Аудандық мәдениет үйінде Ұлы Жеңістің 80 жылдығы мен ауданымыздың 70 жылдығына орай, «Ұлы Жеңіс үшін рақмет саған, ардагер!» атты ардагерлер ұйымдарының халық шығармашылығы байқауының гала-концерті ұйымдастырылды.
Айта кетерлігі байқау екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде қазылар алқасы ауылдарды аралап, өнерлі топтар мен ансамбльдерді іріктеді. Төрт күнге созылған өнерпаздар байқауында шын мәнінде күміс көмей әншілер таңдап алынды.
Жеңіс күні – барша адамзат үшін бейбітшілік пен ерліктің, қаһармандық пен қайсарлықтың символы. Бұл күн біздің ата-бабаларымыздың, ел үшін жанын пида еткен барлық жауынгерлердің өшпес ерліктерін еске алу күні.
Ұлы Жеңіс тек бір ұлттың ғана емес, барлық халықтың жеңісі. Ол бізге бейбітшілік, тыныштық сыйлады. Бірақ, бұл жеңіс жеңіл жолмен келген жоқ. Қан майданда сол зұлым жауға қарсы күрескен, қан төккен, жарақат алған әрбір адам осы күннің қадірін біліп, бізге бейбіт өмірді аманат етіп қалдырды.
Бұл кеште біз тек өнердің күшін ғана емес, ерлік пен патриотизмнің шынайы көрінісін көрдік. Әрбір ән мен би бізге ата-бабаларымыздың ерлігін еске түсіріп, болашаққа деген үміт пен сенімді нығайтты.
Аудан әкімінің орынбасары Арай Әбенова осы шарада сөз сөйлеп, барша қатысушылар мен ұйымдастырушыларға аудан әкімі Ербол Жүсіпбеков пен өз атынан алғысын білдірді.
Львовтық «Вдохновение» вокал тобы, пятигорлық «Вдохновение» вокал тобы, Уәлихан ауылынан Дәулетбек Әмірғазин, Пятигор ауылынан Валентина Семкина, Тасты-Талды ауылынан Татьяна Ким, Державинск қаласынан Надежда Каковихина мен Анна Сидорова халық шығармашылығы байқауында жоғары өнер көрсетіп, лауреат атанды. Сондай-ақ, өнер ұжымдары арасында ерекше көзге түскен Костычев ауылы үшінші, Гастелло ауылы екінші, Нақым ауылы бірінші орынға ие болды. Ал, Тассуат ауылы бас жүлдені жеңіп алды.
Осылайша рухани мазмұнға толы, жүректерге отаншылдық рух сыйлаған «Ұлы Жеңіс үшін рахмет саған, ардагер!» атты халық шығармашылығы байқауы елге деген сүйіспеншіліктің, ардагерлерге деген тағзымның айқын көрінісі болды.
Бұл істе осынау игілікті іс-шараны ұйымдастыруға ұйытқы болып, ардагерлеріміздің ерлік жолын жас ұрпаққа насихаттауға үлес қосып жүрген аудандық ардагерлер кеңесінің еңбегі зор.
Шарада өнегелі ісімен ел құрметіне бөленіп жүрген аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ұлболсын Асқарқызы сөз сөйлеп, соғыс жылдары ерлік көрсетіп, туған жерге аман-есен оралып, ұрпақ өрбітіп, ауданымыздың дамуына ерекше үлес қосқан аталарымызды еске алып, олардың ұрпақтарына алғысын білдірді.
Оразхан ЗЕЙНОЛЛА
«Жарқайың тынысы» газетінің редакторы.