Көк Туым желбіре, Елтаңбам жарқырап, Әнұраным асқақта!

Менің елім!

Көкшетауда Ту Тұғыры монументі алаңында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік рәміздер күніне арналған салтанатты шара өтті. «Менің Туым» патриоттық акциясына Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, Елтаңба авторларының бірі, қоғам қайраткері Жандарбек Мәлібеков және ардагерлер, қоғам белсенділері мен әскерилер, студенттер, барлығы 500-ге жуық адам қатысты.

1992 жылы 4 маусымда Қазақстан Республикасы өзінің Мемлекеттік рәміздерін қабылдады. Сол сәттен бастап, дәл осы күні елімізде Мемлекеттік рәміздер күні аталып өтіле бастады. Республика көлемінде ұйымдастырылып жатқан мемлекеттігіміздің даңқын асырып, патриоттық рухымызды асқақта түсетін бүгінгі  патриоттық акцияға ақмолалықтар да қызу ат салысты. Ту тұғыры монументіне көтерілетін баспалдақ жолы мен оның ең жоғары нүктесіне дейін еліміздің Мемлекеттік Туы орналастырылып, «Орда» этноансамблінің рухты музыкасы ойнап тұрды.

Патриоттық акция барысында Ту ұстап тұру міндетін Мәлік Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғаныс академиясының курсанттары мен Көкшетау колледжінің әскери патриоттық клубының мүшелері атқарып тұрды.

Жиын басында Мемлекеттік Әнұран шырқалып, алғашқы сөз кезегі облыс әкімі Марат Ахметжановқа берілді. Өңір басшысы айтулы мерекенің мән-маңызына тоқтала келіп, бірқатар ақмолалықтардың жеткен жетістіктері мен олардың елеулі еңбектерін атап өтті.

Мемлекеттік рәміздердің мән-маңызын жерлестеріміздің халықаралық деңгейде жеткен жетістіктері айқындай түседі. 2025 жылы өңір спортшылары Қысқы Азия ойындарында 11 медаль иеленіп, Хан Яна мен Арина Крюкова шорт-трек пен биатлон бойынша халықаралық жарыстардың жүлдегерлері атанды,  деді Марат Ахметжанов.

Содан соң облыс әкімі бүгінде тарихи тұлғаға айналып үлгерген Жандарбек Мәлібековтің қасиетті Көкше топырағына  келіп,  салтанатты шараға арнайы қатысқанына алғысын жеткізді.  

 – Сізді бүгін еліміздің жүрегі саналатын Көк байрағымыз биікте желбіреген Ақмола өңірінде қарсы алу біз үшін үлкен мәртебе. Мемлекеттік рәміздер мерекесіне қатысуыңыз да өз алдына тағы бір ерекше маңызды оқиға, – деді Марат Мұратұлы өз сөзінде.

Расында да, Мемлекеттік Елтаңбаның авторы Жандарбек Мәлібеков осы мерекелік жиынның құрметті қонағы ретінде салтанатты шараға ерекше әр берді. Ол өз сөзінде Көкше топырағын басып, ежелден ән мен жырдың бесігіне айналған өңір жұртшылығымен кездесіп отырғанына шын қуанатынын, әрі өзін бақытты санайтынын жеткізді.

Біз 1992 жылы осы Елтаңбамызды жасағанда халқымыздың бес мың жылдық тарихын ескеріп, көшпелі халқымыздың бар құндылықтарын айшықтауға тырыстық. Бүгінде біз жасаған Елтаңба отыз жыл өтсе де, өзінің маңызын жоғалтпай, қайта арттырып келе жатыр. Себебі, ондағы әрбір қолданылған элемент біздің еліміздің біртұтастығын, бірлігі мен ынтымағын айқындай түседі деп ойлаймын. Жастар Мемлекеттік Елтаңбаның маңызын терең түсінуі қажет. Онда Ұлы даламыздың қасиеті мен халқымыздың даналығы бейнеленген. Бабалар армандаған азаттық жолындағы, тарих алдындағы ортақ парызымыз біздің ауызбіршілігіміз екендігі сөзсіз. Ал, бүгінгі жетістіктер үлкендермен бірге, жас ұрпақтың да арқасы. Сондықтан, жастар аман болсын! деді Жандарбек Мәлібеков.

Шара аясында білім, шығармашылық және спорт салаларында, қоғамдық жұмыста көзге түсіп жүрген бірқатар азаматтарға облыс әкімінің Алғыс хаттары мен арнайы сый-сияпаттары табысталды.

Мереке Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің оқытушылары мен студенттерінің Жандарбек Мәлібековпен кездесуіне ұласты. Ашық форматта өткен кездесуде Мемлекеттік рәміздердің азаматтықты, патриотизмді және ұлттық рухты қалыптастырудағы рөлі талқыланды.

Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Нұрболат Бектұрғанов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар