Айыртау баурайында жатқан Егіндіағаш ауылындағы

Тағзым

Бәйтерек

Ементай Құттыханұлы әулетінің өнердегі, жалпы, өмірдегі өрісті қадамдары жерлестерін мақтаныш сезіміне бөлейді.

Мақсат-мұратына жетуге асыққан жолаушыға жауын-шашыннан ықтасын, күн көзінен қалқан болатын жапан түздегі алып бәйтерек тылсым дүниенің діңгегіндей, өзін сағалаған жанға күш-қуат береді. Қазақ даласының ұлылығын, мәрттігін паш ететін алып емендер өмірде де жиі кездеседі. Ырымшыл халқымыз өнерлі әрі еңбексүйгіш әулетті бәйтерекке теңеп жатады.

Төңірегін қарағайлы, қайыңды қорымдар мен табиғи су қоймалары әдіптеген табиғаты ғажап Егіндіағаш ауылын ән мен жырдың бесігі десе болғандай. Сол себепті, дүлдүл ақын Бертағының Орынбайының, ақтангер Ақан сері мен ақиық Үкілі Ыбырайдың әндерімен сусындап өскен Ементай ақсақалдың әулетін дарындылар қатарына жатқызар едік.

Өнерлі отбасының алып бәйтерегі Ементай қарияға келер болсақ, ол жігіт шағында жақсылармен жанасып, Ақан серінің сенімді серігі болды. Ұлы ұстазының ғажап әндерін ел арасына кеңінен таратты. Қариялардың айтуына қарағанда, ән еркесі Ақан да нағашы жұртын мақтан тұтып, Егіндіағаш ауылына жиі келетін. Тіпті, Құлагерді де құлын кезінде Көшей әулетінен алыпты деген аңыз бар.

Атақ-даңқы Айыртау өңіріне кеңінен тараған Ементай атамыз ән өнеріне інісі Еменәліні де баулыған. Той-думанда, алқалы жиында ағалы-інілі екеуінің екі дауыспен шырқаған әндерін жиналған қауым сүйсіне тыңдайтын. Ал, ол уақытта қос дауыспен түрленіп, ән айту сирек кездесетін құбылыс болатын.

Егіндіағаштың асқаралы биігі, тума талант Ементай атам 1870 жылы дүниеге келіп, 87 жыл ғибратты ғұмыр кешті. Әулетіне сыйлы, аузы дуалы, қазыналы қария темірден түйін түйген, ағаштан кебеже, астау, бесік жасаған шебер қолөнерші болыпты. Ал, ағаштан бұрап салған қонысын егіндіағаштық ағайындар «Ементайдың үлкен үйі» деп атайды.

Көп жылдардан сыр сақтаған,

Атамекен шаңырақ.

Қайран сол үй қымбат маған,

Тұрса дағы қаңырап, – деп Маман ақын «Туған үйдің түтіні» өлеңінде жазғанындай, қасиетті бұл орда бәрімізге де ерекше қастерлі. Өмірлік қосағы Кенжекей әжем екеуі Айтмағамбет (Айтмақ), Баймағамбет (Баймақ), Қартбай, Тайжан ұлдарымен бірге, Бәтила, Жәния, Сақыш есімді қыздарына өмір сыйлады. Алып бәйтеректей жайқалған әулеттен өрбіген ұрпақтарының алған асулары мен қол жеткен жетістіктерінің бәрін тізбектеп айту мүмкін болмағанымен, әр отбасының мақтанышына айналған перзенттеріне тоқтала кеткім келеді.

Бәтила апам мен Қабдөш жездемнің сүйікті перзенті Ғалым кезінде Егіндіағаш ауылындағы мектепте мұғалім, кейін директор болды. Өкінішке орай, өмірі ерте үзіліп, елуінде қайтыс болды. Тағдырдың жазуына кім араша болмақ?! Өте зерек, көпшіл, мейірімді азамат болатын. Мамандығы мұғалім Гауһар қызы Саумалкөлде әжелер ансамблін құруға бастамашыл болды.

Ементай ата немерелерінің ең үлкені Ұлан Айтмағамбетұлы – сонау елуінші жылдары Көкшетау топырағынан тұңғыш консерваториялық жоғары білім алған кәсіби музыкант. Алматы мемлекеттік консерваториясында Нұрғиса Тілендиев, Еркеғали Рахмадиев, Қабидолла Тастановпен бірге оқып, қобыз класы бойынша бітірген. Алматыға іссапармен келген Францияның өнер қайраткерлері Ұлан ағаның виолончельде әлемдік классика туындыларын шебер орындағанын көріп, таңқалған ғой. Ал, 1958 жылы Мәскеуде өткен қазақ мәдениеті мен өнерінің онкүндігінде үздік дирижерлік қабілеті үшін оған хормейстер атағы беріледі. Тума талант Ұлан асқақ баритон дауысты әнші де болатын. Өмірі келте үзілген өнерпаз ағамыз Алматыдағы Мемлекеттік ән-би ансамблінің хор капелласында бас хормейстер болды, кейін «Қазақконцертте» қызмет істеді.

Айтмағамбеттің іскер ұрпақтарының бірі, Мағжанның немересі Расул Ақанұлы қазіргі таңда «МұнайГаз» ұлттық компаниясында абыройлы қызмет істеп жүр. Елі Айтмақ деп еркелететін Айтмағамбет кезінде агрономдық қызметпен айналысқан. Ал, Мағжан аға мен Баян жеңгейден тәлім-тәрбие алған ұл-қыздары да өнерге бейім, бір немересі блогер.

Айтмақ атамыздың өзіне келер болсақ, бронмен соғысқа бармай, майдан үшін азық-түлік дайындаумен айналысыпты. Алайда, әскери комиссариаттың қызметкерімен кикілжіңге келіп, соғысқа алынып, Курск иініндегі бір шайқаста шейіт болды.

Қарапайым колхозшы болса да, өз әкем Баймақ (Баймағамбет) табиғи дарынымен Ементай әулетінің атақ-даңқын Көкше өніріне жайды. Тіпті, 1940-1950 жылдары оны облыстық филармонияға қызметке де шақырса керек. Ортадан жоғары, жұмсақ тембрлі әдемі дауысы бар Баймақ «Наурызбай-Қаншайым», «Көрғұлы» дастандарын, Сәкен Сейфуллиннің «Көкшетау» поэмасын, Орынбайдың, Шал ақынның, Нияз серінің әндері мен толғауларын өз мақамымен шебер орындайтын.

Әкемнің тұла бойы тұңғышы Аман Ементайдың киелі шаңырағына ие болып қалды. Совхозда мастер-реттеуші болып істеген ағай техниканың сырын бес саусақтай білетін. Баян жеңгей болса ұзақ жыл жергілікті мектепте қазақ тілі мен әдебиетінен дәріс берді. Көп жылғы жемісті қызметі үшін Ыбырай Алтынсарин атындағы медальмен марапатталды. Ал, ұлы Амангелді  домбырашы әрі әнші, қызы Алтын науқас балаларды музыкамен емдейтін терапевт.

Баймақтың  қызы Бүліс пен Өміржан жездеміз Айыртауда тұрғанда, бірі мемлекеттік қызметте болса, бірі саудамен айналысты. Ел ішінде абыройлы болды. Ұлдары Уәлихан мен Шоқан кәсіби біліктілігімен елге танылды. Қызы Дина мен күйеу баласы Қайрат туризм бизнесімен сәтті айналысып жүр. Олар жетекшілік ететін «Чайка», «Сокол» лагерьлерінде жаз бойы мектеп оқушылары тынығады. Мәдени-көпшілік шараларды өткізуге демеушілік көмек жасаудан да тартынған емес.

Ементайдың кенже ұлы Тайжан артиллерия әскерлерінің офицері, ауылдағы мектептің бастауыш сыныбының мұғалімі болған. Ол күйшілік қабілетімен облыстық фестивальдар мен байқауларда сан мәрте жүлдегер атанды. Саусағы саусағына жұқпайтын дәулескер күйші ретінде «Сарыарқа», «Арай», «Балбырауын», «Былқылдақ», «Қосбасар», «Алатау», «Бұлбұл» күйлерін шебер орындайтын. Тайжан қоңыр да жайлы даусымен ескі әндер мен толғау-жырларды да сол бұрынғы айту мәнерінен айнытпай шырқайтын. Әкесінің әншілік дәстүрін орындаушылық шеберлігімен жалғастырып жүрген ұлы Тоқтар да дарынды өнерпаз.

Бәтиланың үлкен қызы Күлкән мен жездеміз Көке Мұқышұлын біздің әулет айрықша мақтан етеді. Қонақжай, кеңпейіл асыл жандар ұлттық салт-дәстүрлерді де берік ұстанды. Сақыш тәтемнің ұлы Қанат болса, ауыл шаруашылығы өндірісін өркендетумен белсенді айналысып жүр.

Ементай әулетінің адамгершілік қасиеттері мен өнерге құштарлығы жайлы ой-толғамымды Маман Баймақұлының азаматтық болмыс-бітімі және шығармашылық жетістіктерімен жалғастырғым келеді. Өйткені, Маманның өнер атаулыны жатсынбай, бауыр басып өсуіне сөз жоқ, атасынан бастап ағаларынан алған тәлім-тәрбиесі үлкен әсер етті.

Мінезі мақпал, жаны таза Маман аға нағыз сегіз қырлы, бір сырлы азамат. Оның ақындығы мен журналистік шеберлігі бір төбе де, сазгер ретінде қазақ мәдениетіне қосқан үлесі тым ерекше. Облыстық «Көкшетау правдасы» газетінде бөлім меңгерушісі болып істеген қарымды қаламгер жазбаған тақырып некен-саяқ болар. Өзінің сұлу өлкесіндей өріліп түсетін ғажап очерктері, суреттемелері күні бүгінге жадымызда. Ал, өлеңдеріне келер болсақ, өзінің мінезіндей майда, қоңыр, мақпалдай жұмсақ.

Кез-келген музыкалық аспапта емін-еркін ойнайтын сазгер ретінде Маман Баймақұлы отызға тарта ән жазыпты. Әсіресе, «Егемен Қазақстан», «Көкшетау вальсі» әндерін оның шығармашылығының биік белесі деуге болады. Өнердің шынайы жанашыры ретінде Маман өзі бастамашы болып, Көкшетауда қазақ ұлт аспаптар оркестрін де құрды.

Өмірдегі ақылшым әрі жанашырым болған дарынды тұлға Маманның мына жалғандағы ғұмырының елу төрт жаспен өлшенуі жанымызға қатты батқанымен, құдайға шүкір, әріптестері, туыстары, асыл жары Үкіжан жеңгей мен ұл-қыздары оның есімін әрдайым ардақ тұтады. Айыртау ауданының орталығы Саумалкөлдің бір көшесі «Құрмет Белгісі» орденінің иегері, ақын- журналист Маман Ементаевтың есімімен аталады. Облыстық «Арқа ажары» газетіндегі әріптестерінің, қаламдас інілерінің қолдауымен бауырым тұрған үйде мемориалдық тақта да орнатылды. Ал, 2008 жылы оның «Ауылым қонған Сырымбет саласында» атты өлең кітабы жарық көрді. Әкеден мирас болған өнерді ұлы Асқар да жалғастырып, бірнеше әннің музыкасын жазса, үлкен қызы Жанна хор дирижері мамандығы бойынша шәкірт тәрбиелеуде сәтті қадам жасауда.

Бәріне уақыт – әмірші. Көненің көзіндей арамызда ақылшымыз болып жүрген үш жеңгеміз, Тайжан, Ғалым, Маман ағаларымыздың үш қосағы Сайран, Көгей, Үкіжанға Алла тағала күш-қуат бергей. Ал, бүгінгі күнгі алып бәйтеректей бұтағын кеңге жайған Ементай ата әулетінен қалған ұрпақ – Тоғжан ағаймен мен ғана. Ары таза, нағыз отаншыл азамат Тоғжан құдай қаласа, биыл жетпіс жасқа толмақ. Бәтима жеңгеміз екеуі Щучье қаласында жеке кәсіппен айналысып, тұтынушылардың құрметіне бөленуде. Әрдайым ағайынды бірлікке жұмылдыра білетін Тоғжанның бастамасымен ай дидарлы Айыртаудың өнерлі әулеті – Ементай атамның өсиеті мен мұрасына адалдықтың белгісіндей, ұрпақтары Құран бағыштап, ас беруді ұйғарып отыр. Баба аруағы біздерді желеп-жебеп, күш-қуат бергей.

Өз отбасыма келер болсам, Қосағалы батырдың ұрпағы, жұбайым Абай Қасымбаев кезінде Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде кәсіподақ комитетінің төрағасы болып істеді. Қазіргі таңда «Бурабай» колледжінде ұстаздық қызметпен айналысуда. Кіші қызым Гауһар Бішкек қаласында режиссер мамандығы бойынша дәріс алып, Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжінде осы пәннен сабақ беріп жүр. Өзім отыз алты жыл тапжылмастан облыстық тарихи-өлкетану музейінің этнография бөлімінде істедім.

Ата-баба дәстүріне адалдық танытып, ағайынды татулыққа, бірлікке жұмылдыру – ұрпақ сабақтастығының басты қағидасы. Ендеше, өміршең осы ұстанымнан танбай, алға сеніммен қадам баса берейік.

Күміс ҚАСЫМБАЕВА,
мәдениет саласының үздігі,
Ементай атаның ұрпағы.

Көкшетау қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар