Халықаралық конференция
Жуырда Бурабай курорттық аймағында «Қазақстан туризмі: жай-күйі және перспективалары» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Іс-шара Қазақстан Республикасының туризм саласының еңбек сіңірген қызметкері, құрметті профессор Шынарбек Бүркітбайұлы Батырхановтың мерейтойына арналды. Конференция жұмысына 150-ден астам адам қатысты.
Олардың қатарында академиктер, ғылым докторлары, мемлекеттік органдардың, туристік индустрия мен іскерлік қауымдастықтың өкілдері болды. Қонақтардың ішінде Е.С.Никитинский, О.Б.Мазбаев, В.Н.Вуколов, Х.Ж.Байшағыров, А.Т.Хұсайынов, сондай-ақ, Мәскеуден арнайы келген Халықаралық Ресей туризм және өлкетану академиясының президенті де бар.
Қатысушыларға арнап Ақмола облысы әкімінің орынбасары Ернар Жаркешов, Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің және «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының өкілі Даниэль Сержанұлы, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік палатасы Орталық аппаратының өкілі Д.Б.Құнанова құттықтау сөз сөйледі. Олар мерейтой иесін құттықтап, ресми құттықтау хаттарын табыс етті.
–Туризм – экономиканың өсім нүктелерінің бірі. Бұл – тек инвестиция ғана емес, сонымен қатар, жаңа жұмыс орындары, инфрақұрылым және елдің имиджі. Шынарбек Бүркітбайұлының саланың дамуына, кәсіби кадрлар даярлауға және өңірлік туризмді ілгерілетуге қосқан үлесін жоғары бағалаймыз, – деді өз сөзінде Ақмола облысы әкімінің орынбасары Ернар Жаркешов.
Пленарлық отырыс пен сессиялар барысында қатысушылар туристік саланы дамытудың өзекті мәселелерін, Мемлекет басшысы берген тапсырмалардың орындалуын, тұрақты туризм, экологиялық бастамалар, Каспий теңізіндегі круиздер, балалар демалысы, цифрлық шешімдер мен туризм саласындағы жаңа басқару тәсілдерін талқылады.
Конференцияға Түркия, Польша, Болгария және Біріккен Араб Әмірлігінен шетелдік қатысушылар онлайн режимде қосылды. Олар да мерейтой иесін құттықтап, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға қатысты өз ойларын ортаға салды.
Шынарбек Бүркітбайұлы Батырханов «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Мәслихаттарға 30 жыл» мерейтойлық медалімен, Ш.Уәлиханов атындағы университеттің естелік медалімен марапатталды. Сондай-ақ, оған Халықаралық Ресей туризм және өлкетану академиясының Құрметті академигі дипломы табысталды. Дипломды академияның өкілі Д.В. Смирнов салтанатты түрде тапсырды.
Сондай-ақ, конференция барысында мерейтой иесінің кәсіби қызмет жолына арналған фотокөрме ұйымдастырылды. Астана, Алматы, Атырау, Ақтөбе, Шымкент, Талдықорған және басқа да өңірлерден келген әріптестері мен достары тарапынан да құттықтау лебіздер айтылды.
Конференция аясында Ш.Б.Батырхановтың «Туризм – немесе ерекше салаға арналған өмір» атты автобиографиялық кітабының тұсаукесері өтті. Кітаптың әр данасы автордың қолтаңбасымен қатысушыларға тарту етілді.
Осылайша конференция туризм саласын дамытудың маңызды алаңына айналып, бұл өзінің бар саналы ғұмырын арнап келе жатқан абзал азаматтың ақадал еңбегіне көрсетілген шынайы құрметтің айқын көрінісі болды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
![]()

