкесі. Ол кісі де мемлекет қайраткері Еркін Әуелбековтің «оң қолы», көмекшісі болған, обкомда қызмет еткен парасатты тұлға, Ұлы Отан соғысының ардагері еді. Осындай игі істерімен еліне сыйлы да абыройлы, қайырымды да қамқор болған азаматтардың ұрпағы да іріліктен кенде болмауы тиіс емес пе?! Иә, сол қанмен берілген ірілікті, текпен келген даралық пен іскерлік қасиетті, сол сара жолды Шынарбек Бүркітбайұлы өзінің еліне сіңірген өлшеусіз еңбегімен, тағылымды істерімен жалғап келеді.

Арқа төсінде туризм саласының көшін бастап, негізін қалаған Шынарбек Батырхановтың екі жоғары білім бар. Әуелде жастық жалынмен жоғары математиканы, кейін экономика саласы мамандықтарын меңгерген. Есеп-қисапқа жүйрік, кез келген мәселені шешуде алдына жан салмайтын, сындарлы сәтте пәрменді пікір айтып, ұтқыр ұсыныстарымен, ұшқыр ойларымен студент кезден көзге түскен талапты жас оқуын тәмамдаған соң, еңбек жолын қалалық және облыстық комсомол комитеттерінде ұйымдастырушылық жұмыстармен айналысудан бастаған. Күш-қайраты тасыған, бастамашыл, жігерлі жастың жұмысқа деген қызығушылығы, іскерлігі мен белсенділігі ескеріліп, Көкшетау облыстық кәсіподақтар ұйымы кеңесінің аппаратына қызметке шақырылды. Онда алдымен ұйымдастыру-бұқаралық жұмыс бөлімінің басшысы ретінде жұмысқа кірісіп, кейін облыстық конференцияда төрағаның орынбасары болып сайланады, одан әрі облыс жабылып, қайта ашылғанға дейінгі алмағайып кезеңде облыстық кәсіподақтар ұйымы кеңесінің төрағасы қызметінде жүреді. Ақмола облысы қайта құрылған тұста облыс әкімі Сергей Кулагиннің қолқалауымен әкімдік аппаратына ұйымдастыру бөлімінің басшысы болып бекітіледі. Осылайша, өмір ағысымен мемлекеттік қызметке ауысып, бұл жолда бірқатар абыройлы істерді атқарып, елінің дамуы мен өркендеуіне аянбай тер төге бастайды.  Саналы ғұмырының 30 жылдан астам уақыты осы мемлекеттік қызмет жүйесінде өтіпті. Өзі оған еш өкінбейді, керісінше, туған жерінің дамуына өзінің үлесін қосқанын риза көңілмен мақтан етеді.

–Көкшетау облысы жабылғанда барлық ведомстволар түгелімен Петропавлға көшіп кетті. Сонда сол кездегі қала әкімі Қамалтин Мұхамеджанов екеуіміз ғана өз ұжымдарымызбен қалдық. Орталықтағы барлық ғимараттар дерлік қаңырап, бос тұрды. Содан қаламыздың бетке ұстар азаматтары, ел ағалары, ішінде әкем Бүркітбай Мәсіпұлы да бар, «Сарыарқаның орта беліндегі Бурабайдай курорты тұрған Көкшедай көрікті аумақты, Көкшетау облысын неге жаптыңыздар, қаншама халық жұмыссыз қалды, облысты қайта құру қажет» деп ел Президентіне хат жазды. Бұл Астананы Ақмолаға көшіріп жатқан кез еді. Осы хаттан кейін, Алматыда жалғыз қалған Экология министрлігін Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Көкшетауға көшіруге тапсырма береді. Сонда министр Серікбек Дәукеевке қала әкімі екеуіміз ғимараттарды аралап жүріп, көрсетіп, көшіп келетін мамандарына тұратын үй-жайларын бірге іздесіп, қажеттерін тауып беруге атсалыстық. Оның әр жағында қала халқын жұмыспен қамту мәселесі тұр ғой. Басында қазіргі облыстық әкімдіктің ғимаратын ұсынып едік, министр: «Жоқ, бұл әкімшілік ғимаратқа тиіспейміз, түбінде оған басшылар келеді» деп, көрегендік танытты. Сол министрліктің көшіп келуінің арқасында қаланы сақтап қала алдық, –дейді сол бір аумалы-төкпелі уақытты есіне алған Шынарбек Бүркітбайұлы. Осыдан-ақ, оның елге жанашыр, халқына адал азамат екенін аңғаруға болады.

