Отан үшін от кешкен төрт бауыр

Ұлы Жеңіске үлес қосқан қазақстандық майдангерлер мен тыл еңбеккерлерінің теңдессіз ерлігі мен ерен еңбегін ешқашан ұмытуға болмайды. Сол бір ел  басына күн туған сұрапыл жылдарда аға ұрпақтың  Отан алдындағы өз парыздарын қалай атқарғандықтарын кейінгілер де білуі тиіс. Мысалы, біздің отбасынан Сира (Сиражеддин) Өсіпов сол Екінші дүниежүзілік соғысты қатардағы сарбаз болып бастап, кейін бейбіт өмірде полковник дәрежесіне дейін жеткен.

Осыны басынан бастап баяндасақ, ол кісі 1923 жылы 15 тамызда Солтүстік Қазақстан облысындағы Преснов ауданының Баян ауылында туған. Сол өңірде мектепті бітіріп, әскер қатарына шақырылады. Өзі көзі тірісінде осы төңіректе мен оқымаған мектеп жоқ шығар дейтін. «Себебі, мал соңында қай жер шұрайлы болса, сол жерге тоқтап, қыстаған сайын мені жақын маңдағы орыс деревняларындағы мектепке беретін. Соның өзінде бір мектептен бір мектепке ауысып жүріп, жақсы оқыдым. Оқуды да  солай ақыр аяғында үздік бітірдім» деп айтып отыратын.

Әкесі Өсіп бай болған деп  бір емес, екі рет кәмпескеге іліккен адам. «Сол үшін Аралға жер аударылғанбыз. Соңғы рет Орынбор арқылы түйемен Көкаралға барғанымыз есімде. Түйенің үстінде қалғып-шұлғып отырғанда бес-алтыдамын ғой деп ойлаймын. Әлі кішкентай болсам да, соны ұмытпаппын. Аралға келген соң жейтініміз балық болды. Тамақтың бәрі балықтың майына пісіріледі. Содан ауырғаным да есімде қалыпты» дейтін.

Мұның барлығы сол кезде әр шаңырақта балалардың өмірі қандай жағдайда болғандығының бір көрінісі. Енді солар ер жетіп, Кеңес Одағы орнатқан  жаңа қоғамнан өз орындарын табуға талпынғанда соғыс басталды. Сира да әскер қатарына шақырылып, сол жағынан майданға аттанған. Алғашқы әскери дайындыққа екі-үш ай Петропавл қаласында жаттығып, төселеді. Ондағы ауылдан барған жас жігіттердің көбі бас кезінде орысша білмегендіктен, берілген бұйрықтарды түсінбей, біраз қиындық көрсе де, алғы шепте жүріп, талай ерлік жасағандарына қарағанда, осының бәрі біздің қазақтың қанында бар қасиет-ау деп ойлайсың.

Сира Өсіповтың жауынгерлік жолын алып қарағанның өзінде оның ерлікке толы екенін аңғаруға болады. Оңтүстік майданында 156 жекелеген атқыштар бригадасының құрамында 1943 жылдың 20 қаңтарына дейін миномет бөлімшесінің командирі болған. Одан әрі Ленинград әскери училищесінің курсанты. Тура бір жыл сонда соғыс машығын үйреніп шығып, майдан шебіне лейтенант шенімен автомобиль взводының командирі болып оралады. Өзге әскер түрлері сияқты соғыстың от-жалынында жүргізушілер де майданның ең қиын-қыстау тұстарында, жауған оқтың астында болғаны белгілі. Әйтеуір, құдайым оқ пен оттан қаққан Сира соғыстың жорықты жолдарын Жеңіспен 156-ыншы жекелеген атқыштар бригадасының құрамында аяқтайды. Кейін елге оралған соң 1947 жылдан 1973 жылға дейін ішкі істер органдарында басшылық лауазымдарда қызмет атқарды. Бұл екі арада 1957 жылы КСРО Ішкі істер министрлігінің Ленинград әскери-саяси мектебі мен 1966 жылы сырттай Мәскеудің Кеңес Одағы Коммунистік партиясы Орталық Комитеті жанындағы Жоғары партия мектебін оқып бітірді. Өзі үлкен жауапкершілікпен атқара білген жоғары қызметінен зейнет демалысына шыққан соң да еңбектен қол үзген жоқ. 1978 жылы қызмет бабымен тұрған Павлодар өңірінен Көкшетауға қоныс аударып, осы облыс орталығындағы жиһаз фабрикасында кадрлар бөлімін басқарды.

Мен тағдырдың жазуымен осындай қадірлі азаматпен қосылып, жиырма жыл бірге отастым. Бірінші некеден туған үш баламды тәрбиелеуге, оларды аяғынан тік тұрғызуға бар күшімен көмектесіп, өз әкелеріндей болды. Сол кісінің берген тәрбиесінің арқасында үлкен ұлым Ерлан Қуанышұлы Қапезов ішкі істер саласында жақсы жұмысымен көрінді. Қазір подполковник шенімен құрметті демалыста. Ортаншы ұлым Айдын Пермь жоғары әскери училищесіне оқуға түсіп, екінші курстан балалықпен тастап кетті. Қазір онысына қатты өкінеді. Қызым да үйлі-баранды. Осы Көкшетауда тұрады. Әрқайсысы өмірден өз орындарын тауып, тіршілік етуде.

Өсіп әулетінен үлкен ағасы Қоспан да соғыста әскери ұшқыш болды. Кейін Приморск өлкесінің Партизанск қаласында әскери қызметте қалып, сонда зейнет демалысына шығып, қайтыс болғаннан кейін де сол жақта жерленді. 1908 жылы туған ағасы Ахмадия Өсіпұлы да 1944 жылы майданда ерлікпен қаза тапқан. Осы Ахмадиядан кіші Ақмағамбет болса, 1912 жылы дүниеге келген. Ол да соғысқа қатысқан. Өкінішке орай, ғұмыр жасы ұзақ болмай, 1957 жылы қайтыс болды.

Ахмадияның баласы Шұғай мамандығы журналист еді. Біраз жыл Көкшетау облыстық «Көкшетау правдасы», кейін «Көкшетау» газетінде Ленинград ауданы бойынша меншікті тілші болып қызмет істеді. Сол Шұғайдың баласы, яғни, Сираның немере інісі Алмас Ахмадиев Астана қаласында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінде генерал шенімен қызмет атқарып, зейнет демалысына шықты.

Ата жолын қуған деген осы ғой. Сираның қызынан туған жиені Әлжан   Ахматулин да ішкі істер органдарында қызмет атқарып жүр. Міне, бастауында Сира Өсіповтың өзі тұрған қоғамдық тәртіп сақтау саласында бір әулеттен қаншама жан ата жолына адал болып келеді десеңізші. Ұрпақтарымызды осылай Отанына, елі мен жеріне деген перзенттік борыштарын ұмыттырмай, аға ұрпақтың ерлігі  мен батырлығы рухында тәрбиелеуге тиіспіз. Бұл әрбір ата-ананың борышы деген ойдамын. Сөзімнің басында да, ортасында да айтқанымдай, Ұлы Отан соғысындағы ерлігі және бейбіт замандағы ерен еңбегі үшін екінші дәрежелі Отан соғысы ордені және көптеген медальдар, төсбелгілермен, соның ішінде Георгий Жуков медалімен марапатталған Сира аталарының, оның туған үш бауырының үлгі-өнегесі біздің әулеттің кейінгі жастарына да  жұғысты болып, жарқын жол сілтеп тұра берері сөзсіз. Бұған біздің Сираның зейнет демалысына полковник шенінде шыққандығын да қоссақ, Отан, ел тыныштығын қорғау ісіне жан-тәнімен берілген үлкен азаматтың жарқын бейнесі биіктей түседі. Енді тек бүгінгі ұрпақ сол соғыс жылдарындағы қасіретті көрмей, аспандары  ашық болсын!

Нағима ЖАНАЙДАРҚЫЗЫ.

Көкшетау қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар