Мемлекеттік қызмет
Мемлекет пен қоғамның тұрақтылығы мен өркендеуі көбіне құқықтық тәртіп пен заң үстемдігіне байланысты. «Заң бар жерде тәртіп бар» деген халық даналығының түп төркіні де осыған саяды. Қазақстан Республикасы өз тәуелсіздігін жариялаған сәттен бастап құқықтық мемлекет құруды басты мақсаттарының бірі ретінде айқындады. Бұл бағыттағы негізгі міндеттердің бірі – мемлекеттік қызметтегі заңдылық пен тәртіпті қамтамасыз ету.
Мемлекеттік қызметші – халық пен мемлекеттің арасындағы көпір іспеттес. Ол тек тапсырылған міндеттерді орындаушы ғана емес, сонымен қатар, қоғамдық мораль мен заңдылықтың үлгісі болуы тиіс. Сондықтан, мемлекеттік қызметшілердің әдебі, заңға бағыныштылығы мен адалдығы – елдегі заң үстемдігін қамтамасыз етудің басты кепілі.
Бүгінгі таңда елімізде мемлекеттік қызметті реформалау, кәсібилендіру және ашықтық қағидаттарын енгізу бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Бұл бір жағынан мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттырса, екінші жағынан қоғам тарапынан сенімнің артуына себеп болуда. Алайда, бұл үдерістің табысты жүзеге асуы мемлекеттік қызметшілердің жоғары заң мәдениеті мен ішкі тәртіпке деген жауапкершілігіне тікелей байланысты.
Мемлекеттік қызмет саласында кездесетін ең өзекті мәселелердің бірі – сыбайлас жемқорлық. Бұл құбылыс тек экономикалық зиян келтіріп қана қоймай, сонымен қатар, халықтың билікке деген сеніміне селкеу түсіреді. Сол себепті, Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі тарапынан тұрақты түрде осының алдын алу, болдырмау және қоғамдық бақылауды кеңейту шаралары іске асырылуда.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру тек жазалаумен шектелмеуі тиіс. Ол үшін кешенді алдын алу шаралары, тәрбие жұмыстары мен азаматтық қоғам институттарымен тығыз байланыс қажет. Мемлекеттік қызметші өз қызметінде заңдылықты басшылыққа ала отырып, парасаттылық пен әділдікті бірінші орынға қоюы тиіс. Бұл бағытта үгіт-насихат, оқыту, семинарлар мен дөңгелек үстелдер өткізу – тиімді құралдар қатарында.
Сонымен қатар, мемлекеттік аппаратта ішкі бақылау мен қызметтік тәртіпті сақтау – сапалы жұмыстың негізгі шарты. Әрбір мемлекеттік қызметші өзіне жүктелген міндетті жауапкершілікпен атқарып, әрбір іс-әрекетін заң аясында жүргізуі қажет. Жұмыс барысында жіберілген қателік тек жеке қызметкердің емес, тұтас мемлекеттік органның беделіне нұқсан келтіруі мүмкін.
Заң мен тәртіптің орнығуына әсер ететін тағы бір маңызды фактор – цифрландыру. Электрондық үкімет, цифрлық құжат айналымы және мемлекеттік қызметтерді онлайн форматта ұсыну – бұл тек азаматтарға қолайлы жағдай туғызып қана қоймай, сонымен қатар, адами факторды азайтып, жемқорлық тәуекелдерін төмендетеді. Мемлекеттік қызметшілер бұл үдерістерге белсенді араласып, жаңа технологияларды меңгеруге ұмтылуы тиіс.
Құқықтық сауаттылықты арттыру – мемлекеттік қызметтегі заң мен тәртіпті қамтамасыз етудің тағы бір маңызды тетігі. Қызметкерлер өз құқықтары мен міндеттерін жете түсініп, нормативтік-құқықтық актілерді дұрыс қолдана білуі қажет. Бұл құқық бұзушылықтардың алдын алуға және кәсіби біліктілікті арттыруға септігін тигізеді.
Қорытындылай келе, заң мен тәртіп жай ғана талап немесе шектеу емес, бұл әділеттілік пен тұрақтылықтың кепілі. Әрбір мемлекеттік қызметші бұл қағидаттарды күнделікті жұмысының негізі ретінде қабылдауы тиіс. Себебі, тәртіпті мемлекеттік қызметші – сенімді мемлекет кепілі. Қоғам мен билік арасындағы сенімді нығайту, әділ және тиімді мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастыру баршамыздың ортақ міндетіміз.
Гүлназ Тұйғынова,
Ақмола облысы бойынша экология департаментінің
бас маманы — мемлекеттік экологиялық инспекторы.