Еңбек адамы – ел мақтанышы

2025 жыл Қазақстанда «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияланып, еңбек адамының мәртебесін көтеруге ерекше көңіл бөлініп отыр. Бұл қоғамдағы еңбек адамына деген көзқарасты өзгертуге бағытталған маңызды қадам.

«Жастарымыз үш нәрсенің айрықша маңызды екенін түсінуі керек. Бұл – терең білім, еңбекқорлық және отаншылдық қасиет. Біз құрып жатқан әділетті қоғамда еңбек адамы ең бірінші орында тұруы керек деген ұғымды жастарымызға түсіндіру қажет. Себебі, отаншылдық дегеніміз, ең алдымен, іскерлік, еңбекқорлық. Құр сөзден ештеңе шықпайды.  Азаматтарымыз алдымен отбасын асырап, балаларына қамқор болуы керек. Оларға адал еңбегімен, алғырлығымен нәпақасын тауып беруі қажет» деген болатын Қазақстан Республикасы Президенті Қ.К.Тоқаев.

Әр саланың маманы, әрбір еңбек адамы – қоғамның нағыз тірегі. Нағыз экономиканың іргетасы – зауыттарда, өндірісте, ауыл шаруашылығында, құрылыста еңбек етіп жүрген азаматтар. Қоғамдағы стереотиптерді жойып,  жұмысшы мамандықтарының беделін көтеру – барлығымыздың ортақ міндетіміз.

Қалалық ақпараттық кітапхана жүйесіне қарасты біздің кітапхананың ұйытқы болуымен жастарға қоғамдағы еңбек адамдарының қызметін дәріптеп, оларды еңбек адамдарын құрметтеуге, еңбексүйгіштікке баулуға бағытталған «Еңбек адамы – ел мақтанышы» тақырыбындағы шара жұмысшы мамандықтары жылы аясында өткізілді. Шараға түрлі салада еңбек етіп жүрген кәсіби мамандар, кітапханашылар, Көкшетау азаматтық қорғаныс жоғары көпсалалы колледжінің студенттері  қатысты. Студенттер  кітап көрмесімен танысып, түрлі мамандық иелерімен сұхбаттасты.

Кездесуге 43 жыл еңбек өтілі бар «Новопэк»  жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тігіншілер цехының бөлімінің ауысым шебері Гүлбаршын Мұқанова, «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ филиалы магистральдық желісі Ақмола бөлімшесінің 25 жыл еңбек өтілі бар жөл жөндеушісі Өмірбай Бейсенов, «Салтанат сарайының» 20 жыл еңбек өтілі бар жылу технигі Қанат Сегізбаев қатысты.

Кітапхана қонақтары  жастарға адал, сүйіспеншілікпен еңбек етудің маңыздылығы,  ерен еңбекті қажет ететін еңбек адамының қиын да қызықты қызметі жайында әңгімелеп, өз еңбек жолдарына тоқталды. Сұхбат барысында:

–Істеген жұмысыңды шын ниетпен, беріліп істеу, мақсат пен міндет қойып, діттеген нәтижеге қол жеткізуді көздеу өте маңызды. Мамандығын игерген әр маман материалдық құндылықтарды өз қолдарымен жасап,  қоғамға нақты пайда әкелетінін есте ұстағандары жөн, – деді Өмірбай Рахметоллаұлы. Гүлбаршын Смағұлқызы мен Қанат Нақытұлы еңбек жолдарындағы жинаған тәжірибелерімен бөлісіп, мол пайдалы мағлұматтар берді. Жастарға еңбекқор, адал азамат болуға ұмытылыңдар деген ақыл-кеңестерін айтты.

Кітапханашылар студенттерді қарапайым жұмыскерлердің ерен еңбегін бағалап, оларға құрметпен қарауға шақырды. Барлық жетістіктің бастауы адал еңбек пен іскерлікте екенін ұғындырды.  Азаматтық қорғаныс жоғары көпсалалы колледжінің студенттері өз кәсібіне деген құрмет пен адалдықты ұстанған мамандық иелері жұмысының астарында үлкен еңбек жатқандығын байқады. Көкейдегі сұрақтарына тұшымды жауаптар алып, алғыстарын білдірді.

Бақытжан АЙДОСОВА,
 «Салтанат» сарайы жанындағы Көкшетау қалалық
 үлгілі кітапханасының меңгерушісі.  

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар