Қан майданнан жеткен «Соңғы хат»

Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрының Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай қойған «Соңғы хат» спектакль-концертінің премьерасын көрермендер қауымы жылы қабылдап, риза көңілдерін білдірді.

Архивтен алынған хаттар негізінде сахналанған қойылым жан тебірентер соғыс тақырыбындағы әндермен астасып, көрерменге сол бір ауыр жылдардың жағдайын, адам жанының терең толғанысын сезіндірді десе болады. Қойылымның қоюшы режиссері – театрдың белді актері Медат Хамзин, сценарийін жазған театрдың көркемдік жетекшісі Манарбек Қыдырбай.

– Қойылымның негізгі желісі өмірде болған оқиғалардан алынған. Көрерменге жақсы ой салады деген ойдамыз. Бейбіт заманның қадір-қасиетін ұғындырады. Бұл соғыс жылдарында жазылған хаттарды соғыс тақырыбындағы кітаптардан, әлеуметтік желілерден, сайттардан жинақтадық, – дейді Манарбек Қыдырбай.

Басты рөлдегі қарияны театрдың белді актері Қайрат Мырзаболатов сомдап, немересімен бірге жүріп, соғыс жылдарындағы өзінің басынан кешкен оқиғаларын есіне түсіреді. Оқиға сол қарияның ойы арқылы өрбіп отырады…

Бейбіт елдің шырқын соғыстың басталғаны туралы қаралы хабар бұзып, басы абыр-сабырға ұласады. Ер азаматтардың Отан алдындағы парызы мен қарызы, әйелдердің ерлері соғысқа аттанар алдындағы қимастық сезімдері мен жауапкершілігі, аналардың соғыста жүрген баласын зарыға күтуі секілді қаншама ауыр сәттер бір сағатқа толар-толмас уақытта көз алдыңнан көлбеп өтеді. Қойылымда оқылған сағыныш пен үмітке толы хаттарда сұрапыл соғыстың адамзат жүрегіне салған өшпес жарасы баяндалып, ерлікпен қаза тапқан батырлардың рухына тағзым етілуінен көрермен одан сайын бейбіт өмір мен ашық аспанның мән-маңызын ұғына түсті десек болады.

– Көңілімнен шыққан жақсы қойылым болды. Оқиғалар өрби бастағанда, көз алдыма әке-шешемнің тағдыры елестеп, сол заманды есіме салды. Біз соғыстан кейін туған балалармыз. Бала кезімізде соғыс туралы жиі еститін едік. Әкем екі соғысты көрген ардагер. Соның екеуінен де аман-есен оралды. Ол кісілер ерекше адамдар еді ғой. Бүгінгі қойылымға келгеніме риза болып тұрмын. Жыладық та, күлдік те, сөйтіп, Жеңіс күнін жақындатқан әкелерімізді еске алдық, – дейді қала тұрғыны Әлима Зәкенқызы.

«Соңғы хат» – тек сахналық қана көрініс емес, ол жүректен шыққан сағыныш, майдан даласынан жолданған үміт пен сырға толы хаттардың сол кезде күнделікті өмірге айналған көрінісі. Бұл қойылымнан көрермендер тек өткенді еске түсіріп қана қоймай, бабаларымыздың ерлігі мен жанқиярлығын да терең сезіне алды деп ойлаймыз.

Ырысалды АХМЕТҚАЛИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар