«Дихан Плюс» серіктестігі әртараптандыруға сүйенеді

Көктемгі егіс-2025

Зеренді ауданында «Дихан Плюс» ЖШС алдыңғы қатарлы шаруашылықтардың бірі болып саналады. Биыл бұл серіктестік 24 мың гектарға жуық алқапқа егін егуді жоспарлаған. Мұнда бүгінгі таңда егіс көлемінің 65 пайызы себіліп, жұмыс жоспарға сәйкес жүргізілуде.

Жалпы аудан бойынша бүгінге дейін 103 272 гектар алқапқа дән себілген. Қардың тез еріп, егіс алқаптарының құрғауы диқандарға әдеттегіден ертерек алқапқа шығуға мүмкіндік берді. Негізгі егіс жұмыстары сәуір айының соңында басталды. Шаруашылықта ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру бағытында нақты шаралар қолға алынған. Әсіресе, майлы және бұршақ дақылдарына бөлінген жер көлемі арттырылуда. Бұл – нарықтағы тұрақты сұраныспен тікелей байланысты.

–Биыл 2500 гектарға рапс, 2607 гектарға бұршақ, 1000 гектарға зығыр және 1300 гектарға жасымық егудеміз. Бұл дақылдардан мол өнім алып, тез арада нарыққа шығаруды көздеп отырмыз. Егіс алқабының 4 мың гектары 50 пайызы қатты бидай, 6-7 мың гектардан астамы жұмсақ бидай. 600 гектарға арпа себіледі, – дейді шаруашылық басшысы Денис Швайбович.

Оның айтуынша, бұршақ тұқымдас дақылдар суыққа төзімді болғандықтан, 24 сәуірден бастап дәл осы дақылдар себіле бастаған. Алдымен жасымық, бұршақ егілсе, кейін майлы дақылдарға, яғни, күнбағыс, рапс, зығырға  кезек келген. Қазіргі таңда бұл дақылдардың бәрі толық көлемде себіліп болған.

Шаруашылық мемлекеттік қолдау тетіктерін тиімді пайдалануда. Денис Швайбовичтің айтуынша, мемлекеттік бағдарламалар аясында қажетті тыңайтқыштармен қамтамасыз етілген.

–Мемлекеттік бағдарлама арқылы әртүрлі 800 тоннадан астам тыңайтқыш алдық. Оның 50 пайызы алқапқа енгізілді. Келісім-шарттар қыс мезгілінде-ақ жасалып қойды. Мемлекет тарапынан 60 пайызы субсидияланса, қалған 40 пайызын өз қаражатымыздан төледік. Қазір тыңайтқыштың барлығы жеткізілді, – дейді ол одан әрі.

Егіс науқанына алты заманауи егіс кешені жұмылдырылған. Қазіргі таңда серіктестікте 170 адам еңбек етеді. Олардың қатарында осы шаруашылықта 2014 жылдан бері жұмыс істейтін тәжірибелі механизатор Дмитрий Стежкин де бар. Оның ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы еңбек өтілі 25 жыл. Қазір №51 егіс алқабында өндірте жұмыс істеп жүр.

– Бұл алқаптың жартысынан астамы, шамамен 400 гектары егілді. Бізде барлық алқаптар осындай. Күнде екі ауысыммен, таңғы 8.30-дан кешкі 20.30-ға дейін жұмыс істейміз. Мен күндіз жұмыс істесем, әріптесім түнгі ауысымға шығады, – дейді ол да әңгімеге араласып.

Бүгінде ауа райы егіс жұмыстарын жүргізуге қолайлы болып тұр. Рас, арасында жаңбыр жауып қояды. Ол да керек. Шаруашылық көктемгі егіске қатысты негізгі жұмыстарды мамыр айының соңына дейін аяқтауды жоспарлап отыр.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар