Көктемгі егіс – 2025
Көктем – ауыл шаруашылығы саласы үшін ең маңызды кезең. Уақыттан ұтқан Целиноград ауданында көктемгі дала жұмыстары өз мәресіне жетуде. «Родина» Агрофирмасы» ЖШС және «Ақтық» Агрофирмасы» АҚ еңбек ұжымдары өздерінде осы жауапты науқанның ойдағыдай аяқталуына байланысты құттықтаулар қабылдап жатыр.
«Родина» Агрофирмасы» ЖШС берген мәліметке сәйкес, биылғы жылы мұнда жалпы егістік алқабы 30 256 гектарды құрайды. Оның ішінде 22 665 гектарына дәнді дақылдар, 2 000 гектарға майлы дақылдар, 1 930 гектарға жүгері, 3 900 гектарға біржылдық шөптер егілді.
«Ақтық» Агрофирмасы» АҚ да көктемгі дала жұмыстарын табысты аяқтап, дәнді және бұршақты дақылдарды 22 000 гектар алқапқа септі. Біржылдық шөптер 2 500 гектар жерге орналастырылды.
Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметі бойынша, 2025 жылы Целиноград ауданында жалпы жаздық егіс көлемі шамамен 260 000 гектарды құрауы тиіс. Бүгінгі таңда дәнді және бұршақты дақылдар 140 000 гектарға жуық алқапқа егілген. Жемшөп дақылдары, картоп және көкөніс дақылдары80 пайыз егілді.
Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Омар Әбуовтың айтуынша, гектар берекесін арттыру мақсатында шаруалар шамамен 2 000 тонна минералдық тыңайтқыш енгізген. Бұл күзде мол өнім алуға берік негіз қалайды.
Ауданда ауыл шаруашылығын техникалық жаңғыртуға ерекше көңіл бөлінуде. 2024 жылдың басынан бері аудан шаруашылықтары жалпы сомасы 1,9 миллиард теңгеге 53 заманауи ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын сатып алған. Бұл егіншілік жұмыстарын сапалы әрі тиімді атқаруға зор мүмкіндік беруде.
Жылдағы дәстүрге сай, аудан ғана емес, облысымыздағы озат шаруашылықтардың бірі, тіпті бірегейі «Родина» Агрофирмасы» серіктестігінде барлығы агротехникалық шараларды толық сақтай әрі үйлесімді атқара отырып, табыс биігінен көріну мұндай жауапты науқандарда қалыпты жағдай. Биыл бұл жағынан «Ақтық» Агрофирмасы» акционерлік қоғамы да ширақ қимыл танытып, жауапты науқанды дер мезгілінде, сапалы атқаруымен көзге түсіп отыр. Демек, бұл екі шаруашылықта да алтын күзде жер-ана ырыс-берекеден тартынып қалмасы анық. Жалпы, көктемгі егіс науқанының осылай уақытында аяқталуы – болашақ мол өнімнің берік негізі. Целиноградтық аграршылар үйлесімді еңбектің, заманауи агротехнологияның және мемлекеттік қолдаудың арқасында болашақ ырыздыққа сеніммен қарап, өңірдің азық-түлік қауіпсіздігіне лайықты өз үлестерін қоспақшы.
Ақмола облысы әкімінің баспасөз қызметі.