Балғындар дем алсын, күш-қуат жинасын

1 МАУСЫМ – ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАЛАЛАРДЫ ҚОРҒАУ КҮНІ

Міне, әне-міне дегенше бал жүзді балғындар мерекесі де келіп қалды. Осы күні балаларға қамқорлық туралы айту өте маңызды.  

Ақмола облысында 2025 жылғы жазғы жұмыстары каникул кезеңінде оқушылардың демалысын, сауықтырылуын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру бойынша дайындық ақпан айынан бастап жүргізілуде. Өңірде жаз бойы осы шаралармен барлығы 134 мыңнан астам бала қамтылады деп жоспарлануда.

Осы мақсатта облыс әкімдігі жанынан мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың қатысуымен өңірлік штаб құрылып, 2024-2026 жылдарға арналған жазғы демалысты ұйымдастырудың тиісті жоспары іске асырылуда. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментімен бірлескен жоспарлар әзірленіп, екі жақты келісім жасалып, демалысты сапалы ұйымдастыруға көңіл бөлінуде. Аудан және қала деңгейінде ведомствоаралық топтар құрылғанын атап өткен жөн. Жаз бойы барлық лагерьлерді аралап, ведомствоаралық комиссия жұмыс істейтін болады. 2025 жылғы жазғы кезеңде балаларды демалыспен қамту 93 пайызды, яғни, жұмыспен қамту 100 пайызды, яғни, баланы құрайды. Бұл тиісінше 124 539 және 134 008 бала деген сөз.

Балалардың жазғы демалысы мен жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру үшін «Всеобуч» қоры бюджетінен әлеуметтік осал санаттағы балаларға жолдамалар сатып алуға барлығы 121,5 миллион теңге бөлінді. Салалық кәсіподақтар тарапынан 10,8 миллион теңге қарастырылып отыр. Бұл іске ата-аналар да қол ұшын созып, бірлесе жұмыс істеуде белсенділік танытуда. Олардың есебінен 93,1 миллион теңгеге 840 балаға жолдамалар сатып алынады, ал жақын және алыс шетелдерде шамамен 1265 баланың демалысы мен сауықтырылуы үшін 380 миллион теңге жұмсалмақ.

Өңірде жазғы кезеңде 16 лагерь жұмыс істейді, олардың 9-ы мемлекеттік, 7-еуі жекеменшік болып саналады.  Алдын ала мәлімет бойынша, қала сыртындағы лагерьлерде 15 500 бала демалады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 1 мың балаға көп. Биылғы жылы облыс аумағына өзге өңірлерден 3200-ге жуық бала келіп, демалады деп күтілуде.

Әр лагерьде 5-7 ауысым жоспарланған, бір ауысымның ұзақтығы 10 күнді құрайды. Мемлекеттік лагерьлерге жолдама құны 40-120 мың теңге, жекеменшік лагерьлерге 100-140 мың теңге аралығында. Қазіргі уақытта лагерьлерде 4 542 педагог жұмыс істеуде, жалпы, жазғы маусымдағы балалар демалысы мен сауықтырылуын ұйымдастыруда педагогтар тапшылығы жоқ.

Ағымдағы жылдың 20 мамырына дейін қала сыртындағы лагерьлердің барлық қызметкерлері Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті арқылы соттылығына тексерістен өтті. Әрбір лагерьдің ашылуына санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды алу туралы ақпарат білім басқармасының аккаунттарында бірден орналастырылуда.

1 маусымнан бастап «Жас Даурен», «Парус», «Звездный» лагерьлері ашылады деп жоспарланып отыр. Қалған 12 лагерь 15 маусымға дейін ашылады. Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасы аясында 2023 жылы Сандықтау ауданында жыл бойы жұмыс істейтін «Жас дәурен» лагері ашылды, онда жазда әлеуметтік осал санаттағы 700 бала демалады.

Жыл басында Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданында орналасқан «Сокол» балалар демалыс орталығы қалпына келтіріп, іске қосылды. Екі қабатты корпустардан тұратын аталмыш лагерь Айыртау көлінің жағалауында, қарағайлы орманда орналасқан. Өзінің жеке шомылуға арналған жағажайы бар.

Бұған дейін «Жұлдыз» және «Сұңқар» мемлекеттік лагерьлеріне күрделі жөндеу жүргізілді. 2024 жылғы су тасқынынан кейін «Ишим» лагері де қалпына келтіріліп, оны жөндеуге 53 миллион теңге жұмсалды.

Балалар демаласын қосымша қамту мақсатында мектеп жанынан барлығы 208 күндізгі лагерь жұмыс істейді. Онда 1-7 сыныптардан барлығы  36 400 бала демалыспен қамтылады. Ал, 5-9 сынып оқушылары үшін тамақсыз 350 бейіндік алаң жұмыс істейді. Ол жерде тілдік, дебаттық, көшбасшылық, әскери-патриоттық, тарихи, өлкетану және тағы басқа да тақырыптар қамтылған түрлі шаралар ұйымдастырылатын болады.  

17 маусымнан бастап климаттық жағдайларға байланысты шығынсыз түрдегі палаткалық және киіз үй лагерьлері ұйымдастырылады. Мұндай демалыспен шамамен 4600-ге жуық бала қамтылады. Бағдарлама бойынша оқушылармен туризм, жергілікті жер картографиясы, жорықтар сияқты қызықты тақырыптарға негізделген сабақтар өткізіледі.

Облыс орталығы Көкшетау қаласының саябағында 250 балаға арналған стационарлық киіз үй лагері ұйымдастырылады. Балалар арнайы көлікпен жеткізіліп, тамақтандырылады. Сандықтау ауданындағы «Жалынды болашақ» палаткалық лагері 6-9 сыныптың 80 оқушысын қамтымақшы. Бағдарлама туризм және өлкетану негіздеріне бағытталған.

Барлық демалыс, сауықтыру және жұмыспен қамту шараларымен 19 940 ерекше санаттағы бала қамтылады. Олардың 250-ге жуығы қолайсыз отбасылардан және ювеналды полиция есебінде тұрғандар болып саналады. Олардың барлығы «Звездный» және «Сокол» лагерьлерінде тегін демалады. Сонымен қатар, 1 520-ға жуық жетім және мемлекет қамқорлығындағы, сондай-ақ, аз қамтылған отбасылардың балалары облыстық бюджет есебінен «Рассвет», «Парус», «Чайка», «Ишим», «Жұлдыз», «Юность» және «Жас дәурен» лагерьлерінде демалатын болады. Сонымен қатар, жазғы кезеңде облыстың 268 оқушысы «Балдәурен» республикалық орталығының филиалдарына барады.

Қазіргі уақытта Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп, «Қазақстан халқына» қорының қаражатынан ауыл мектептерінің 5-8 сыныптарының 350 оқушысы үшін тегін демалыс шараларын ұйымдастыру туралы мәселе пысықталып жатыр. Ал, қалған балалар мектеп жанындағы лагерьлерге, экскурсияларға, үйірмелер мен секцияларға қатысады.

Жазғы кезеңде балаларды жұмыспен қамту да ведомствоның негізгі бағыттарының бірі. Облыс бойынша 14-16 жастағы 24 420 оқушы еңбекке тартылады. Осы кезеңде Көкшетау қаласының 14 жастан асқан 288 оқушысы «Жасыл ел» жобасына қатыстырылады. Жазғы демалыс кезеңінде 58 600 бала шығармашылықпен айналысып, 26 450 бала туристік шараларға қатысады. 35 150 бала зияткерлік және спорттық бағыттағы шараларға тартылады деп жоспарлануда.

Міне, біздің ақмолалық жеткіншектеріміз де шын мәнісінде балалық шақтың бақыты мен шаттығын сезінулері үшін жауапкершілік жүгін жете түсіне отырып, осындай істерге барудамыз. Өйткені, қашанда балалар біздің болашағымыз. Олардың алаңсыз өмір сүруі, жүздеріне кірбің түспеуі үшін әлі де болса, қолдан келгеннің бәрін жасауымыз керек.

Ботагөз ДҮЙСЕНОВА,
Ақмола облысы білім басқармасы басшысының орынбасары.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар