«Жасанып жай оғындай тұрмыз дайын…»

Әке! Жүрекке жылылық ұялатып, мақтаныш сезімне бөлейтін осы сөздің ұлылығын терең сезінген сайын, осынау асыл жандардың рухы бойыңа күш-қуат беріп, жігеріңді шыңдай түседі. Ата-бабадан мирас болған дәстүрді сеніммен жалғастыратын ұрпақ алдымен әкеден үлгі алады. Өйткені, «Әке көрген оқ жонар» дегенді дана халқымыз бекер айтпаған ғой. Атан түйенің жүгін арқалағандай, елің үшін, халқың үшін тағдырдың тәлкегіне түссең де, қиындыққа мойымай, бәрін қайсарлықпен жеңе білдің. Сол үшін біз саған мәңгі қарыздармыз!

Кешегі Ұлы Отан соғысы жылдары кәрі құртаң ата-анаңды, жөргектегі сәбиің мен өмірлік қосағыңды  тастап, өз еркінмен майданға аттандың. Қаншама боздақтар жер жастанып, ұрыс даласында шәйіт болды. Мұндай қайғы-қасірет Шолақөзек ауылындағы біздің әулетті де шарпыды. Мәселен,  әкем Есентай Мұқановтың қос бауыры Есенғали мен Иманғали соғысқа дейін Казгородок балалар үйінде тәрбиеленді. 1941 жылдың 3 шілдесінде әскер қатарына алынған ағайынды екі жігіт 1943 жылдың аяғына дейін шешуші шайқастарға қатысты.  Айыртаулық қос майдангер Орлов облысы, Дмитровск қаласының маңындағы Балдыж селосындағы бауырластар зиратына жерленіпті. Ал, көрсеткен ерлігі үшін Есенғали ағай бірінші дәрежелі Отан соғысы орденіне ұсынылған екен. Жастайынан алғыр Есенғалидың майданнан елге жолдаған сәлем хатының есімде қалған үш шумағын назарға ұсынуды жөн көрдім:

Қадірлі колхоздағы елдерім-ай,

Көк майса барқыт түсті жерлерім-ай.

Қаз қонып, аққу ұшқан мөлдір сулы,

Айнала қоршап жатқан көлдерім-ай.

 

Қожабек, Есентай, Қасен ағаларым,

Сендерді бір көрсем деп ынта-зарым.

Жасанып жай оғындай тұрмыз дайын,

Білмейміз алда қандай заман барын.

 

Колхоздың асыл қарттары, қош болыңдар,

Күш болып қуантатын хат жазыңдар.

Сұм жауды жеңіп біздер барғанымызда,

Қуанып алдымыздан қарсы алыңдар!

Өлеңнің мазмұнына қарағанда, Есенғали оны шешуші ұрысқа кірер алдында жазған сияқты.

Ал, соғыстан кейін ауыл мектебінде мұғалім болып істеген әкем Есентай Мұқановтың майданда көрген азабын естігенде жаным түршігеді. Қызыл армия қатарында азаматтық борышын 1939 жылы өтеп, елге қайтамыз деп тұрғанда, Ұлы Отан соғысы басталып, шешуші шайқастарға белсене кірісіп кетеді. 1942 жылдың желтоқсанына дейін 206 атқыштар  полкында  жауынгер, 994-інші  атқыштар полкінде сапер болған ол сан мәрте кескілескен ұрысқа қатысып, жүрексінбей атқарып, қайсарлық таныта білді. Алайда, соғыстың аты соғыс қой. Үнемі бағың жанып, үнемі жеңіске жете бермейсің. Кескілескен бір шайқаста жау қолына түскен әкей біраз уақыт тұтқында болып, совет әскерлерінің көмегімен тар қапастан аман құтылады. Содан жеңісті жорықтарын әрі қарай жалғастырып, Айыртау ауданындағы Шолақөзек ауылына 1945 жылдың аяғында ғана келеді.

Әкей болса, соғыста көрген бейнеттерін тіс жарып, көп айта бермейтін. Керісінше, қарулас серіктерінің ерліктерін көбірек насихаттайтын. Кластастарыма осы жайларды білдіргім келгенімен, мұғалім әкей ренжіп қала ма деп ашық айтуға батылым жетпейтін. Оның үстіне жастайымнан Шолақөзек ауылының қазыналы қариясы, ұзақ жыл диірменші болып істеген Сұлтан ата мен анамдай мейірім шуағына бөлеген Нүрилә әжемнің бауырында өскендіктен, олардың да көңіліне қарайлайтынмын. Сол себепті, Есентайды әке деудің орнына мұғалім деумен ғана шектелетінмін.

Айыртау ауданынан майданға барған азаматтар мен өз әкесі Ағзам жайлы ақын апамыз Бақыт Әбділманова «Саумалкөл самалы» кітабында жылы лебіз білдіріпті. Менің әкем Есентайдан бастауыш сыныпта оқыса керек. Ұстазының сабырлы мінезі, қарапайымдылығы хақында тебірене толғанып, бір өлеңін де арнапты.

«Әкесі достың баласы дос» дегендейін, Айыртауға барғанда ақын апайыммен жиі кездесіп тұрамын. «Айналайын Ементай, сені әкенің көзіндей өте жақсы көремін. Екеуінің болмыс-бітіміңде, тіпті түрлеріңде көп ұқсастық бар», – дей келе, Бақыт тәтем «Бұқпа!» газетінде 2015 жылғы 7 мамырда жарияланған бір сурет жайлы тебірене сыр шертті. Оның айтуына қарағанда, бұл сурет жиырмасыншы ғасырдың қырқыншы жылында Владимир қаласында түсірілген. Кеңес армиясының қатарында азаматтық борышын өтеп жүрген сегіз сарбаздың екеуі айыртаулық өрендер екен. Екінші қатарда сол жақта тұрған – Ағзам Әбділманов, ал, бірінші қатарда сол жақта отырған – менің әкем Есентай Мұқанов. Әкеге деген сағыныш сезімін ұялататын осы суреттің көшірмесін үйімнің төріне іліп қойдым.

Өз әулетімнің соғыстан кейінгі тыныс-тіршілігі жайлы айтар болсам, Сұлтан атам қайтыс болған соң, кіндік қаным тамған қара шаңыраққа оралып, әкем Есентаймен қайта қауышсам да, бойымды үрей билегендей, өкініш пайда болады да тұрады. Мектепте үлгілі оқушысы атансам да, бала болып еркелей алмадым. Бәлкім, сөйткенде әкем де мені аймалап, сыр бөлісіп, ақылын айтар ма еді?!.

Рухы мықты азаматтың ұлы болғандықтан, оның абыройына дақ түсірмеуге тырысып бақтым. Қасиетті Сырымбеттен қанаттанып, орта мектепті бітірген соң Целиноград ауыл шаруашылығы институтында оқып, агроном-экономист мамандығын алдым. 1970-2011 жылдар аралығында Көкшетау, Уәлиханов, Айыртау аудандары мен Көкшетау қаласында комсомол комитетінің бірінші хатшысы, атқару комитеті төрағасының орынбасары сияқты лауазымды қызметтер атқарып, іскерлік қабілетімді таныттым. Еңбегімді елім де бағалады.

Құдайға шүкір, асыл жарым Мәркеш екеуміз Ерлан, Бауыржан, Айжан есімді өнегелі ұл-қыз өсіріп, қарттық шағымызды қанағаттанғандық сезіммен бағалай отырып, ұрпақтарымызға ата-ананы қадірлеуді,  отбасы дәстүрін қастерлеуді аманат етемін.

Ементай МҰҚАНОВ,
майдангердің ұрпағы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар