Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқандардың есімдері аңызға айналып, тарихта өшпес із қалдырды. Сонымен қатар, осы жылнамада «батыр» деп жазылды. Тылда да әр отбасы Жеңіс күнін жақындатуға аянбай өз үлесін қосты.
Адамзат тарихында ауқымы, адам шығыны және басқа да өлшемдермен алып қарағанда, Екінші дүниежүзілік соғыстан асатын алапат соғыс жоқ шығар. Көкшетау қаласының іргесіндегі Застанционный үлгілі кітапханасы Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Жауынгер тағдыры» атты кеш өткізді. Ондағы мақсатымыз оқырмандарды адамгершілікке, Отанын сүюге баулу, тәуелсіз елімізге деген сүйіспеншілігін арттыру болып табылады.
Кеште Застанционный шағын ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы Әбілғазы Рақымжанов жиналғандарды Ұлы Жеңіс мерекесімен құттықтап, ерлерімізді үлгі тұтуға, ерлікті қастерлеуге шақырды. Кітапхана оқырмандары, №14 жалпы білім беретін орта мектептің оқушылары Мұхамед-Әли Молғаждар, Мирас Нұрланов, Дінмұхамед Мұрат, Айару Өміржан, Ажар Байтоқина, Әрсен Қожахмет белгілі ақындардың азаматтық, отансүйгіштік рухтағы өлеңдерін оқыды.
Адамзат тарихындағы осынау ұлы Жеңіске жетуде біздің жерлестеріміздің де үлесі зор. Олар ел басына күн туып, ер етігімен су кешкен қасіретті шақта Отанымыздың бостандығы мен тәуелсіздігі үлін кеуделерін от пен оққа төседі.
Кітапхана оқырманы Күлмайра Жүсіпбекова Ұлы Отан соғысының ардагері, әкесі Балтақожа Көбетаев туралы әңгімелеп берді. Балтақожа аға 1941 жылы әскер қатарына алынып, майданға аттанды. Зұлым жаумен шайқаста көрсеткен ерлігі үшін бірнеше медальдармен марапатталған. Соғыстан 1947 жылы аман-есен елге оралып, Алматыға милицияның оқуына жіберіледі. Ол оқуды бітіріп келгеннен кейін 1985 жылға дейін ішкі істер органдарында жемісті қызмет атқарып, майор шенімен зейнеткерлікке шықты.
Жолдасы Мәриям екеуі бес ұл, бес қыз тәрбиелеп, немере-шөберелер сүйді. Балтақожа аға Алланың берген 89 жасында дүниеден озды. Бейбіт өмірде жаны қалаған қызметте істеп жүргенінде, дүкенге ұрлыққа түскендерді ұстаймын деп, екі жақ атысып, «Трех цветный фонарь» атты кітапта ерлігі жазылды. Осындай батылдығы үшін «Милицияның үздігі» деген атақты иеленді. Бұл күнде ұл-қыздары, немере-шөберелері әкелері мен аталарының өнегелі жолын лайықты жалғастыруда. Ұрпақтарының әрқайсысы әр саланың майталман мамандары.
Іс-шара барысында оқырмандар Ұлы Жеңістің 80 жылдығына қатысты бұдан басқа да тартымды оқиғалар мен дерек-дәйектер туралы естіп-біліп, соғыс жылдарында қаза тапқан, хабарсыз ктекен жауынгерлердің тағдырлары туралы бейнероликтерді көруге мүмкіндік алды. «Ер есімі – ел есінде» деп жақсы айтылған. Бізге жарқын болашақ, бақытты ғұмыр сыйлаған ардагер ата-аналарымыздың ерліктері ешқашан ұмытылмайды.
Жүйрік уақытта тоқтау жоқ. Ұлы Жеңістің 80 жылдық мерекесі де кең ауқымда аталып өтті. Енді 85 және 90 жылдығын тағатсыздана тосатын боламыз. Өйткені, ерлік әрқашан өзіне шақырып тұрады. Әкелеріміз бен аталарымыз қасық қаны қалғанша күресіп алып берген осы бақытты күннің қадіріне жете білу де баршамызға үлкен бір сын. Кешегі аға ұрпақ ерлігінің жемісін қазіргі ұрпақтары тәуелсіз елімізде кеңінен көріп отыр. Алаңсыз күлкіміз, тыныш ұйқымыз соның дәлелі.
Біздің кітапхана ұжымы да сол бір ұмытылмас ерлер рухына тағзым етіп, осындай бір мағыналы кеш өткізгеніне қуанышты. Ұрпаққа ұран – ұлы ерлікті насихаттай беру, Ұлы Жеңіс қаһармандарына тағзым ете түсу әлі де жалғасын молынан табады деген ойдамыз.
Қарлығайын Нұрхадырқызы,
Көкшетау қалалық Застанционный үлгілі кітапханасының меңгерушісі.