Аузын ашса, жүрегі көрінетін абзал азаматпен әңгімелесіп отырып, игі жақсылардың шапағатына көп бөленіп, осы игілікті еш ұмытпай, ізінен ерген кейінгі мамандарға өзі де ілтипат етіп, қанатының астына алғанын да естіп, білдік. Үнемі бастама көтеріп жүріп, қолына алған әр жобасын, соңына жеткізгенше, нәтижесін көргенше тыным таппайтынына, белсенді өмір ұстанымына да тәнті болдық.

–Еңбек жолымның басым бөлігін Бурабай курортты аймағындағы демалыс индустриясы мен туризмді дамытуға жұмсадым. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары әкімшілік басқару жүйесінің құрылымында туризм басқармасы деген мүлде болмайтын. Ол кезде облыстық әкімдіктерде әлеуметтік-экономикалық салаларды дамытуға бағытталған бөлімдер мен басқармалар ғана маңызды болып, курортты аймақтардың мәселесі ойға да келмейтін, –дейді Шынарбек Бүркітбайұлы.

Уақыт көшінен қалмай, заман ағымына сай ой толғап, шығармашылықпен еңбектене берген ол ерік-жігері мен табандылығының арқасында егеменді Қазақстан жағдайында Ақмола облысында алғашқы болып туризм басқармасын құра білді. Кейін Ақмола облысы әкімінің туризм саласы бойынша кеңесшісі лауазымын да зейнет демалысына шыққанға дейін абыроймен атқарды. Бүгінде лайықты түрде мемлекеттік қызметтің ардагері атанып отыр.

Осы арада ерекше атап өтуге тұратын жайт, ол Қазақстанның туризмін дамытуға бағытталған алғашқы жобалардың бірі – Щучинск-Бурабай курорттық аймағын дамыту жоспарын әзірлеудің үйлестірушісі болғандығы. Бұл бағдарламалық құжат инфрақұрылымды дамытуда және Ақмола облысында туризмді ілгерілетуде айрықша рөл атқарғаны белгілі. Осы жобаны іске асыру барысында әрі курорттық аймаққа туристерді тарту мақсатында Шынарбек Батырханов бірқатар ауқымды іс-шараларды, жобаларды әзірледі және енгізді. Оның бастамасымен Бурабайда жыл сайын туризм жәрмеңкелері, бард әндер, фламинго, ұлттық тағамдар фестивальдары, желкенді регаттар, жас туристер слеттері,  аң аулау мен құс салу шеберлерінің түрлі жарыстары, басқа да ақпараттық-жарнамалық шаралар ұйымдастырылды. Оларға еліміздің барлық облыстары мен шетелдердің туризм саласының жетекші компанияларының өкілдерін шақырып, ауқымын кеңейтудің арқасында бұл шаралар республикалық және халықаралық деңгейге көтерілді. Нәтижесінде курорттық аймақтың шипажайлары мен демалыс орындарына келетін туристер ағыны көбейді, туристік қызметтердің көлемі артты, жалпы, туристік саланың бұлай дамуы облыс экономикасын едәуір алға жылжытты.

–Туризмді дамыту үшін мемлекет басында жүрген шенді-шекпенділердің менталитеті өзгеруі керек. Біз шетелдердегідей, ел экономикасын дамытуда бірінші орынға туризмді қоюымыз керек. Ал, біздегі басшылар экономиканы көтеру үшін ауыл шаруашылығына, әлеуметтік салаларға бойлап кетеді. Құдайдың берген сұлу табиғаты тұрғанда туризмді дамыту – ұлттық идея болуы тиіс. Туризм мәдениет, денсаулық сақтау салаларынан кейінгі сатыларда қалғаннан кейін басқарма құру да оңай болған жоқ. Әйтеуір, Мемлекет басшысы тарапынан қолға алынған «Бурабай-Щучинск курортты аумағын дамытудың жоспары» жобасын өзім әзірлеп, жазып шыққан соң, ондағы 80 іс-шараның біріне Ақмола облысында жыл соңына дейін туризм басқармасын құру қажет деген тармақ енгіздім. Үкімет бұл шараларды қабылдап, Қаулы шығарған соң, Ақмола облысы әкімдігі басқарма құруға мәжбүр болды. Сөйтіп, өзімді басқарма басшысы етіп тағайындаған соң, қарамағыма небары 6 адамдық штат беріп, жұмысты бастап кеттік. Бізден кейін оңтүстік облыстарда да аталмыш басқармалар құрыла бастады. Осы Бурабай-Щучинск курортты аймағын дамыту бойынша 3 жобаның да әзірленуінің басы-қасында өзім болдым, былайша айтқанда, сол жобалардың үйлестірушісімін, – дейді Шынарбек Батырханов.

Қазіргі уақытта Шынарбек Бүркітбайұлы облыстың және елдің туристік саладағы қоғамдық жұмыстарына белсенді де жүйелі қатысуды жалғастырып келеді. Бүгінде ол Ақмола облысының туризм және демалыс индустриясы қауымдастығының төрағасы, жоғарыда атап өткен бүркітшілер федерациясының облыстағы президенті, Ақмола облысы әкімі аппаратының ардагерлер ұйымы төрағасының орынбасары болып табылады. Ол бүгінде мемлекеттік қызмет академиясының лекторы ретінде ауыл әкімдеріне туризмді жергілікті жерлерде ұйымдастыру бойынша дәріс те оқиды.

–Атамыз Мәсіп Батырханұлы 80-нен асқан шағында дүние салды. Сонда сандығынан Кеңес Одағының үздік аңшысы болғанын растайтын құжат табылды. Оған мән берген бізден басқа ешкім болмады, өз тарапымыздан құжат музейге тапсырылды. Кейін «Мәдени мұра», «Рухани жаңғыру» секілді бағдарламалар қолға алынған кезде құсбегілік кәсібін, аңшылық дәстүрді жандандыру мәселесі көтерілді. Сонда жан-жақтан, әсіресе, оңтүстік аймақтардан атақты бүркітшілерді іздеді. «Солтүстікте қайбір бүркітшілер бар дейсің» деген сыңаймен Көкшеге мән берілмепті. Оны естіген біздің ұлттық спорт мектебінің жігіттері облыстық музейде бүркітші Мәсіп атаның арнайы бұрышы барын, оның Қазақстандағы жоғарыдағыдай атақты иеленген жалғыз бүркітші екендігін айтып, дабыл қаққан екен. Оны естіген бағдарлама ұйымдастырушылары Мәсіп атаның немересі болғандықтан, әрі туризм саласын басқарғандықтан маған хабарласып, сіздерде туристерді қызықтыру үшін бір ұлттық шара – бүркітшілер жарысын ұйымдастырсақ деп ұсыныс білдірді. Кейін маған айтпастан, атақты бүркітшінің немересі деп, мені облыстағы бүркітшілер федерациясының президенті етіп сайлап қойыпты. Содан бері 20 жыл өтті, осы федерацияны әлі басқарып келемін. Жыл сайын түрлі деңгейдегі турнирлерді өткіземіз. Ең алғашқыда бүркітшілер сайысы –«Қансонарды» Бұқпа тауының баурайындағы «Динамо» базасының аумағында ұйымдастырдық. Кейін Мәлік Мырзалин облыс әкім болып келген кезде Бурабайды дамытуды басты назарда ұстаймыз деп, «Қансонарды» Бурабайда ұйымдастыруға қолқа салды. Мен келістім. Сол кездегі республикадағы бүркітшілер федерациясының президенті Берік Уәли осыны естіп, халықаралық деңгейде ұйымдастыруды ұсынды. Мен туризм саласында жүргеннен кейін мұндай шаралардың маңызы зор екенін жақсы түсінемін ғой, содан бір ай ішінде жан-жақты ұйымдастыру жұмыстарымен айналысып, ретін тауып, бас жүлдеге «Нива» көлігін қойып, шетелден де бүркітшілер келетін болып, әйтеуір, халықаралық деңгейде өткізетіндей дәрежеге жеткіздік. Қазіргі таңда «Қансонар» жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып тұратын жарысқа айналды, – дейді атақты бүркітшінің немересі.

Ш.Батырханов облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары болып жүргенінде де ақмолалықтар мен өңірге демалуға келген қонақтарды бұқаралық спортқа тартуды қолға алып,  алғашқы болып желкенді спортты да дамытып, насихаттай бастады. Жыл сайын желкенді регаттарды өткізді, бұл шара кейін желкенді спортты дамытудың халықаралық күнтізбесіне енді. Оның бастамасымен Қазақстанда алғаш рет жергілікті жоғары оқу орындарының оқу бағдарламасына желкенді спортты дамыту және балалар мен жастарды желкенді көліктерді басқаруға тарту мақсатында яхтинг бойынша курстар енгізілді. Бұл еліміздің жетекші курорттық өңірі ретінде Ақмола облысы үшін өте бір тартымды жоба болды. Және осы су спорты түрін дамыту үшін біздің облыста барлық жағдайлар бар. Жалпы, осы бұқаралық дене шынықтыру мен спортты дамытуға, желкенді регаттарды, бүркіт, аң аулау және ұлттық спорт түрлері мен тағы басқа, спорт түрлерін ілгерілетуге қосқан үлесі үшін Шынарбек Батырханов Ұлттық Олимпиада комитетінің Құрмет белгісіне ие болған.

Туризмді дамытуға қосқан елеулі үлесі де ескерусіз қалмай, мемлекет тарапынан «Құрмет» орденімен марапатталған. Оның кеудесінде «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» медальдары, салалық министрліктің «Қазақстан Республикасының туризмін дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі мен кәсіподақтар жүйесіндегі көп жылғы еңбегі үшін «Кәсіподақтар қайраткері» төсбелгісі жарқырап, мен мұндаласа, «Қазақстан Республикасы Туризмінің құрметті ардагері», жергілікті жердің жоғары оқу орындарында туристік кадрларды даярлау бойынша көп жылғы жұмысы үшін Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің «Құрметті профессоры» атақтары берілген. Сонымен бірге, отбасылық мұрағатында Шынарбек Батырхановтың еңбек жолындағы жетістіктері мен табыстарын айғақтайтын 20-ға жуық мерейтойлық медальдар мен белгілер, сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Президентінің үш Алғыс хаты, көптеген грамоталар мен сертификаттар бірден көз тартады.

–Елдің туризм саласын дамытуға қосқан еңбегім рас, бағаланды. Десе де, ол еңбегімді мен наградамен немесе марапаттаулармен өлшемеймін. Оны мен туризм саласынан облыс экономикасына түсіп жатқан кіріспен бағдарлаймын. Алғашқыда туристік салада ұсынылатын қызметтер кірісі 20 миллиард теңгеге ғана жететін, қазір ол еселеп өсіп кетті. Демек, туризмді дамытуға жұмсалған маңдай тер мен қаншама кедергілерге төтеп берген күш-жігеріміз ақталу үстінде,  –дейді  Шынарбек Батырханов.

Екі қызы әкесінің ақылымен экономист мамандығына оқып, бірі банк саласының қызметкері болса, бірі орталық аппаратта қаржылық бағыттағы жобалармен айналысады. Өмірде жолы болған әрбір ер азаматтың артында нәзік қалпын сақтаған бір мықты әйел тұрады деген сөз бар. Сол сияқты, Шынарбек Бүркітбайұлының алтын басын бағалай білген өмірлік серігі Алма Сұңғатқызы Құнанбаева жан жары үшін өзіне ұсынылған басқарушылық, ұйымдастырушылық қызметтерден де бас тартқан. Алматыдағы Абай атындағы қазақ педагогикалық институтын бітірген ол партия қызметінде істеген,  қалалық комитетте екінші хатшы болған белді азаматша. Бірақ, тұрмыс құрған соң, ерінің мансап жолына мән беріп, бала-шаға тәрбиесіне көңіл хошын арнаған. Десе де, Ақмола облыстық тарихи-өлкетану мұражайында директордың ғылыми бағыттағы орынбасары болып 30 жыл еңбек етті, мәдениет пен ғылымға қосқан еңбегі ескеріліп, «Мәдениет қайраткері» атанды.

Шынарбек Батырханов ағамыздан сөз соңында көп жылғы іс-тәжірибеңізбен мемлекеттік қызметте жүрген жастарға қандай ақыл-кеңес берер едіңіз деген сауал қойдық.

–Әрбір оқу бітірген жас бір бағытта қалып қоймай, бизнесті, түрлі жобаларды, заңдарды оқып меңгеруі керек. Мемлекеттік қызметке бару үшін мүмкіндігінше барлық саланы зерттеген абзал. Ерінбей білім іздеп, тәжірибе жинау керек. Сатылай өсу үшін шағын қадамдардан, қарапайым қатардағы қызметкер болудан бастаған жөн, – дейді ол бұл сауалымызға.

Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейханов айтпақшы, «елге қызмет ету білімнен емес, мінезден» дегендей, Шынарбек Бүркітбайұлының өмір бойы бір тыншымай, ел игілігі үшін осыншама қажыр-қайрат, білгірлікпен еңбек етіп, абырой биігінде тұрақтап тұруы мінезінен болса керек. Олай болса, ел жақсысының мерейлі жасында біз де оған ғұмырының ұзақ болып, одан сайын осы бір азаматтық, отаншылдық биіктен көріне беруін тілейміз!

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар